19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күн – құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғау және су-құтқару қызметтері қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгін азаматтық қорғау органдарына 30 жыл толды.
Тарихқа сүйенсек, 1995 жылы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті – елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілеттік берілген орталық атқарушы орган ретінде құрылды. Уақыт өте келе құрылым жетілдіріліп, 2020 жылы ол дербес ведомство Төтенше жағдайлар министрлігі болып құрылды.
Бұл күн – тек құрмет көрсету ғана емес, құтқарушылар күн сайын өз мойнына алатын қауіп туралы қоғамға ескерту. Олардың қызметі көбіне шұғыл әрекет пен батылдықты талап ететін төтенше жағдайларда өтеді. Құтқарушы күнін атап өту – өртпен, су тасқынымен, апаттармен және басқа да төтенше жағдайлармен күрестің алдыңғы шебінде тұрған жандарға қоғам атынан алғыс білдіру мүмкіндігі.
Арамыздағы қаһармандар – өз өмірін өзгелерді құтқаруға арнап, қызметін жанқиярлықпен атқаратын жандар. Олардың еңбегі – адалдық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Құтқарушылар әр күн сайын қызметке шығып, өз әрекеттеріне адам өмірі тәуелді екенін жақсы түсінеді. Төтенше жағдайларда жұмыс істеу олардан батылдықты, шыдамдылықты және кәсібилікті талап етеді.
Табиғи апаттар, техногендік авариялар және басқа да қиын жағдайлар кезінде құтқарушылар адамдардың қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, бірінші болып көмекке келеді. Олардың күнделікті еңбегі – терең құрметке лайық нағыз ерлік.
Бүгінде ТЖМ – бұл әр түрлі бейіндегі мамандарды – өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды, сүңгуірлерді, кинологтарды, инспекторларды, дәрігерлер мен ұшқыштарды біріктіретін заманауи төтенше жағдайларға ден қою және алдын алу жүйесі. Азаматтық қорғау органдарында 30 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарады.