Қарағанды әкімі шахтадағы апаттан қайтыс болған кеншілердің отбасыларына барды
Әр отбасы көтерген мәселелер жекелей шешіледі
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко шахтасындағы апаттан қайтыс болған кеншілердің туыстары мен жақындарына барып, көңіл айтты. Бұл туралы өңір басшысы Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімдігінің отбасыларға материалдық қолдау мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға көмек көрсететінін атап өтті.
«Бүгінгі күнді қайтыс болған кеншілердің туыстары мен жақындарына барудан бастадым. Оларға көңіл айтып, қолдау білдірдім. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі отбасыларға материалдық қолдау мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және өзге де қажетті көмек көрсету шараларын іске асыру үшін жедел тәртіпте жұмыс жасауда. Әр отбасы көтерген мәселелер жекелей шешіледі. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Сіздерді қабылданған шаралар туралы хабардар етіп отырамын», - деп жазды әкім.