Көпен – күлкі королі немесе әпенділер әулеті (әзіл-шыны аралас)
Көпен Әмірбекұлы – көзі тірі кезінде өз елі мен оқырмандарының сый-құрметіне бөленген қаламгер. Көпен – күлкі королі! Қазақ сатирасының сардары.
1988 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне оқуға түстім. Алғашқы курс оқып жүрген кезімде Гоголь көшесіндегі 12 қабатты ғимаратта орналасқан «Ара» журналына бардым.
Сол кезде Көпекең осы журналдың жауапты хатшысы болып істейді екен. Таныстық. Жөн сұрастық. Түркістандық екенімді біліп, «Қоңыратсың ба?», – деді. «Жоқ, Қарашамын», – дедім. «Қоңыратсың ғой», – деп бір-ақ кесті. «Менің қоңырат екенімді қайдан біледі? Әулие екен ғой» деп қойдым іштей. Сөйтсем, қараша сол қоңыраттың ішіндегі ру екен ғой. Ол кезде ру, жүз дегенді білмеуші едік. Содан шағын сатиралық туындыларымды тастап кеттім. Көп ұзамай жарық көрді. Тағы алып бардым, тағы шықты. Сөйтіп жүріп, Үмбетбай Уайдин, Толымбек Әлімбек ағаларыммен таныстым. Олар да осы журналда қызмет істейді екен. Бұдан кейін туындыларымды Толымбек ағама да тастап кетіп жүрдім. Сөйтіп, «Ара» журналындағы барлық сатира серкелерімен етене араласып кеттік. Бір күні біздің оқу корпусымызға Көпекең келіп, сенбі күні саяжайда жұмыс істеуге асарға шақырып кетті. «Қасыңа достарыңды ертіп ал» деді. Жазған құлда жан бар ма? Келіскен күні жаныма Бауыржан Ғұбайдуллин, Мұхтар Атабек, Бақытжан Советский, тағы басқа курстастарымды ертіп бардым. Кешке дейін бау-бақшада жұмыс істедік. Түскі асты уақытынан бір минут та кешікпей ішіп, тойып алдық. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, қарнымыз тойып, бүйіріміз шығып қалды. Өмірі ән айтпайтын Бақытжанның өзі ыңылдап ән салды. Бауыржан батырлар жырынан үзінділер оқыды. Ал Атабек ария айтты. Мен де қарап қалмай, құрдастарымды қажап, қалжыңдап жүрмін. Ара-арасында Көпекең де бірде әзіл, бірде басынан өткен қызықты оқиғаларды айтып, бізді бір күлдіріп алады. Бірақ бәріміздің ойымызда «Кешке тамақ берер ме екен?» деген алаң бар. Соған қарағанда аш адам бірдей түс көреді-ау. Не керек, сол күні жоспардағы жұмыстың бәрін сол кездегі коммунистік партияның бесжылдық жоспары секілді асыра орындап тастадық. Көпекең де мәз, біз де мәзбіз. «Қазір үйге барып, жеңгелеріңнің асып жатқан етін жейсіңдер» дегенде әлі үйленбеген әйеліміз ұл тапқандай бір-бірімізге қарап, санымызды шапаттап қуанып қалдық. Шынында да, сол күні жеңгеміз оң жамбасымен тұрған ба, әйтеуір етті молынан асыпты. «Жақсы тамақ қалғанша жаман қарын жарылсын» деген қағиданы ұстанып, табақты жалап-жұқтап жеп қойдық. Одан терлеп-тепшіп шай іштік. Түнге қарай Көпекең көлігімен жатақханаға дейін апарып тастады. Қойшы, әйтеуір не керек, сол күн ашқұрсақ студенттер үшін Құдай қарасқан күн болды. Содан бастап «Көпекең қашан асарға шақырар екен?» деп жол қарап жүретін болдық.
1999 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс беріп жүр едім. Бір күні деканымыз Намазәлі Омашев шақырып жатыр деген соң кабинетіне бардым. Сөйтсем, Көпекең отыр. Олар курстас достар болатын. Екеуінің айтқанына қарағанда, «Ара» журналы қайта ашылады екен. Соған студенттеріме сатира жазғызып, көмектесуім керек. Өйткені Темірбек Қожакеев ағайдан кейін сатираның арнаулы курсын жүргізуші едім. Мені жарты ставкамен жұмысқа алатын болды. Келістім. Дереу студенттерге тапсырма беріп, сатиралық шығармалар жаздырдым. Өзім де бердім. Сырттан басқа да авторлардың туындыларын тапсырдым. Өйткені мен сол жылдары «Жас Алаш» газетінің «Бір түрлі бет» сатиралық қосымшасының редакторы едім. Қолымда біраз материал болатын. Қысқасы, аз уақыттың ішінде бір емес, бірнеше нөмірге жарайтын материалдар бердім. Сөйтіп, қолдан келгенше журналдың аяқтан тұрып кетуіне септігімізді тигіздік. Бұл 2002 жыл еді.
2004 жылы «Айқын» газеті ашылды.
1 сәуір күлкі күніне орай Көпекеңнен «Ақ сөйле» айдарына сатира туралы сұхбат алдым. Ол сұхбат газетте жарияланып, кейін «Қазығұрт» баспасынан «Тәуелсіздік толғауы» сериясымен шыққан «Ағынан жарылсақ...» деген жинағыма енді. Дәл сол жылы осы баспадан осы сериямен «Сұхбаттың сардарлары» атты жинақ та жарық көрді. Кітаптың құрастырушысы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәлима Қалқабаева. Бұл басылымға журналистика саласында аянбай тер төгіп, елге кеңінен танылған тәжірибелі публицистердің сұхбаттары топтастырылған. Кітаптың мақсаты – нағыз майталман журналистердің бүгінгі ақпараттық қоғамдағы ең жедел әрі өткір жанр саналатын сұхбатты дайындаудағы шеберлік сырларымен таныстыру. Сонда айтайын дегенім, осы жинаққа Сұлтан Оразалы, Сауытбек Абдрахманов, Көпен Әмірбек, Дидахмет Әшімханұлы, Қали Сәрсенбай, Қайнар Олжай, Раушан Төленқызы, Ұлбосын Айтөлен және менің сұхбаттарым енгізіліпті. Сонда осы кітапты алып тұрып, бір-бірімізді қызу құттықтағанымызды қалай ұмытайын?! Кейін ол жинақ еліміздің бүкіл кітапханасына таратылды.
Сайыпқыран сатирик Көпен Әмірбекұлы 1950 жылы 29 наурызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Ешкіқора деген елді мекенде туған. Ата-анасы сегіз ұл-қызды дін аман өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырыпты. Соның үшеуі – қыз, бесеуі – ұл. Ал сол бес ұлдың мен танитын төртеуі журналист-жазушы. Төлбасы – Көпекең. Төпен там-тұмдап сатира жазды. Ақтық демі біткенше аудандық «Отырар алқабы» газетінің редакторы болды. Базарбек – о бастан сатирик-ақын һәм журналист. Бүркеншік аты – Балапан Базар. Кезінде «Жаңа фильм» журналында аға редактор, «Жас қазақ» газетінде жауапты хатшы, Қазақ радиосында аға редактор, бас редактор, Оңтүстік Қазақстан облыстық телеарнасы директорының орынбасары болып біраз жыл жемісті қызмет атқарды. Қазір Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да баспасөз хатшысы. «Айып етпеңіз», «Аудитория», «Кеш жарық» атты кітаптардың авторы. Ерсұлтан «Отырар», «Қазақстан – Шымкент», «Хабар» телеарналарында еңбек етті. Қазір Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз орталығының қызметкері, Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы. Ақпарат саласының үздігі.
Міне, көріп отырсыздар, шетінен «сен тұр, мен айтайын» деген қаламгерлер. Соған қарағанда, аналары емізген кезде сүтіне сия қосып берген-ау деп топшылаймын. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі де солай жүреді» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, Көпекеңнің інілерінің бәрі қалам ұстап, қағаз мүжіді, әзіл жарастырды. Сөзімізге тұздық ретінде мына әңгімені айта кеткеніміз жөн шығар. Бірде-бір жігіт Төпенмен таныспақ болып арнайы іздеп келеді. Төпен есік алдында тұрса керек. «Төпеннің үйі қайсы екен?» дейді әлгі жігіт. «Мына үй» дейді Төпен. Аулаға кіріп, үйдегілерден «Төпен бар ма?» деп сұрайды. «Әлгінде ғана Төпенмен сөйлесіп тұр едің ғой» дейді. Дереу сыртқа шығады да: «Сіз Төпенсіз бе?» дейді. «Иә» дейді Төпен. «Онда жаңа неге айтпадыңыз?» дейді қонақ жігіт таңданып. Сонда Төпен: «Сен менен Төпенді емес, Төпеннің үйін сұрадың ғой» деген екен.
Кім білмейді Әмірбеков Көпенді,
Әзілімен танытады әкеңді.
Бір қарасаң, Алдаркөсе атасындай пып-пысық,
Бір қарасаң, Қожанасыр атасындай әпенді, –
деген екен көрнекті ақын Жарасқан Әбдіраш. Дәл айтқан. Қауып емес, тауып айтқан. Осы өлеңге қатысты Көпекеңнің өзі: «Алдаркөсе атасындай дегенді жүріс-тұрысыма, өзімнің жанрыма байланысты айтқан шығар. Ал өткен ғұмырымды саралап отырсам, көп өмірім Қожанасыр секілді әпенділікпен өткен екен», – дейді.
Негізі, Көпекең мемлекет және қоғам қайраткерлеріне эпиграмма, пародия жазудың әрі әзіл айтудың шебері еді ғой. Солардың бір парасын айта кетейін.
Бірде белгілі қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов және Көпен үшеуі түскі ас ішіп отырады. Сонда Кәмекең оңтайлы сәтті пайдаланып:
– Әй, Көпен, сен Шер-ағаң екеуміз туралы пародия жазыпсың. Оқыдым.
Елім, саған айтам,
Елбасы, сен де тыңда!
Камал дос!
Сен де құлақ түр.
Себебі – сен соқа,
Ал мен – трактор! –
депсің. Шерхан – трактор, ал мен соған тіркелген соқамын ба? – деп қатты өкпелейді. Сонда Шер-ағаң:
– Кәмеке, қу трактор айдалада өзі не істейді? Жердің бәрін жыртатын, істің бәрін тындыратын сойдақ тіс соқа емес пе?! Көпен сізді соқаға дұрыс теңеген, – дейді араша түсіп. Сонда ғана аңқылдаған ақкөңіл ағамыз:
– А-а, солай ма? – деп риясыз күліп, Көпекеңе өз ризашылығын білдіріпті.
Ұстазы әрі бастығы Қалтай Мұхамеджанов «Ара» журналының бас редакторлығынан кетіп, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторлық қызметіне ауысады. «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» дегендей, қолына қалам ұстаған біраз қаламгер сол бос орынға отыруға жанталасып бағады. Олардың арасында «Ара» журналының жауапты хатшысы Көпен Әмірбек те болса керек. Бірақ «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, «Ара» журналының бас редакторы болып белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабеков тағайындалады. Көп уақыт өтпей, әлгі қызметтен дәмелі болған Көпенге жора-жолдастары жолығып қалып:
– Көпен, «Ара» журналының бас редакторлығына лайық бір адам болса, сол сен едің. Қалай, жайлы орынға жайғастың ба? – деп сұрайды.
Сонда Көпен:
– Қожа кетіп, оның орнына қожа заменитель келді ғой, – деген екен Қалтай Мұхамеджановтың руы қожа екенін меңзеп.
Бірде Көпекең ел тәуелсіздігінің қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен «Парасат» орденін алады. Салтанатты жиында одақ төрағасына алғыс айтып тұрып:
– Нұреке, арзымайтын еңбегімізді елеп-ескеріп, орден бергеніңізге рахмет! Енді орныңызды берсеңіз, дұрыс болар еді, – деген екен әзілдеп.
Айтыстың атасы атанған Жүрсін мен Көпекең жақын дос. Отбасы болып араласады. Бірде Жүрсіннің анасы қатты ауырып қалады. Жүрсіннің анасы – достарының да анасы. Сондықтан аналарының көңілін сұрап Жүрсіннің достары мен курстастары келеді. Сонда ол соңғы аманатын айтқандай болып:
– Егер мен олай-бұлай болып кетсем, жалғыз Жүрсінімді сендерге тапсырдым, – депті. Сонда Көпекең қарап тұрмай:
– Жоқ, апа, қайта бізді Жүрсінге тапсырып кетіңізші, – деген екен әзілге бұрып. Онысы – Жүрсіннің өздеріне қарағанда әлдеқайда бай-қуатты екенін меңзегені ғой.
Қазақтың белгілі ақындары, ерлі-зайыпты Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова Көпен ағамыздың әзілі жарасқан курстастары. Бір күні Көпекең курстастарының үйіне барады. Қай қаламгердің үйіне барса да, Көпекең алдымен кітапханасын қарайды екен. Сол әдетіне басып, қос курстасының кітапханасын қарап тұрса, сөреде Күләштің «Күн шыққанда күліп оян» атты жалғыз кітабы тұр екен.
– Менде сенің «Арғымақтар даласы» деген кітабың бар, – дейді Көпен.
Сонда Күләштің екі көзі шырадай жанып:
– Өз кітабымды өзіме сыйлашы, – дейді қуанып.
– Жарайды. Әдетте, ақындар кітабын қолтаңба беріп, оқырманына ұсынушы еді. Ал мен саған керісінше, өзіңе арнау жазып қайтарайын, – депті де мына өлең жолдарын жазып беріпті:
Күліп оян, Күләш-ау,
Топ жарсаң да тоғайма.
Өлең, шіркін – бір асау,
Бас білдіру оңай ма?
Өлең, шіркін – арғымақ,
Ақын деген – шабандоз.
Қызығатын әркім-ақ,
Алла берді саған боз.
Күреңі не, бозы не –
«Арғымағы» бұл қыздың!
Өз атыңды өзіңе,
Өзім қайта мінгіздім.
Керемет пе? Керемет! Міне, Көпеннің кіршіксіз күлкісі осындай! Мұндай әзілдерден Базарбек ағамыз да, Ерсұлтан ініміз де кенде емес. Сондықтан Әмірбектің әулетін әпенділер әулеті десек, жарасатын шығар.
Бағзы заманда ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн:
Ол кезінде риза болды, еленді,
Ой, білімі сый-құрметке бөленді, –
деген екен. Сол айтқандай, Көпен Әмірбекұлы – көзі тірі кезінде өз елі мен оқырмандарының сый-құрметіне бөленген қаламгер. Көпен – күлкі королі! Қазақ сатирасының сардары. Алдымен оның қазақ сатирасы мен әдебиеті қоржынына салған құнды еңбектерін атап өткеніміз абзал. Ол – «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Батпанқұйрық», «Хамза қажы», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!», «Сөйле десең, сөйлейін», «Жұма сәлем» және таяуда ғана жарық көрген бес томдық «Көпен келе жатыр!» атты кітаптардың авторы. Осы кітаптардың қай-қайсысын алсаңыз да, талғамы зор оқырмандардың көңілінен шығып, жадында жатталған жинақтар. Сондықтан да Үкімет оның ерен еңбегін дер кезінде бағалап, соған лайық марапаттады.
Көпен Әмірбекұлы – Президент сыйлығының иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Парасат» орденінің иегері.
Көпекеңнің қазасын Түркияда жүріп естідім. Жаназасына қатысып, ақтық сапарға шығарып сала алмадым. Бірақ Алматыда берілген асқа қатысып, ел-жұрт пен ет жақындарына көңіл айттық.
Міне, Көпекеңнің мына жалғанды тәрк етіп, бақиға озғанына да жыл толып қалыпты. Осы уақыт аралығында намаз сайын Көпекеңнің аруағына Құран бағыштап келеміз. Алла Тағала сол дұғамызды қабыл етіп, жанын жәннаттан етсін!
Ермахан Шайхыұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы
сатира кеңесінің төрағасы