Жаңа білім беру жобасы – ұлттық жаңарудың бастауы

ХХІ ғасыр­дың ал­ғашқы 14 жылында адамзат тұтас ХХ ғасырдағы же­тістіктерге пара-пар прогреске қол жеткізді.

Жаңа білім беру жобасы –  ұлттық жаңарудың бастауы
ашық дереккөз
2203

2023 жылғы 29 қыркүйекте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым жә­не жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек өз ме­кемелерінің сайттарында «Ба­р­ша­ға қол­же­тімді білім сапасы» ұлттық баян­дама жо­­басын жариялады.

Білім саласының қос министрлігі бірлесе жа­­­са­ған Ұлттық баяндама жобасының кіріс­пе­сінде бы­лай дейді: «Өткен ғасырдың 90-жылдардың ба­сында болжам жасауға үл­гертпей тез өзгеретін, то­сын кезеңге аяқ бас­тық. Бұрын-соңды көрмеген ақпарат тас­қы­ны шешім қабылдауды қиындатып, не нәр­седе де белгісіздікке әкеледі. ХХІ ғасыр­дың ал­ғашқы 14 жылында адамзат тұтас ХХ ғасырдағы же­тістіктерге пара-пар прогреске қол жеткізді. Са­рапшылардың пікірінше, бұл ға­сырдағы ілге­рі­леу өткен ғасыр жетіс­тік­тері­нен мың есе асып түсуі мүмкін». 
Расында, күн сайын дамып жатқан өз­гер­­ме­лі адам­зат қоғамында ақпарат­тық техно­ло­гияның қыз­­меті барған сайын артып ке­леді. Бүгінгі әлем­нің келбеті, өмір сүру дағ­ды­лары да жаңарып, дәс­­түрлі білім алу әдіс­тері бұрынғыдан да тез жаң­­ғыру үдерісін бас­тан кешуде. Сондықтан жо­баның үш не­гіз­гі бағытында шапшаң дамыған қо­­ғам­дағы демографиялық тәуекелді бол­жамдар­ды ес­кере отырып, технологиялық жә­не сандық жаң­ғыртуға басты назар ауда­ры­лады. Оған қо­са адами капиталдың са­па­сын жоғарылату, ең­бек өнім­­ділігі мен жұмыс орындарының өсуін қам­та­ма­сыз ету мәсе­ле­сін көтереді. Бай­қауымызша, ал­да­­ғы уақытта да білім беру саясаты ұлттық және ха­­лық­ара­лық объек­тив­ті өлшемдер негізінде жү­зеге асырылады.

Жобада айқындалғандай: «Жасанды ин­тел­лект барған сайын көп нәрсеге дағ­ды­ла­нып, болашақта экономиканың барлық са­лаларында мамандарды алмастырып, кадр қа­жеттілігін айтарлықтай азайтады. Тех­но­ло­гиялық инновациялардың ықпалына ілік­пейтін мамандық түрі қалмайды. Ал са­рап­шыларының болжамына сенсек, алдағы 4 жылда барлық сала қызметкерлерінің жар­тысына жаңа дағдыларды меңгеру қажет болады, ал болашақта қайта оқып, біліктілік алып отыру қалыпты дүниеге айналады» дейді баяндама авторлары. Демек, жақын он­жылдықта барлық мемлекеттерде жұмыс­сыздар қатары көбейе түсері шындық және бұл құбылыс өз кезегінде әлеуметтік дүмпу­лер­ге негіз болуы әбден мүмкін. Бұдан байқа­ла­тыны, ұлттық баяндама жобасы алдағы уа­қыттың болжамды қатерін ескеретін ст­ра­­­тегиялық жоспарлы мақсаттарды қолға алып отыр деген сөз. Енді осы игі шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік ұйымдармен бірге бүкіл ел болып атсалысатын аса өзекті мәселе деп ойлаймын. 
Ұлттық баяндама жобасында баршаға қол­жетімді сапалы білім берудің жаңа бағ­дар­ламасы ұсынылған. Ең алдымен, білім беру әдістемелерін заманға сай жаңғырту, пе­дагогтардың білім деңгейін ұдайы жетіл­діріп отыру көзделген. Былайша айтқанда, «қазіргі заманғы тенденцияларды ескере отырып, білім берудің жаңа моделін енгізу ба­ғытында жұмыс істеу қажет». Жобаны ұсыну­шылар «білім беру – оқу» ұстанымынан «білім беру – тұлғаның қалыптасуы мен да­муы» ұстанымына көшуді жөн көреді. Яғни, оқудың барлық кезеңінде – балабақша мен мектеп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейін жеке білім беру бағ­дар­ламасымен қамтылады.
Бағдарламада еліміздің алдағы онжыл­дық­тағы демографиялық көрсеткіштері де ескеріліпті. Мәселен, елімізде жылына орта есеппен 400 мыңнан астам бала дүние есігін аша­ды деп болжанса, алдағы үш жылда ел­дегі колледждер мен жоғары оқу орындарына 1,5 млн астам студент барады екен. Ал 2030 жыл­ға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің 80 пайыз­дан астамы жастар құрайтын болады. Сондықтан білім беру мекемелерінің инф­ра­құрылымын кеңейтумен қатар инвес­ти­циялау, оқытудың аралас немесе дуальді м­оделіне көшудің қажеттілігі аталып, білім са­пасын көтеру алдыңғы орынға шығары­лады.
Осы орайда елде білікті мамандардың же­тіспейтіні айтылады. Мысалы, қазіргі уа­қытта жыл сайын 5 мыңнан астам педагог же­тіспейді екен. Оқушылардың саны артқан сайын педагог кадрлардың тапшылығы да үдей түсері сөзсіз. Оның үстіне әр жылдары пе­дагогикалық білім алған түлектердің ша­ма­м­ен 20 пайызы басқа салаларды таңдаған. Өкініш­тісі, мектептердегі мұғалімдердің 16,2 пайызы ғана жоғары санатқа қол жеткізген. Нәтижесінде, Қазақстандағы білім беру көр­сеткіші көңіл көншітпейтін деңгейге түскен.
Айталық, колледж студенттері арасында жүргізілген бағалау кезінде олардың мектеп­те оқитын өз тұрғыластарынан 27 балға қа­лып қойғаны анықталған. Дүниежүзілік бі­лім беру ұйымдарының есебінше, қазақ­стан­дық ересектердің математикалық сауат­тылығы өзге дамыған елдермен салыс­тыр­ғанда 35 балға төмен екен. Басқаша айтқанда, олар­дың математикалық және оқу сауат­ты­лығы екінші деңгейден аспайды деген сөз. 2018 жылы PISA  қорытындысы бойынша, біздің еліміздің оқушылары әлемнің 78 елі ішінде 69-орынға ғана табан тірепті. Тәуелсіз сараптамалық деректерге қарағанда қазақ­стандық мектеп оқушылары цифрлық сауат­тылық бойынша 14 мемлекеттің ішінде 14-орын алған. Ал оқушыларымыздың 54 пайы­­­­­зы компьютерлік және информати­ка­лық сауаттылық бойынша ең төменгі 1-деңгейге де жетпеген көрінеді. Бұған қоса, сан­дық форматтағы оқулықтардың жетіс­пеу­шілігі, талапқа сай келетін интернет же­лісі орта мектептердің 18,5 пайызын ғана қам­тылғаны жасырын емес.
Ұлттық баяндама жобасының автор­лары мектептерде кадрдың жиі ауы­са­тыны туралы да мәлімет берген. Мысалы, қа­з­ірде 1 мыңға жуық директордың орны 1 жыл­дан астам уақыт бос тұр екен. Педа­гог­тарға қоғам тарапынан қатты қысым көр­се­ті­летіні де ашық айтылған. Білім беру ме­кеме­лерінің стейкхолдерлермен, инвестор, биз­нес, атқарушы билік, түлектер, демеу­ші­лер, ата-аналар және жергілікті қауым­дас­тық­пен өзара әрекеттесуі төмен деңгейде еке­ні көрсетілген. Яғни, осы аталған қоғам­дық және әлеуметтік топтар арасында өзара ынтымақтасқан байланыстың аздығы білім беру сапасына елеулі әсер ететіні шындық.
Сол себепті білім берудің барлық сала­ла­­­­рында тәуелсіз бағалау критерийлері қа­жеттілігі туындап отыр. Баяндама жобасында анық­­­талған кемшіліктерден арылудың не­гізгі тәсілі – сапалы кадр дайындау және қай­та дайындау бағдарламаларын жаңарту, бі­лім берудің барлық деңгейінде педа­гог­тардың үздіксіз кәсіби дамуын қадағалауға баса назар аударылған.
Осыған байланысты ерекше ескерілетін нәрсе, ауыл мектептері мен балабақшаларды заманауи талаптарға сай жабдықтауды жер­гілікті атқару ұйымдары қатаң қадағалауы қа­жет. «Жайлы мектеп» бағдарламасының же­­місін алдымен алыс аудандағы қандас­тары­мыз көрсе екен деймін. Рас, қазіргі кезде об­лыс орталықтарында сапалы білім беруді мақ­сат тұтқан білім-инновациялық мек­тептері (BINOM SCHOOL) және ұлттық ба­ғыттағы лицейлер (QAZBILIM) ашыла бас­тады. Олардың санын көбейтіп, елдегі да­рын­ды оқушыларға тұрақты түрде тегін гранттық орындар бөлуді ойластырған жөн. Со­нымен бірге балабақшадан бастап орта жә­не жоғары білім беру мекемелеріндегі мем­лекеттік тілдің қолданылуын толықтай жол­ға қоятын кез келді. Әрине, ана тіліміз өр­кен­демей, ұлттық білім берудегі жетістік­тері­мізді ауыз толтырып айту артық болар еді.
Жобада ЖОО мен колледждердегі білім беру бағыттары бойынша да жақ­сы жаңалықтар бар. Соның бастыларын ғана атап өтейін. Біріншіден, жаңа бағ­дар­лама біліктілік сертификаты бар студент­тер­дің оқудың 2-3-жылынан бастап еңбекке ара­ласуына  мүмкіндік туғызады. Сол үшін екін­ші оқу жылынан бастап кәсіптік прак­ти­кадан өту міндетті. Екіншіден, бакалавриат бағ­дарламаларының кәсіптік бағдарын да­мыту мақсатында оқу үдерісіне тәжірибелі ма­ман-практиктерді тарту және жас кадр­ларды әзірлеуде өнеркәсіп пен бизнес са­ла­сының өкілдерімен байланыс деңгейін кө­теру әрі олардың өзара жауапкершілігін кү­шейту көзделген. Сонымен бірге жоғары оқу орындары өндіріс пен ғылымға жасанды интеллект енгізуді қолға алады және жаңа жұ­мыс орындарын ашуға қабілетті кадрлар дайындаумен шұғылданады.
Үшіншіден, ел жастарына қолданбалы ба­калавриат бағдарламаларын игеру бойын­ша екі модель ұсынылып отыр: жоғары оқу орын­дарында және жоғары колледждерде білім алу. Мұндағы жаңалық – колледж бітір­геннен кейін оқуға түскендерге ЖОО-да оқу мерзімін одан әрі қысқарту жоспарланған. Осы мақсатта жұмыс берушілермен еңбе­кақы тарифін келісе отырып, мамандық клас­сификаторына және жоғары оқу орын­дарында оқытудың әр жылындағы курстық дағ­дыларына өзгерістер енгізу, зерттеу, цифрлық, тілдік және өзге де құзырет­тілік­терді қалыптастыру үшін білім беру бағ­дар­ламаларының құрылымын қайта қарау қа­рас­тырылған.
Төртіншіден, «студенттерге оқу нәтиже­лерін қайта кредиттей отырып, жаппай он­лайн-білім беру курс (Coursera, EdX, Open University және т.б.) жүйелері арқылы жеке­ле­ген біліктілікті игеруге мүмкіндік бері­ле­тіні» айтылған. Қазіргі өзгермелі қоғамдағы түр­лі қауіптерді ескергенде, бұл бағытты да­мыта беруді құптар едім. Ең қажеттісі, жа­қын келешекте барлық студенттер үшін әлем­дік кітапханалар қолжетімді болмақ жә­не жоғары оқу орындарында сандық жүйе кеңейтіле түседі. Мұның бәрі студенттердің те­рең және кәсіби білім алуларына жақсы алғы­шарт жасайтынына сенемін. 
Заманауи өзгерістердің жылдамдығына қа­рап, алдағы кезеңде білім мен ғылымда ға­на емес, жалпы қоғамда, жасанды интел­лект пен сандық технология араласпайтын сала қалмайтынын болжау қиын емес. Осы­ған орай, «Баршаға қолжетімді білім сапасы» ұлт­тық баяндама жобасында жоғары оқу орын­дары жақын келешекте сандық формат жүйесін меңгеріп, «smart-университеттер» мо­деліне көшетіні туралы сөз болған. 
Сонымен қатар онда виртуалды және ин­­­терактивті платформалар мен жасанды ин­­теллект тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу сту­­денттерге теория мен тәжірибелік дағ­ды­ларды тиімді меңгеруге мүмкіндік бере­тіні айтылады. Осы бағытта басталған заманауи білім беру бағдарламалары жалғаса берсе, алдағы жылдары онлайн-курстар, вебинар­лар мен қашықтан оқудың басқа да форма­лары студенттерге өзге елдердің жетекші ма­мандарынан білім алуға, дамыған елдердің студенттерімен тәжірибе бөлісіп, өзара әріптестік орнатуға кең жол ашпақ.
Жасанды интеллектіні білім беру үдері­сін­де қолдану әсіресе, жаратылыстану, тех­ни­ка саласындағы мамандықтарды оқытуда елеулі әрі жылдам табыстарға жеткізеді. Бір­ақ әлеуметтік салаларда, яғни гуманитар­лық білім мен ғылымды игеруде жасанды интеллект жетістіктерін пайдалануда елеулі ке­дергілер бары жасырын емес. Мәселен, ин­тернет платформаларын, түрлі чат-боттар мен қосымшалардың тілі негізінен, ағылшын немесе басқа шет тілдерінде қызмет жасай­ды. Қазіргі заманда дамыған елдердің білім жүйесінде қолданылатын интернет қосым­ша­ларын тек орыс тілінде ғана пайдалануға мүм­кіндік болады. Яғни, жасанды интел­лект­ке негізделген қазақтілді қосымшалар жоқтың қасы. Мысалы, жасанды интеллект ар­қылы қазақ тіліндегі әр алуан кітаптарды, көркем әдебиет мәтіндерін түрлендіруге немесе талдауға өзге тілде жұмыс жасайтын қосымшалар көмектесе алмайтыны өкінішті. Сондықтан жасанды интеллектіні қолданып, қазақ тілінде қандай да бір көркем шығарма, мақала, эссе жазу былай тұрсын, кәсіби сөз­діктерді түзу де қиындық туғызады. Бұл рет­те, Ғылым және жоғары білім министрлігі Үкіметпен бірлесе отырып, таяу уақытта интер­неттегі қазақтілді контенттің мобиль­дігі мен қолжетімділігін дамытуға бағыттал­ған шараларды тездетіп қолға алса жақсы болар еді. Ақпараттық технология саласында қазақ тіліндегі оқулықтар да ауадай қажет. Себебі онсыз ұлттық білім мен ғылымның сан­дық форматқа өтуі кешеуілдей бермек. Мұның өзі тиісінше заманауи әрі қолжетімді білім сапасының артуына кері ықпал ететін басты фактор деп білемін.
Сол себепті, жаңа технологияларды бел­сен­ді түрде әрі көптеп енгізу қажет, бұл жо­ғары сапалы білім беру және жүйенің тиім­ді жұмыс істеуі үшін қолда бар ресурстар мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін кеңей­туге жол ашады. Сандық технологияларды білім жүйесіне бейімдеу мен оқушыларға үй­рету адам капиталын жылдам дамуына оң әсер етеді. Ал білім алу нәтижелеріне қол жет­­­­кізуде цифрлық технологиялардың ала­тын орны зор, оқыту мәселесіне келгенде бұл басымдықты түсіндіріп жатудың өзі артық. Бұл жердегі мәселе – білім алуға тән негізгі про­цестердің тиімді жүзеге асуына техно­ло­гиялардың қалай жол ашатынын анықтап көр­сету.
«Баршаға қолжетімді білім сапасы» ұлт­тық баяндама жобасы жайлы түйіндеп айтар бол­сақ, бұл жоба кезекті құжаттың бірі бо­лып қана қоймай, нақты іс-әрекет үлгісіне ай­налса деген үміттемін. Бұл жобадағы мақ­сат-міндеттер дер кезінде жүзеге асырылса, Қа­зақ­стандағы қазіргі білім беру жүйесінің әлеуеті күрт артып, білім сапасы жоғарылай түсері күмәнсіз. Әлі де оқытушыларды негізгі – білім беру қызметіне кедергі келтіретін қосымша жұ­мыстар мен жалаң есепке құрылған нәти­жені талап ететін қағазбастылықтан боса­тып, олардың шығармашылық дамуына жағдай туғызу қажет-ақ. Тағы бір қадап айты­латын жайт, ауыл мектептерінің тезірек «жай­лы мектепке» айналып, шалғай шеттегі оқу­шылар қала мектептеріндегідей баршаға қол­жетімді сапалы білімге қол жеткізсе екен дейміз. Өйткені дүрбелеңге толы дүниеде білім мен ғылымға арқа сүйеген ел ғана хал­қын бақытқа кенелтеді. Алаш қайраткері Мір­жақып Дулатұлының: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрт­тығымызды сақтасақ та, дүниедегі сы­ба­ғалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың ар­қасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жа­рық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман»  деген өсиет сөзі ұлт ұстаздары мен  шәкірттердің басты бағдар­ша­мы болуы керек.
«Білім берудің шын мәнінде жалпыұлт­тық басымдықтарын анықтап, балаларымыз үшін, жаңа ұрпақ үшін кемел келешекке жол ашар, бәріміз армандайтын білім беру жүйе­сін құруда ортақ жауапкершілік алатын кез кел­ді. Алдағы онжылдықта балалар мен жас­тарға сапалы білім беру мәселесі ұлттық идея­ға айналуы тиіс», – дейді Ұлттық баянда­ма жобасының авторлары. Расында, көптің көкейінен шығатын осы тектес ізгі идеяны Қазақ халқы ұзақ күтті. 

Серікбай ҚОСАНОВ, 
түркітанушы-ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары