Қазақстанға қазақ екенімізді дәлелдей алмай жүрміз – Иран қазағы

"Біз – шетел қазақтары аш емес­піз. Кедей емеспіз. «Ана жерде тұратын қа­зақ­тардың тұрмысы нашар» деген көзқа­рас­тан арылу керек. Біз тіпті де ондай емеспіз. Біз жағдайымызды жақсартқымыз келгеннен емес, атажұртқа аңсарымыз ауып тұратын­дық­тан, жүрегіміздің бір бөлшегі жетіс­пей­тін­діктен көшкіміз келеді".

Қазақстанға қазақ екенімізді дәлелдей алмай жүрміз – Иран қазағы
turkystan.kz
4495

Таеф Бегей – «Иран қазақтары кеңесінің» төрағасы. Қазақ көп тұратын Горган қаласында туып-өскен оның айтуынша, соңғы отыз жыл­­да Иран жерін мекен еткен қазақ­тар­дың бар ойы атажұртқа көшу болған. Бұ­ған дейін елге ұзағынан келіп, қазақ екен­дерін анықтама арқылы дәлелдеп жүр­ген Иран қазақтары кейінгі екі жыл­да бұл мүмкіндіктен айырылған соң ата­жұрт­қа бұл мәселені шешіп кел, бір жақ­ты қыл деп Таефты арнайы жіберсе ке­рек. «Біз аш емеспіз. Біз кедей емеспіз. Біз – оқы­ған адамдармыз. Біздің Қазақстанға пай­дамыз тиеді» деп ағынан жарылған Таеф «Иранда немесе басқа жақта туып-өскен қазақтардың жағдайы мүшкіл» деген сте­реотиптен арылу керек екенін айтады. Аста­надан Ақтауға, ары Горганға қайт­қа­лы отырған Таефке хабарласып, сұхбат­тасқан едік.

– «Отандастар» форумында сізбен жо­лыққан кезде әлденеге алаңдап, көңіл-күйіңіз болмай жүргенін бай­қа­дым. Себебін сұрағанымда бұл бес ми­нут­тың әңгімесі емес, көп уақыт ала­тынын айтқан едіңіз. Сізді толған­дыр­ған не мәселе? Неге алаңдап жүрсіз?

– Олай көңілсіз жүруіме үлкен себеп бар. Иран қазақтарына ұзақ мерзімге виза бер­мей жүргеніне екі жыл болды. Одан бөлек, қа­зақ екеніміз жазылған анықтама да беріл­мей­тін болды. Біздің құжаттарымызда ұл­ты­мыз­дың қазақ екені жазылмаған. Иранда ұлт жоқ қой. Бізде Қазақстандағыдай ұлтыңның кім екені жазылмайды. Иранда тұратын барлық ұлт «ирани», яғни ирандықтар болып жазылады. Қазақтардың Иран жерін мекен ет­кеніне бір ғасыр болды. Ұлтымыз туралы мә­лімет еш жерде жазылмаған. Бірақ біздің қо­лымызда ата-бабамыз Маңғышлақта, яғни қа­зіргі Маңғыстау облысында туғанын рас­тайтын құжат бар. Атамыздың әкесі 1929 жы­лы Адай көтерілісі кезінде Иранға келіп тұ­рақтаған. Өзіңіз білесіз, Қазақстан тәуел­сіз­дігін алған соң көшті бастаған алғаш­қы­лар­дың бірі – Иран қазақтары. Содан бері ата­мекенге көшіп, елге барып сіңісіп кет­кен­дері қаншама. Алайда бұл көш 2020 жылы тоқ­тады. Ең соңғы көшкен Иран қазақтары Сол­түстік Қазақстан, Петропавл аймағына кө­шіп барды. Шамамен елу үй түтінін түте­тіп, сонда орнықты. Одан кейін бізге белгісіз себептермен виза беруді тоқтатты. Бұрын біз Иран қазақтары кеңесінен немесе мешіттен қазақ екеніміз жазылған қағазды Қазақстан елшілігіне немесе консулдығына апара­тын­быз. Олар осы қа­ғаздың негізінде бізге анық­та­ма әзір­леп беретін. Осылайша, аза­маттық алу оңай шаруа еді. Ал қазір ол анықта­ма­ны беру­ді де тоқтатты. Кон­сулдыққа, ел­шілікке бар­сақ, «Алдымен қа­зақ екеніңізді дә­лел­деңіз­дер» деп шығарып сала­ды. Бізде қазақ еке­ні­міз жазылған құжат жоқ. Қа­лай дәлел­дейміз? Иран же­рін­де миллиондаған қазақ жоқ. Жет­піс пайызы осы отыз жыл ішінде ата­мекенге көшіп кетті. Қазір мұнда шама­мен 4-5 мың қазақ қалды. Олардың көбі ата­­­жұртқа көшуге қамданып жатыр. Олар­дың елде ағайын-туысы бар, мен секілді іні-бауырлары тұрады. Туған-туысы көбіне ба­тыс өңіріне тұрақтаған олар «СҚО, Пав­ло­дар, Қостанай болса бола берсін. Қай жер бол­са да мейлі. Бастысы, атажұртымыз. Кө­шіп барамыз» деп дайындалып жүр. Алайда виза мәселесі кедергі болып тұр. Бұрын бізге үш жылға виза берілетін. Сол уақыт ара­ла­ғын­да азаматтық алу ісін де реттеп, үй, жұ­мыс табу мәселесін де шешетін едік. Ал қазір тек екі аптаға берілетін болды. Екі аптада тіп­ті ағайынды аралап үлгермейсің. Бірінің тойы болады, екіншісі садақаға шақырады. Біз бірнеше рет арыз жаздық. Президентке, Сыртқы істер министрлігіне, тағы басқа жауап­ты органдарға хат да жолдадық. Көп­шілігі «Күте тұрыңыз» деп жауап береді. Кү­тіп отырғанымызға екі жыл болды. 

– Форумға келгенде көші-қон ісіне жауапты мамандармен сөйлесе ал­дыңыз ба?

– Осы екі күн ішінде бірнеше журна­лис­пен, бір-екі депутатпен сөйлестім. Олар «Асық­па» дейді. Мен асықпаймын. Тек арғы бет­те мені осында жіберген тұтас бір ұлт ме­нің жауабымды күтіп отыр. Олар менен «Не болды? Не білдің?» деп сұрап жатыр. Мен осын­да жолыққан адамдарға былай дедім. «Қа­раңыз, ол жақтағы қазақтардың еш проб­ле­масы жоқ. Қандастар келсе, өз ақшасына ке­леді. Қазақстан тарапынан бір тиын да жұ­м­салмайды. Иран қазақтары өз ақша­сы­мен ұшып келеді, өз ақшасымен үй алады. Қа­зақшаны жетік білетін өздері өздігімен жұмыс таба алады. Қазақстаннан шығын болмайды». Есептеп қарасам, Иранда бір аза­матты оқытып-тоқытуға бір млн доллар қара­жат жұмсалады екен. Иранда өсіп-өніп, же­тілген мамандар Қазақстан үшін піскен же­міс секілді ғой. Қазір жастардың күш-қуа­ты тасып, жалындап тұрған кезі. Жастайынан қазақ екенін санасына сіңіріп өскен олардың Қазақстанға пайдасы тиері анық қой! 

– Иран қазақтары дегенде Горган қа­ласы қатар айтылады. Әрі ол жақтағы қа­зақтардың қазақшасы жетік әрі салт-дәс­түрді берік ұстанатынын байқаймыз. Иран­да қазақ көп шоғырланған қала сол қала ма? Сіз де сол қаланың тумасы боларсыз?

– Қазақтар Горганда ғана емес, Түрікмен жә­не Күмбет қалаларында да көп шоғыр­лан­ған. Иә, мен Гүлстан облысының орталығы са­налатын Горган қаласында дүниеге келдім. Әкем де сол жердің тумасы. Апам Ақтөбенің Бай­ғанин деген жерінде дүниеге келген. Адай кө­терілісі кезінде бас сауғалап осында кө­шіп кел­ген. Тарихтан бі­летін боларсыз, Ақ­төбе, Маң­ғыс­тау шаруа­лары он бес жастан кі­ші бала­лар­ды әйелдер­мен қауіпсіз ай­­­мақ­қа жібе­ріп, өздері атыс-шабысқа қа­тысқан. Сол кез­де бас сау­ға­­лаған әйел­дер Түрік­мен­стан же­ріне та­баны тиіп, ары қарай Иран­ға бет ал­ған. Ол кезде рес­­ми шекара жоқ. Түрік­мен­нің жері ме, Иранның же­рі ме, олар мұны біл­­меген. Мен сонда тұ­рақ­тап, өсіп-өнген қа­зақ­тың ұрпағымын. Горган уни­вер­си­те­тінде есепші мамандығы бойын­ша білім ал­дым. Сосын ел астанасы Тегеранға барып, ма­гистратураны аяқтадым. Одан кейін док­торантурада білімімді жетілдірдім. Он жыл­дай үкіметтің мекемесінде жұмыс істедім. Со­дан соң көп жыл қатарынан уни­вер­ситетте са­бақ бердім. Өз мамандығым тура­лы төрт кі­тап, бірнеше мақала жаздым. Одан бөлек, «Иран қазақтарының тарихы» ат­ты кітап жаз­дым. Қазір жеке кәсіппен ай­налысамын. Құрылыс материалдарын өн­діру, ІТ саласымен айналысатын үш ком­паниям бар. 

– Әңгіме арасында Ақтаудан үй мен дү­кен сатып алғаныңызды айтып қал­дыңыз. Иранда бастаған жеке кәсі­біңіз­ді осында дөңгелеткіңіз келе ме? Қазір де Қазақстандағы кәсіпкерлермен сау­да-саттық байланыс орнатқан болар­сыз?

– Иә, жуырда Ақтаудан үй мен дүкен са­тып алдым. Қазақстанға тауар импорт­тай­мыз, экспортымыз да бар. Қазақстаннан би­дай, тау-кеннен шығатын қорғасын, те­мір­дің қиқымдарын аламыз. Алдағы уақытта елге тұрақтаған соң, кішкене зауыт ашып, кәсібімді дамытқым келеді. Бөтен жер емес, өз атажұртым. Шамам жетіп тұрса, оның гүл­деніп, көктеуіне неге атсалыспасқа? Мен Иран технология паркінің, сонымен қатар Иран сауда палатасының мүшесімін. Одан өзге, Иран-Қазақстан бірлескен палатасына мү­шелік етемін. Иранда алған біліміміз бен жи­на­ған тәжірибеміздің бір пайдасы тисін деймін. Ке­ше жиналыста шетте 7 миллионға жуық қа­зақ жүргенін айтты. Біз мақала жазу не­ме­се зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Син­­га­пур, Қытай еліне жиі барамыз. Сол кез­де Қы­тайдың қалай дамығанын зерделеп қара­сам, шетелдегі қытайлықтар атажұртына ора­лып, инвестор болғаны туралы мәліметті көп оқыдым. Олар өз білімі және қаражаты­мен Қытайды «көтерген». Әсіресе, олар Шан­хай, Гуанчжоу, Нанчиг секілді қалалардың әлеуетін көтеруге көмектескен. Син­гапур мен Малайзияда дәл солай. Сон­дық­тан бізді де солай шақырса, қолда бары­мыз­ды аямай, барынша көмектесер едік. Жоғарыда айтып өткенімдей, Иран қазақ­та­ры қашан болма­сын, көшуге дайын отыр. Алайда біз алдымен ел­ге келіп, үй алып, кәсіп немесе жұмыс қа­рап, бәрін дайындап кетуі­міз керек. Бірден кө­шіп келе алмаймыз. Қа­зақ «Өзге елде сұл­тан болғанша, өз еліңде ұл­тан бол» деп бекер айт­паса керек. Шетелде қан­ша дамысақ та, аяғы­мыз атажұртқа тар­тып тұрады. Ойымыз сонда. Тамырымыз сон­да. Түріміз, тіліміз бас­қа болса да, 95 млн ха­лықтың арасында жүз жыл бойы тату тұ­рып, қазақилығымыздан ажырамадық. Иран­да қазақша мектеп жоқ, бұрынғыдай қа­зақ­тілді басылым да тара­тыл­майды. Үйде тек қазақша сөйлесіп, өзге қа­зақ­тармен ара­ласып, қазақшамызды сақтап қал­дық. Бір-бірімізден қыз алысып, қыз бері­сіп, салт-дәс­түрімізді ұмыт қылмай жүр­ген жайымыз бар. Алайда болашақ ұрпақ сол құндылықтарды біз секілді сақтай ала ма? Сол жағы уайымда­та­ды. Бұрын ақпаратты кі­тап пен газет ар­қы­лы оқитын едік. Қазір ақ­паратты бір се­кунд ішінде жеткізетін за­ман­да өмір сүріп жа­тырмыз. Адастыратыны бар, ажырата­ты­ны бар, бәрін оқимыз. Ал мұндай ортада адам өз болмысын лезде жо­ғалтып ала ала­ды. Есейіп, университетке түс­­­кенде өзге ұлттың қыздарымен араласып жүр­генімізді байқаған әке-шешеміз дас­тарқан басында «Қазақтан қыз ал. Әйтпесе тіліңді, салт-дәс­түріңді ұмытып кетесің. Ата-бабамыз тіл, дін, намыс үшін жанын құр­бан етіп, сенің осы күй­де жүруіңді арман­дап кетті. Соны зая қыл­май қазақтан қыз ал» деп үнемі айтып оты­ратын. Қазір біз жастар­ға осылай айтсақ, тың­дамай ма деп қорқа­мын. Қазір оларға алыста тұратын біреумен дос болуға бір ғана секунд жеткілікті. Бұрын біз қыздың ата-анасына барып, қолын сұ­рай­тын едік. Жеті ата дәстүрін сақтап, туған-туыс­тың бала-ша­ға­сын қорғаштап, бас-көз болып жүретін едік. Дәстүрге берік едік. Қазір жастар біз жалғаған жолды іліп әкете ала ма, жоқ па деп алаңдаймыз. Сол жас­тар үшін атажұртқа орал­ғымыз келеді. Қазақша сөйлейтін қазақ­тың ортасында өсіп-өніп, тамырымызды жайғымыз келеді. Дегенмен Қазақстанға қазақшаға сусап барғанда бәрі біз ойлағандай бола бермейтіні бізді қынжылтады. Оңтүстік, ба­тыстан басқа аймақта көпшілігі орысша шүл­дірлейді. Қазақстанға тауар жіберу үшін көп қазақпен байланыс орнатамын. Сол кез­де көпшілігі менің түсінікті тілмен айт­қан сөзімді түсін­бейді. Бірде Алматыда жеке кә­сіппен айна­лысатын бір қазаққа «Бізге Иранға қорғасын керек болып тұр» десем, «Қорғасын деген не?» дейді. «Тау-кеннен шы­ға­тын қорғасын ше?» десем, «Ал тау-кен де­ген не?» дейді. Қа­зақ­ша анықтамасын айтып, ар­тынша ағыл­шынша да айттым. Содан соң сөздіктен орыс­шасын тауып айтсам, бірден түсіне қойды. Қазақстанға жылына бір рет келетін бізбен өзге ұлттар орысша сөйлесе мейлі, ал бірақ өз қазағың сенің қазақшаңды тү­сін­бей тұрса, біртүрлі болады екенсің. Жүре­гіме жа­қын қабылдап, ашуға булықтым.

– Еуропада қазақ мәдениетін наси­хат­­тайтын отызға жуық орталық бар. Қытай мен Ресейде одан көп. Ал бірақ 100 жылға жуық Иран елінде тұрып жат­қан сіздер жақта қазақтардың ба­сын қосатын жалғыз ұйым – «Иран қа­зақтары кеңесінің» ашылғанына небәрі екі-ақ жыл болған екен. Бұл қалай бол­ғаны?

– Кеңес кезінде аталарымыз «Иранға кө­­шіп келгенімізбен, жүрегіміз Қазақстанда қал­ған. Біз мұнда қиын кезеңде келдік, де­ген­мен біз түптің түбінде кері қайтамыз» де­генді жиі айтатын. Олар сол жылдары Қа­зақстанда болған оқиғаларға елең етіп, уайым­дап отыратын. 1986 жылы Желтоқсан оқи­ғасы болған кезде Ирандағы көп қазақ ба­лаларының есімін Қонай деп қойды. Кеңес ода­ғының елшісіне барып, «Менің атым Қо­жа, «Қан мен тер», «Қыз Жібек» фильмінің тас­пасын сұрап алатын. Сол жылдары бізге «Біз­дің Отан», «Шалқар» деген газеттер келе­тін еді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік ал­ды деп Ирандағы қазақтар бір-бірін құт­тық­тап, атап өтті. 100 қой сойылды. Сол кез­де олардың бар ойы қайтсе де елге оралу бол­ған. Кеңес, ұйым құру тіпті де ойында бол­маған. Шынымен де атажұртымыз еге­мен­дігін алған соң, сең қозғалып, көбі бірі­нің соңынан бірі үдере көшті. Ең көбі 1993 жылы көшті. Одан кейінгі екі жылда да көш тоқтамады. 1997 жылы жеті жүзге жуық қа­зақ атамекенге оралды. Ол кезде әуе рейсі жоқ. Кемемен Ақтауға көшіп, көбі сонда тұ­рақ­таған. Қытай қазақтары мекендеген жер бұрыннан қазақтың жері болғандықтан ондағы бауырларымыздың мәдени ұйым құрып, бастама көтеруі заңдылық. Өзбекстан мен Ресейдегі қандастар да дәл солай. Омбы, Орын­борды мекен еткендердің өз жерінде төл мәдениетін насихаттауы – азаматтық бо­рыш. Ал бізде жағдай басқаша. Біз қазақи­лы­ғымызды сақтай білдік. Қазақ тілін ұмыт­падық. Бір ұлт бір жерге шоғырланған гетто аудандар бар ғой. Сондай гетто аудандарда тұрған біздің қазақтар өздері аз болғасын пар­сы, түрікмендермен араласпай, ұлттық құн­дылықтарды көзінің қарашығындай сақ­таған. Соңғы отыз жылда бар ойы көшу бол­ғандықтан, ұйым не кеңес құру туралы ойына да кіріп шықпаған. Сосын екі жыл бұрын мешітте жиналыс ашып, бұлай бол­майтынын, бәріміздің бір шаңырақ астына бірік­тіретін ұйым керек екенін айтып, «Иран қазақтарының кеңесін» аштық. Үкіметтен ресми қағаз алдық. Мешітте жиналған қа­зақтар алдымен белсенді он қазақты ірік­теп алды. Сосын сол онның ішінен мені кеңестің тө­ра­ғасы етіп тағайындады. Иранда бір қа­зақ әлдебір қиындыққа тап болса, ондағы жауап­ты органдар, Қазақстанның консул­ды­ғы, елшілігі ортақ мәмілеге келу үшін бірінші мені шақырады. Жалпы, маған бұл іс ұнайды. Қа­зақ үшін қайда болса да шапқылауға дайын­мын. Қазір Ираннан елге келу де оңай емес. Ираннан Ақтауға, Ақтаудан Алматыға, одан Астанаға келуің керек. Тікелей рейс жоқ. Мен бұл мәселенің немен аяқталарын алаңдап отырған көпшілікке «Дұрысы, мен елге барып келейін. Бұл істің нәтижесін ше­шіп келейін» деп айттым. Олар «Бес-алты рет арыз жазып, жөнді жауап келмеген соң, өзіңіз барып келгеніңіз дұрыс болар» деп ма­ған сенім артып жіберді.

– Виза мәселесі шешілсе, сіз секілді мықты кәсіпкер мен білікті маманды Ақтаудан басқа ірі қалаларда да құшақ жая қарсы алатыны сөзсіз.

– Өкініштісі сол, атажұртта сіз секілді ой­ла­майтындар да бар. Астана мен Алматыда жүр­генде «Өзімізде үй жоқ, жұмыс жоқ. Сен­дер келіп біздің жұмысымызды тартып ал­мақ­шысыңдар», «Қандастардан құтыла ал­май жүргенде...» дегенді естідім. Көңіліме ал­ма­дым дей алмаймын. Мен сізге шындық­ты айтайын. Менің жұбайым да ғылым жолын қуған маман. Ағылшын тілін жетік біле­ді. Екеуімізді Германияға ұстаздық етуге ша­қырған. Біз ол ұсыныстан бас тарттық. Бар­сақ, тек Қазақстанымызға барамыз деп шеш­тік. Мақтанбаймын, мен – ұлтшыл аза­матпын. Иранда жиған-терген қаражатым бар. Бір жылда бір миллион доллардың өні­мін жіберіп отырмын. Иранда төрт үйім, кө­лі­гім, жайлы жұмысым бар. Алайда бұл ма­ған қызық емес. Менің қызығушылығым – тари­хи Отаным. Біз – шетел қазақтары аш емес­піз. Кедей емеспіз. «Ана жерде тұратын қа­зақ­тардың тұрмысы нашар» деген көзқа­рас­тан арылу керек. Біз тіпті де ондай емеспіз. Біз жағдайымызды жақсартқымыз келгеннен емес, атажұртқа аңсарымыз ауып тұратын­дық­тан, жүрегіміздің бір бөлшегі жетіс­пей­тін­діктен көшкіміз келеді. Расымен бірдеңе жетіспей тұрғандай, үнемі елеңдеп жүреміз. Жүрегім тыншымайды. Иранда «Сен – қазақ­сың», «Сен – бөтенсің» деп бізді ешкім шет­тет­кен жоқ. Тып-тыныш, тату-тәтті тұрып жа­тырмыз. Тұрмысымыз өте жақсы. Үйде газ тегін. Айтсам сенбессіз, мұнда бензин отыз тең­ге тұрады. Біз осының бәрін тастап, тари­хи Отанды бет алмақпыз. Осыны түсінетін, біздің орнымызға өзін қойып көретін адам табылса деймін. Тағы қайталап айтамын, біз аш емеспіз, кедей емеспіз. Біз – оқыған адам­дармыз. Қазақшаны қоспағанда ағылшын, пар­сы, араб, түрік тілдерін жетік білеміз. Ара­мызда Иран халқын мойындатқан мық­ты мамандар жетерлік. Олар Қазақстан десе, ая­нып қалмайтыны айдан анық. 

– Спортта тіпті Иран атынан шығып, атой­лап жүрген бірнеше қандастар бар еке­нін жақсы білеміз. Бокстан Иран ұлт­тық құрамасындағы қазақ, өз сал­мақ дәрежесінде қарсылас шақ кел­тір­мей жүрген Абдулхаким Бектұрмен сұх­баттасқанда Қазақстан атынан сын­ға түскісі келетінін, алайда құжат мә­се­лесі реттелмегендіктен елге келіп тұ­рып, кері қайтқанын айтқан еді.

– Айтып тұрмын ғой. Санымыз аз бол­ға­нымен, 96 млн халқы бар Иранның басты ко­м­андаларына іріктелген қандастар же­тер­лік. Жиырмаға жуық қандас Иранның бокс, футбол, кикбоксинг құрамасына шақыру ал­ған. Сансызбай Бегей, Аюп Беріш секілді мық­тылар көп жыл қатарынан құрамада ой­нады. Сіз айтып тұрған Абдулхаким де – өзін мойындатқан мықты былғары қолғап шебері. Ихсан Адайгүл Филиппин еліне ба­рып, ұлттық құрама қатарына шақырылған. Фарух Бегей деген тағы бір мықтымыз да бас командада өнер көрсетті. Иран жұртшылығы қазақтарды мықты боксшы ретінде таниды.

– Азаматтық алу, виза мәселесін ше­шуге бағытталған әлдебір ұсыныс­тары­ңыз бар ма?

– Мен елдегілерде қазақ екенімізді дә­лел­деу үшін арнайы бір комиссия құрайық де­дім. Иран қазақтарынан бес адам, Ми­нистр­ліктер мен көші-қон комитетінен бес адам бір дөңгелек үстел басына жиналсын деп ұсыныс айттым. Жиналу үлкен проблема емес қой. Қазір Израиль ата-бабасы үш мың жыл бұрын сонда тұрған қара нәсілділердің өздерін еврей деп өздеріне шақырып жатыр. Одан бөлек, мың жыл бұрын көшіп кеткен Польшадағы, Мажарстандағы еврейлерді де шақырып жатқан жайы бар. Ал біздің ата-бабамыздың елден жырақ кеткеніне мың емес, жүз жыл ғана болды. Біз қазақ тілін же­тік меңгергенбіз. Ал өзгелер өз ана тілде­рін білмейді. Сондықтан біз атажұртым деп аң­сап келгенде барлығы оңай болса екен де­ген өтінішіміз бар. Содан соң бізге берілген екі аптаның ішінде азаматтық мәселесін ше­ше алмайтынымыз хақ. Сондықтан елде болу мерзімін ұзартып берсе екен деймін. Тағы бір мәселе, мен бас-аяғы жиырма төрт жы­лымды ғылымға арнадым. Осыншама жыл ізденіс үстінде жүрдім. Елге барғанда сол дипломдарым кәдеге жарамай қала ма деп уайымдаймын. Осы мәселе де шешімін тап­са екен деймін.

– Ойлағаныңыз іске ассын! Әңгі­меңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары