Түркияның Алания қаласында 13 қазан күні болған жол апатынан 38 жастағы қазақстандық әйел қаза тапты, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл оқиға туралы марқұмның ағасы Бағдат Құлмағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, жол апаты осы жылдың 3 қыркүйегінде журналист пен оның қызы жантүршігерлік апаттан қаза тапқан тас жолда болған.
«13-қазан күні біз Әлия Құлмағамбетова апамыздан айырылдық. Ол небәрі 38 жаста еді. Оның жоспарлары көп болатын. Ол Аланияда (Түркия), D 400, Кестель тас жолында көліктің соқтығысуы салдарынан қаза болды. Полицияның мәліметінше, ол жасыл шам жанған кезде жолды дұрыс жерден кесіп өтіп бара жатқан. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп жазды ол.