Шетелдегі Қазақстан азаматтарының төлқұжатын ресімдеу жеңілдеді

Шетелде құжаттарды тіркеу, консулдық есепке қою қызметтері автоматтандырылды.

Шетелдегі Қазақстан азаматтарының төлқұжатын ресімдеу жеңілдеді
Фото: Zakon.kz
1088

Шетелдегі Қазақстан азаматтарының төлқұжатын ресімдеу жеңілдеді, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Шетелде құжаттарды тіркеу, консулдық есепке қою қызметтері автоматтандырылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру үшін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша бірқатар шара қабылдады. Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметтерді алу барынша ыңғайлы болу үшін қазір еліміздің шет мемлеттердегі мекемелерінде «egov.kz» портал арқылы көрсетілетін 17 қызметтің 10-ы іске қосылды. Шетелде азаматтық хал актілерін тіркеу, жекелеген санаттағы электрондық визаларды беру, консулдық есепке қою және алу, шетелде ЭЦҚ алу, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік инвесторлық қызметпен байланысты электрондық өтініш беру процесі автоматтандырылды. Азаматтардың сұраныстарын қарастыру уақытын қысқарту мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелер белсенді қолданылады. Бұл шара шетелдегі Қазақстан азаматтарының паспорттарын ресімдеу мерзімін, Қазақстан азаматтығын, отбасылық жағдайын және басқа да сұраныстарды растауды 3 айдан 1,5 айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. «Vmp.gov.kz» визалық-көші-қон порталы арқылы елге оралуға арналған куәлікті ресімдеу процесін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді А.Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстанның шет елдегі 66 мекемесінде Қазақстан азаматтарына ыңғайлы болу үшін ЭЦҚ беру және «электрондық үкімет» порталының барлық қызметтеріне қол жеткізу жүзеге асырылады. Қазір осы қызметке қосымша 22 консулдық мекемені қосу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

«Ұлттық Ақпараттық Технологиялар» АҚ-мен бірлесіп консулдықтарға баруды жоспарлау және ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін онлайн-брондау сервистері әзірленді. Бұл сервис еліміздің шет елдегі 84 мекемесінде жұмыс істейді.

«Сонымен қатар «egov.kz» порталында консулдық қызметтер бөлімі құрылып, бұл электрондық түрде қызмет көрсетуге (өтінімдерді жіберуге), кез келген кезеңде өтінімді өңдеуді бақылауға мүмкіндік береді. Азаматтардың өтініштерін «е-Өтініш» порталы арқылы тікелей шетелдегі мекемелерде қарауға мүмкіндік берілді. Бұл өтініш берушілерге жауап дайындау уақытын қысқартады. Қазір порталға 31 шетелдік мекеме қосылған. Биылғы қазан айының соңына қарай барлық қалған шетелдік мекемелерді қосу жоспарланған», - деді ресми өкіл.

 

Серіктес жаңалықтары