Бақытжан Базарбек: «Жемқор әкімдер жайылымдық жерлерді жергілікті олигархтарға беріп жатыр»

Жерді бөлу рәсімі жергілікті атқарушы органдардың қолында.

Бақытжан Базарбек: «Жемқор әкімдер жайылымдық жерлерді жергілікті олигархтарға беріп жатыр»
lomonosovlo.ru
755

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек «Жер аманаты» республикалық комисссиясы жұмысының нәтижесінде қайтарылған жерлерді жергілікті әкімдер мұқтаж жандарға емес, ауқатты адамдарға үлестіріп жатқанын жариялады, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Б. Базарбек «Жер аманаты» республикалық комисссиясы жұмысының нәтижесінде 8,6 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған, алайда жайылым мәселесі күні бүгінге дейін шешімін таппағанын айтты.

«Қайтарылған жерлер – жайылымдық жерлер. Яғни халықты мал жаятын жермен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды. Бірақ кейінгі уақытта біз теріс сигналдар алып жатырмыз. Қайтарылған жайылымдық жерлерді жергілікті жемқор әкімдер оңды-солды жергілікті олигархтарға қайтадан беріп отыр. Осы жөнінде ақпарат бар ма, олар кімдер? Аты жөнін осы жерде нақты атасаңыздар», – деді депутат Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған  сауалында.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі мәселені реттеу үшін заңнаманы жетілдіру қажет екенін алға тартты.

«Жер аманаты» комиссиясы мен Үкімет бірлесе жұмыс істеп, жалпы 8,6 млн гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 2,8 млн гектар жер айналымға енгізілді. Атқарушы орган қайтарғанмен, жерді бөлу рәсімі жергілікті атқарушы органдар, яғни, әкімдіктердің қолында», – деді ол.

Оның сөзінше, былтырдан бері қайтарылған 8,6  млн гектар жердің 2,2 млн-ы қайтадан бөлініп берілген. 1,6 млн гектар жер жайылымға арналған.

«Қандай да бір облыста немесе нақты кімге жер заңсыз берілгенін кесіп айта алмаймыз. Қайтарылған жерді қайтадан бұрынғы иелеріне берген әкімдіктер бар. Бірақ бұл ретте алдымен заңнаманы жетілдіру қажет. Себебі қазіргі механизммен әкімдіктерге осы мәселеге қатысты шара қолдану көзделмеген. Сондықтан бұл мәселені заңнаманы жетілдіріп, әкімдіктерге шара қолданатын норма енгізгеннен кейін шешуге болады. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қайтарылған жерлерді бірінші кезекте елді мекеннің жайылым жерлерін кеңейтуге, халықтың мұқтаждығын қанағаттандыруға бағытталуы керегін әкімдіктерге үнемі ескертіп айтып отырмыз», – деп жауап берді АШМ өкілі. 

Серіктес жаңалықтары