«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды»

Қолдағы тарихи құжат-деректердің куә­лік беруінше, Қазақстандағы алғашқы фи­лар­мония Алматы шәрінде 1935 жылы 14 қаң­тарда Қазақ ССР Халық комиссарлары Кеңе­сінің қаулысымен құрылған.

«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды»
ашық дереккөз
3481

ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әншілік мектептің озық  бір үл­гі­сін қалыптаған, ерекше үнді, тенор Ғари­фол­ла  Құрманғалиевтің көзі жұмылғаннан кейін, 20-25 жылдан соң, «Құлан құдыққа құ­ла­са құр­бақа құлағына ойнайды» дегеннің керін келтіріп, оның шығармашылық ғұмыр дере­гіне «тың мәліметтер» енгізбекке тыраштанып, көлденеңнен киліккен көк аттылар пайда болды. Көпке түсінікті болу үшін басынан бастайық неге наразы болып отырғанымызды.

Бұдан біраз жыл бұрын Qazaqstan те­леар­на­сы­нан бір хабар берілген-ді. Әң­гіме Қызы­л­ор­да жақта өмір сүрген есімі Әділ­бек әлде Әділхан жайын­да өрбіді. Содан оған біраз мадақ арналды. Ар­қа­лы жыршы, төк­пе термеші еді деді. Таланты зор еді, көзі ті­рісінде бағаланбады деп қамықты жүр­­­­гізу­ші. Хабарды дайындаған журналист қыза-қы­за келе «Тіпті, Ғарифолла Құрманғалиевтің өзі мұ­ның алдында ән салуға тайсақтаған» (ас­тын сыз­дық.-Б.К.) деп салды. «Апыр-ай, ә!» де­дік. «Ел ішін­де елеусіз қалған небір та­лант­тар бар екен ғой» деп таң­ғалдық. Содан әжеп­тәуір уақыт алған мәні ша­малы әң­гі­ме­ден соң әлгі журналистің «Ал, термесін, үнін тың­даңыздар!» деп таспаға өзі жазып алған жаңа­­ғы жыршының даусын қосып жібергені. Ішіп отыр­­ған шәйімізге шашалдық та қал­дық. О, тоба! «Дауысы» бала жұбататын дең­гей­де. Әуені де ор­та­қол бірдеңе. «Жырының» не басы жоқ, не аяғы жоқ... «Мұндай да па­рық­­сыз болады екен!» деп таң­ғал­ған ек «жур­налист» деген атты иеленген есірікке қа­рап. Сөйт­сек, мұның соңы бұл емес екен. Бұдан кейін де Ғарифолла Құр­ман­ғ­а­лиев­ке қатысты тағы бір сорақы жайтқа куә бол­дық. Маңғыстаулық Алтынбек Тілегенов де­ген mangystaumedia.kz сайтында жарық көр­ген тарихи мәліметтермен, шындықпен еш ұштаспайтынын «деректерге» құрылған «Қо­жантай Қойбас Жалбырұлы» деген «ма­қаласында» (26.02. 2018 жыл) бүй депті: «Қой­бас 1932-1933 жылдары Алматыға ша­қы­рылып, филармонияға алынады. Осы Ал­матыда жүрген кезде Ғарифоллаға дәріс бер­генін, ұстазы болғандығын да Балтөре апай арасында айтып кетеді. Ақыры 1-2 жыл­дан соң арызданып, сұранып, Қойбас ауы­лына қайтып келеді. Елде сол егін бри­га­дирі болып жүрген кезде 1937 жылы «То­ба­нияз­дың айбалтасын ұстады» деген айыппен бір түнде ұсталады». 
Қолдағы тарихи құжат-деректердің куә­лік беруінше, Қазақстандағы алғашқы фи­лар­мония Алматы шәрінде 1935 жылы 14 қаң­тарда Қазақ ССР Халық комиссарлары Кеңе­сінің қаулысымен құрылған. Директоры бо­лып А. Жұбанов тағайындалған. 1938 жы­лы жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімі бе­рілген (қазіргі Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясы.-Б.К.). Демек, Қой­басты Алматыға арнайы шақырылып, 1932-33 жылдары әлі ашылмаған филар­мо­ния­ға жұмысқа алынды деу – еш қисыны жоқ бөстекі сөз! Олай болса, оның Ғари­фол­ла­ға «дәріс берді» дегені де жалған! 
Мұндағы тағы бір қайшы нәрсе: 1932-33 жылдары Қазақстанды аштық жай­лады. Балапан басына, тұрымтай тұсына жан-жаққа босқан заман еді. Әркімнің тірі қа­лудан басқа ойы жоқ-ты. Сондықтан сол кездегі ахуал филармония ашып, елден ерек көңіл бөліп, Қойбасты іздейтіндей жағдайда емес-тұғын. 
Ауыл арасында тараған осы қисынсыз жал­ған әңгімені негіз еткен болар, Амандық Кө­меков те бұдан бірнеше жыл бұрын ел естімеген «жаңалықты» әлеуметтік же­лі­де­гі парақшасында жариялап, былай деген-тін, сонысын бірекі ауыз сөзге сидырып кел­­­­тірейік, ол: «Қожантай Қойбас Ғари­фол­ла­ға ұстаз болған. 1934 жылы үкімет адай ән­­дерін Ғарекеңе үйреттіру үшін арнайы қар­жы бөлдіріп, Қожантай Қойбасты Ал­ма­тыға алдырған» (астын сыздық.-Б.К.) – деген-ді. 
Әуелі таңғалдық. Кейін күдіктене баста­дық. Ғарифолланың әр жылдары оқыған жер-жердегі шәкірттеріне сұрау салдық. Олар­дың қай-қайсы да «ондай адамды ұста­зы­мыздан естімедік» деді. Олай болса, Қой­бас­тың 1934 жылы Ғарифоллаға ән үйретті де­гені – мүлде өтірік! Сонда мұндай қисын­сыз сөзді таратуына нендей жағдай А.Кө­ме­ковті мәжбүрлеп тұрған?! 
Ешбір дәлелге негізделмеген, ойдан шы­ға­рылған жалған оқиғаны насихат еткен осын­дай жайтқа және куә болдық. 
Нұржігіт Нұрболатұлы есімді жігіттің әлеу­­меттік желідегі парақшасында Адайдың жеті қайқысының бірі – Әділ Өтеғұлұлына қатысты деректер жарияланған екен, соған біраз пікірлер жазылыпты. Сонда Келтир Ша­ненов деген былай депті: «Айтулы әнші, Қа­­зақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Ға­ри­фол­ла Құрманғалиев «Мен Әділді Тайсойғанда жас кезімде көргенмін. Оның әншілігінің қа­­­­сында біздікі жәй дауыс қой. Қолына су құя алсақ жарағанымыз», – деп мезгілінде есі­не алып қояды екен» (астын сыздық.-Б.К.). 
Бұл «деректі» Келтир Шаненов қайдан алған, дереккөзін анықтап көрсетсе дей­міз. Анау сөй деп еді, мынау бүй деп еді де­ген сырғытпа сөз нақты жауапқа жатпай­ды...
1982 жылы көкек айында Республикалық эст­рада-цирк өнері студиясында 1965 жыл­дан бастап ұстаздық қылып келе жатқан Ға­р­ифолла ата Құрманғалиевті әдейі іздеп барып, алтын дидарын көрдік. Ән салып, ба­ғымызды сынатып, батасын алдық, содан 1985 жылға дейін көз алдында жүрдік, дас­тар­қанынан дәм таттық. Қасында сағаттап оты­рып, талай тарихты тыңдадық. Қай әнді қай өңірден алғанын, кімнен үйренгенін, т.б. бетпе-бет отырып, естіп білдік. Ұстаздарым Шай­қы, Шынтас еді дейтін. Әбуғалидың Құ­мары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұр­мақан, Иманғали дейтін. Бірақ бұлардың қа­тарынан Қожантай Қойбастың не Әділдің есі­мін естімедік (астын сыздық.-Б.К.). Мұның бә­рі қағазға қатталып, ғылыми журналдарда жа­рия көрді. Кітап болып шықты.
Қазақ радиосы қорынан алынған Ға­ри­фолла Құрманғалиевтің 1975 жылы ақ­тө­бе­лік журналист Сәбит Сүлейменовке берген сұх­баты жеке архивімізде сақтаулы. Сонда айт­қан деректерінде де әнші ақсақал: «Қы­зық­қан әншім Мұхиттың баласы Шайқы бол­ды. Шынтас Қаратаев деген әнші болды, Әбуғалидың Құмары, Сартай, Сартайдың ба­ласы Құбайыс, Жарылқаған деген жыр­шы­лар болды. Осыларды тыңдауға қатты құ­мар­ландым» (астын сыздық.-Б.К.), – деп өзі­не үлгі болған әншілер мен жыршылардың ат­тарын атап, түстерін түстеп айтқан. Мұнда да өзіне «құлдық ұрғызып қойған» Әділді не «ән үйреткен еңбегі бар» Қойбасты аузына ал­маған! (астын сыздық-Б.К.)
Бір әңгіме үстінде ғазиз ұстаз: «Мұхитты Жым­питының қан базарында көрдім бір рет. 15-20 метрдей жерден. Ат үстінде. Бес-алты жа­сар кезім болар, сірә. Шоқша сақалды. Ән сал­ғанда маңдайы бір жиырылып, бір жа­зылып, басындағы кәмшат бөркі ілгері-кейін­ді қозғалып отырады екен. Дауысы сон­дай ащы. Әдемі. Ондай үнді өмірі есті­медім», – деп еді.
Ғарифолла атамыз сөзін ұстазы Мұ­хит­тың баласы Нәуден туған Шайқыға әкеп ті­рей беретін. Сонда ылғи қайталап айтатын мы­на бір сөздері жадымызда жатталып қал­ды: «Мен әнді Шайқыдан үйрендім. Қа­сы­на мүшел жасқа толар-толмастан ердім. Уай, оның әншілігі сұмдық еді. Тор төбел аты болды. Қайда той-топыр, сонда әкететін мін­гестіріп. Ат үстінде ән салады сондайда жа­зық далада келе жатып. Біраздан соң: «Ал, Ға­рифолла, сен сал», – дейді. Бөгелмеймін, ба­сам. Әнімді аяқтаған соң жарықтық: «Ой, құл­дығым, түбі мықты әнші боласың», – деп бауы­рына қысатын. Сонда деймін-ау, Шай­қы­ның е-ең жоғарғы дауысына үнімді үш ты­ныс алып барып теңестіретінмін. «Ди­дар­ды» салғанда... Құдай сақтасын, айтатыны жоқ...» – дейтін ылғи да.
Айтпағымыз «Әділдің әншілігінің қа­сын­да біздікі жәй дауыс қой. Қолына су құя алсақ жара­ғанымыз» деп «құлдық ұрып табынып қал­ған» Ғарифолла атамыз Әділді көргенін, оның да үніне осылайша таңғалғанын ал­ды­нан өткен шәкірттеріне, журналистерге бер­ген сұхбаттарында неге айтпаған?! Со­лар­дың біреуі болмаса біреуі осы кезге дейін ес­телік қылып баяндар еді ғой естісе.
Қожантай Қойбас, Әділ Өтеғұлұлы Аман­дық Көмековтің, Келтир Шаненовтің, Ал­тынбек Тілегеновтің біріне рулас болар, бі­ріне басқалай жақындығы бар шығар, аны­ғын білмейміз. Бірақ ең жоғарғы дыбыста шыр­қаған дауысы 1947 жылдан бері Ита­лия­ның Генуя қаласында «Әлемде сирек кез­де­се­тін дыбыстар мұражайында» (астын сыз­дық.-Б.К.) сақтаулы тұрған, үні үшінші ок­тава­ның ми нотасына жеткен (сопрананың биік­тігі) (астын сыздық.-Б.К.) Қазақстанның Ха­лық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, айрықша тенор Ғарифолла ата Құр­ман­ғалиевтің айтпаған сөзін айтты қылған, бол­маған нәрсені болды қылған қисынсыз өті­ріктерін таратуы – ғұмырының көбі өтіп, азы қалған 73 жастағы Келтир Шаненовқа, сон­дай-ақ, А.Көмековке, А.Тілегеновке жа­расатын адами қылық па?! Қияметте сұрауы болатынын ойламағандары ма?! 
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят ке­теді» дейді қазақ. Бірінің жалған сөзін бірі іліп әкетіп отырған бұлар мұнымен тоқ­тал­мап­ты. Әлгі Алтынбек Тілегенов деген: «...бұ­рын Мұхиттың әні деп жүрген «Жайма қоңыр» әні Әділ Өтеғұлұлынікі екені анық­тал­ғанын мен «Адайдың жеті қайқысы» кіта­бына нотаға түсіріп, Әділдің әні екенін жаз­ғанмын» (астын сыздық.-Б.К.), – депті «Қо­жантай Қойбас Жалбырұлы» аталатын «ма­қаласында» еш шімірікпестен. 
Мұнысы қаншалықты рас, дерек­көз­дерді шолып өтелік енді. Шығарма 1960 жылы баспадан шыққан «Мұқит Ме­ра­лы­ұлы. Әндер» аталатын жинаққа енгізіліп, «ав­торы Мұқит» деп көрсетілген (назарға ұсы­нылған 1-2 суреттерге қараңыз). Сөздері былай:
«Тәкаппар неге керек пасық кісі,
Ойнайды көзін қысып ғашық кісі.
Білдірген көңіл сырын ишаралап,
О-дағы ғашықтықтың басықтысы.
Тәкаппар неге керек менмен кісі,
Өлеңді неге айтпасын білген кісі.
Алыстан сұлу көркің көз тартқандай,
Қасыңнан неге кетсін келген кісі» (Қараңыз: Мұқит Мералыұлы. Әндер. Нотаға тү­­сір­ген Б.Ерзакович. Құрастырған М.Май­че­кин. Қазақтың мемлекеттік көр­кем әдебиет баспасы. Алматы – 1960. 20-бет).
Мұнда Ғарифолла Құрманғалиев «Жай­мақоңырды» Мұхиттікі деп орын­даған, әнді нотаға түзген музыкатанушы ға­лым Б.Ерзакович те авторын солай көр­се­тіп, таңбалаған.
Осы тұста мынадай сұрақ туады: Келтир Ша­неновтың куәлік етуінше, жүздесіп кө­зімен көрген, әндерін тыңдаған, «Әділдің ән­­шілігінің қасында біздікі жәй дауыс қой. Қо­лына су құя алсақ жарағанымыз» деп «құл­дық ұрып табынып қалған» Ғарифолла ата­мыз нотаға «Жаймақоңырды» неге «Әділдің әні» демей «Мұқиттың әні» деп түсіртті екен?! (астын сыздық.-Б.К.) Мұның ел біл­мей­тін құпиясын Келтир Шаненов пен Ал­тын­бек Тілегенов дегендер баяндап берер бәл­кім.
Тағы да айғақ келтірейік. «Жаймақоңыр» Ал­маты шаһарынан 1968 жылы жарық көр­ген «Халық композиторларының әндері» ат­ты кітапқа да енгізіліп, Мұхит ән-өлең­дерінің қатарында тұр. Мұның шумақтары бы­лай делінеді:
«Тәкаппар неге керек пасық кісі,
Ойнайды көзін қысып ғашық кісі.
Білдірген көңіл сырын ишаралап,
О дағы ғашықтықтың басыртқысы.
Тәкаппар неге керек менмен кісі,
Өлеңді неге айтпайды білген кісі?!
Алыстан сұлу көркің көз тартқандай,
Қасыңнан неге кетсін келген кісі» 
(Қа­раңыз: Қазақ әндері. 3 томдық. Алматы. «Жа­зу­­шы», 1968. Т. 2. Халық компо­зи­тор­лар­ы­ның әндері. 141-бет). 
Мұнда да «Әділдікі» демеген. «Білгір» Кел­тир Шаненов пен Алтынбек Тілегенов мұ­ның да құпиясын ашып береді деп ойлаймыз.
Бірер сөздерінде ғана өзгешеліктері бар «Жай­­мақоңырдың» қолымыздағы үнтас­па­дағы шумақтары былай:
«Тәкаппар неге керек менмен кісі,
Өлеңді неге айтпайды білген кісі?!
Алыстан сұлу көркің көз тартқандай,
Қасыңнан неге кетсін келген кісі» 
Тәкаппар неге керек пасық кісі,
Ойнайды көзін қысып ғашық кісі.
Ойымнан күндіз-түні еш кетпейсің,
Ол-дағы ғашықтықтың бір белгісі. 
Ғарифолла Құрманғалиев «Жайма­қоңыр­ды» барлық шәкірттеріне «Мұхиттың әні» деп үйретті. Теле-радио қорына, күй­та­бақ­тарға да солай жаздырып қалдырды.
Әлгінде айттық, Қазақ радиосы қорынан алын­ған Ғарифолла Құрманғалиевтің 1975 жы­лы ақтөбелік журналист Сәбит Сү­лей­ме­новке берген сұхбаты жеке архивімізде сақ­таулы деп. Сонда әнші қарт: «Шайқыдан ал­ғаш үйренген әндерім «Дидар», «Көкайдай». Шын­тастан Мұхиттың (астын сыздық.-Б.К.) «Үлкен айдайын», «Кіші айдайын», «Ай­нам­кө­зін», «Жаймақоңырын», (астын сыздық-Б.К.) «Паңкөйлегін» үйрендім», – деп ап-анық қылып айтқан.
К.Шаненов пен А.Тілегенов өзеуреп «Әділ­дің әні» деп отырған «Жаймақоңырды» Шын­тас Қаратаев шәкірті Ғарифолла Құр­манғалиевке «Мұхиттікі» деп алдап үйретіп жі­берген бе? Сондай-ақ аталған әуеннің му­зыкалық құрылымы неліктен Маңғыстау тү­бегі әндерінен өзгеше қалыпталған? К.Шаненов пен А.Тілегенов дегендер бұлар­дың да ақ-қарасын ашып, нақты дәлелдері­мен бұлтартпай анықтап берер деп үмітте­не­міз!
ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құ­қық­тар туралы», «Мәдениет туралы» заңдары қор­ғауға алынған мәдени мұраларға жасал­ған бейәдеп әрекеттерге жауапкершілік жүк­­­тейтінін де еске сала кетейік сөз соңында.

Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы

Серіктес жаңалықтары