Қорғанысымыз мықты болсын десек, отандық өнеркәсіпке иек артуымыз керек

Биылғы Президент Жолдауында өнеркәсіпті дамыту, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау, дамыту жөнінде Үкіметке міндет жүктелген болатын.

Қорғанысымыз мықты болсын десек, отандық өнеркәсіпке иек артуымыз керек
ашық дереккөз
1201

Осы аптада Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі мәселелері бойынша заңға енгізілген түзетулерді қабылдады. Жалпы, қорғаныс саласындағы техника кө­бі­не­се шет­елден импортталатыны белгілі. Сток­гольм халық­ара­лық бейбітшілік проблема­ларын зерттеу инс­ти­тутының (SIPRI) баяндама­сындағы мәліметте 2015-2019 жылдары еліміздегі  қару им­портының көлемі алдыңғы бес жылдық ке­зеңмен салыстырғанда 238 пайызға өскені көрсетілген. Дегенмен өзімізде шығып жатқан өнімдер де жоқ емес. Қазір қорғаныс техникаларын өндіретін 47 кә­сіп­­орын жұмыс істеп тұр. Президент бұл саладағы им­­портты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс істелуі ке­рек екенін нақты айтты. Салаға шолу жасап, қазіргі ахуа­лын саралап көрдік.

Өндіріс бар, қолдау керек


Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту, сондай-ақ импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік беретін оқшаулау үлесі жоғары өндіріс циклін құру мәселелерін айтты.
– Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркә­сіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған ел­дердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бас­ты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелді­лік­ті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үле­сі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды мін­дет.
Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жа­рақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс, – деді Президент.
Әртүрлі ресми статистикалық дерекке сүйен­сек, елімізге қару-жарақ, әскери техниканың басым бө­лігі импортталады. Еліміздің жауапты ор­гандарының ресми ресурстарынан әскери тех­ника экспорты мен импортына қатысты нақты мәлімет та­ба алмадық. Ал Стокгольм халықаралық бейбіт­ші­лік проб­ле­ма­ларын зерттеу институтының (SIPRI) баяндамасында 2015-2019 жылдары еліміздегі  қару импортының кө­лемі алдыңғы бес жылдық кезеңмен салыстырғанда 238 пайызға ұлғайғаны көрсетілген. 
– Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орын­да­рының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті ма­териалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелер­дің тапсырысы керек. Заманауи технология транс­фер­тін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жал­ғастырған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қазір еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені 47 мем­лекеттік және жеке кәсіпорыннан тұрады. Олар жыл сайын 200 миллиард теңгеге өнім өндіреді екен. Енді әскери техниканы жөндеу технологиясын игеру үлесін көбейту көзделіп отыр. Қазір елімізде Орталық Азия аймағындағы бронды техникаларды жөндеуге маманданған жалғыз «Семей инжиниринг» (Семей) зауыты бар. «Қазақстан инжиниринг» Ұлт­тық компаниясы» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің негізі саналады. Оның құрамына 26 ұйым кіреді, оның ішін­де, 26 еншілес, 3 бірлескен бақылаудағы және 6 тәуелді қорғаныс кәсіпорны бар. Компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры». 5 қыркүйектегі оқу-жаттығу жиынында Мем­лекет басшысы еліміздегі қару-жарақ пен әс­кери техника шығару және жөндеу мүмкіндіктерімен танысқан еді. Сол кезде «Navyco» компаниясының өкілі (Астана) бронды техниканы қалпына келтіруге ар­налған агрегаттардың дала жағдайында  қалай ауыс­тырылатыны, ал «КамАЗ Инжиниринг» (Көк­ше­тау) және «№405 авиажөндеу зауыты» (Алматы) кә­сіпорындары әскери техниканы құрастыру, қал­пына келтіру мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді. Көр­меге Қазақстан мен Түркияның «Қазақстан Aselsan инжиниринг» (Астана) бірлескен кәсіпорны, «Восток Полимер Снаб» ЖШС (Өскемен), «Universal-Build» ЖШС (Алматы), «Energy General» ЖК (Алматы) және басқа да кәсіпорындардың өнімдері қойылған болатын.
Сонымен қатар Президент Жолдауда арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қол­дау көрсетілетінін де айтты. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше жыл бұрын да көтерілген, тал­қы­ланған еді. Сол кездегі жауапты мекеме –  Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қор құру үшін инвестор керек екенін айтқан болатын. Қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын қар­жы­ландыруда айтарлықтай жүйелі тәсілдің жоқтығы осы саланы дамыту мен жетілдіруге кедергі келтіріп отырғанын алға тартқан министрлік елімізде биз­несті қолдау құралдары қорғаныс-өнеркәсіп кешені кә­сіпорындарын дамытуды толықтай қамти алмай­тынын мәлімдеген еді. Кейін Ашық НҚА порталында мемлекеттік «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры» акционерлік қоғамын құру туралы Үкімет қау­лысының жобасы да жарияланды. Жобаға сәй­кес, қор отандық ғылыми-техникалық өнім өндіруге қар­жылық жағынан қолдау және қорғаныс-өнер­кәсіп кешені ұйымдарын жаңғыртумен айналысады. Қо­ғамның жарғылық капиталын қалыптастыруға 2022 жылға көзделген республикалық бюджеттен 153 150 мың теңге бөлу де жоспарланыпты.
2000 жылдан 2010 жылға дейін қорғаныс са­ла­сындағы мемлекеттік тапсырыстарды орындауға жа­салған сараптама отандық кәсіпорындардағы ат­қарылған жұмыс көлемінің өте аз болғанын көр­сетеді. Осы уақыт аралығында мемлекеттік тап­сы­рыс әскери құрылымдардың қару-жараққа, техника мен мүлікке деген сұранысын басқа елдерден жет­кізіп келген. Бұл отандық кәсіпорындарға кері әсер етіп, олардың дамуын тежеді. Кейін мәселе бұйрық, заң, қаулылар арқылы реттелгенімен, қорғаныс өнер­кәсібін мемлекеттік реттеу мен оған қаржылай қол­дау көрсету жөніндегі өнеркәсіп саясатының жеткілікті деңгейде тиімді болмауы салдарынан осы саладағы дағдарысты еңсеру мүмкін болмады.
Яғни, елімізде жұмыс істеп тұрған, өнім өн­діре­тін әскери техника кәсіпорындары бар. Дегенмен басымдық шетел техникасына, импортқа бе­ріледі. Президент Жолдауда көтеріп отырған бас­тама осы импорттың үлесін азайту мен отандық өнім­ді қолдауға бағытталып отыр.

Заңға өзгерістер енгізілді


Осы аптада Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ли­­касының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиа­ция, қорғаныс өнеркәсібі және мем­ле­кеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңды қабылдады. Де­путат Айгүл Құспанның баяндамасына сүйенсек, заң қабылдауға бір топ де­путат бастамашы болған, себебі 4 жыл бұ­рын ғана қабылданған заңнан кем-ке­тік анықталған.
– Қорғаныс өнеркәсібі мен мем­ле­кет­тік қорғаныс тапсырысын реттейтін заң 2019 жылғы 18 наурызда қабылданды, яғни, 4 жыл ғана өтті. Алайда осы жылдар ішін­де заңның қолдану практикасы Мә­жі­ліс­тің түрлі іс-шараларында, дөңгелек үстел­дер­де, Комитеттің тақырыптық және көшпелі оты­рыстарында айтылған бірқатар проблемаларды анық­тады. Осыған байланысты бүгін қаралып отыр­ған заң жобасына бір топ депутат бастамашы болды.
Әрі қарай заң жобасының негізгі тармақтарына тоқ­талған депутат жаңадан құрылымдалған ми­нистр­лікке жаңа функция беруді ұсынды.
– Біріншіден, Уәкілетті органға, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, оқ-дәрілер мен жа­рыл­ғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өн­дірістік қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту функциясын беру ұсынылады. Ең әуелі бұл құжат жа­рамдылық мерзімі өткен оқ-дәрілерді кәдеге жа­ратумен айналысатын «Қазтехнология» қазақ­стан­дық мамандандырылған ұйымының қызметі үшін қажет, – деді ол.
Айгүл Құспан заң жобасында қару-жарақ пен әс­кери техниканы жөндеуді оңайлату және же­дел­дету мақсатында біздің күш құрылымдарымыздың мемлекеттік сатып алу тәртібімен жиынтық­тау­шы­лар мен қосалқы бөлшектерді сатып алу мүмкіндігі қарас­тырылғанын айтты.
– Ал орташа немесе күрделі жөндеу, қоз­ғалт­қыш­­тар мен беріліс қораптар және т.б. елеулі торап­тар мен агрегаттарды керек ететін жөндеу мәсе­ле­ле­рін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қал­дыру қажет деп санаймыз, себебі аталған сұрақ­тар мұқият пысықтауды талап етеді, – деді депутат. 
Заң жобасында форс-мажор жағдайларға бай­ланысты мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау мәселелеріне өзгеріс енгізілді.
– Коронавирустың таралу қаупін азайту мақ­са­тында Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай ре­жимі бәріміздің әлі де есімізде. Пандемия мемле­кет­тердің экономикасына да, бизнесіне де кері әсерін ти­гізді. Осы сияқты форс-мажор жағдайларға бай­ланысты мемлекеттік қорғаныс тапсырысының мер­зімі бұзылған еді. «Мемлекеттік қорғаныстық тап­сырысы туралы» заңның қолданыстағы нор­ма­лары шарттың орындалу мерзімін өзгертуге мүм­кін­дік бермейді. Сондықтан біз форс-мажорлық жағ­дай немесе еңсерілмес күш туындаған жағдайда шарт­тардың орындалу мерзімдерін өзгерту мүмкін­ді­гін қарастыруды ұсындық. Аталған түзету қорға­ныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қолдауын тапты, – деді Айгүл Құспан баяндамасында.
Сонымен қатар заң жобасында «Қазақстан Рес­публикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиа­ция қызметі туралы» заңына Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органы ретінде Қорғаныс ми­нистрлігінің мемлекеттік авиациясында ұшу жұ­мысын ұйымдастыру жөніндегі және бақылауды ұйым­дастыру жөніндегі нұсқаулықтарын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін белгілеу бөлігінде тү­зетулер енгізіліп отыр.
– Жалпы алғанда, осы Заңның қабылдануы қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені қызметінің тиімділігін жә­не еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал етеді, – деп қосты депутат.
Бұл Жолдаудан кейін талқыланып, Мәжіліс қарауынан өткен мәселелер Қорғаныс өнер­кә­сібіндегі мәселелерді шешуге ықпал етеді деген се­нім бар.
Президент тапсырмаларын іске асыру үшін Қор­ғаныс және Өнеркәсіп пен құрылыс министр­ліктерінің, ҚӨК кәсіпорындары басшыларының ведомствоаралық кеңесі өткізілді, онда проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты тал­қыланды. Қолда бар қару-жарақ пен әскери тех­ника паркін техникалық тұрғыда қамтамасыз ету және жөндеу, қару-жарақ пен әскери техниканы, оқ-дәрілердің заманауи үлгілерін өндіруді меңгеру және оқшаулау мәселелері де қозғалды. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігінің әскери-техникалық ын­тымақтастық және қорғаныс-өнеркәсіп кешені са­ласындағы уәкілетті орган ретіндегі рөлі аса маңыз­ды екенін атап өтті. Әскери өнімдердің жаңа өн­діріс­терін жолға қоюда ҚӨК даму қоры маңызды рөл атқарға тиіс, оның қаржыландыруы тек қорға­ныс мүддесі үшін шын мәнінде талап етілетін жо­баларды ғана алуға тиіс екені айтылды. Жалпы, қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу тех­нологиясын игеру үлесін 55 пайызға дейін, жаң­ғыртуды 35 пайызға дейін, қазіргі заманғы өнді­ріс­терді 70 пайызға дейін жеткізуге меже қойылып отыр.

Төленді Жұртыбаев, 
«Қазақстан парамаунт инжиниринг» ЖШС бас инженері:

Мемлекеттік органдар отандық өндірушілермен тығыз жұмыс жасаса...
– Қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша Қазақстанда бірнеше зауыт жұмыс істеп тұр. Өндіріс орындары бар. 1 қыркүйектегі Пре­зиденттің Жолдауында айтылған мәселелер сол зауыттарға, сол өндіріс орындарына үлкен үміт беріп, мүмкіндік тудырып отыр. Әскери өнеркәсіп саласы – өте күрделі, мол қаржыны, білік­тілікті талап ететін сала. Президент те қазіргі саяси ахуалға бай­ла­нысты өнеркәсіп саласының үлкен рөл атқаратын, елдің қауіп­сіз­дігін, тыныштығын сақтауда басты орын алатынын атап өтті. Үкіметке нақты-нақты тапсырмалар беріп, импорттық, сырттан келе­тін әскери жабдық, әскери техниканың орнына, керісінше мына отандық өндірістерді лока­лиза­циялауды міндет етіп отыр. Бұл міндетті түрде жаңадан қару түрлерін, жаңа өндіріс орындарын, әскери саланы әрі қарай дамытудағы жаңа белестерге жетуде алғышарт болмақ. Сондықтан осы саладағы өндіріс орындары бұл бастаманы қолдап отыр. 
Сонымен қатар осы саланы дамытуға бағытталған қор құрылатынын да айтты. Бұл да өндіріс орындарын ары қарай техникалық жағынан қайта жабдықтауға, мамандарды оқытуға, біліктілігін арттыруға, жаңадан өндіріс орнын ашуға жаңағы керемет мүмкіндік деп ойлаймын. 
Қазақстан парамаунт инжинеринг компаниясы – Орталық Азия, жақын және алыс шетелдердегі бірден-бір әскери техника шығаратын зауыт. Мұнда өзіміздің отандық әскери техниканың бірнеше түрі шығарылып жатыр. Өндіруге дайын басқа да техниканың түрлері қарастырылып жатыр. Мүм­кін­дігі – зор, қазіргі заман талабына сай. «Арлан» 4x4, «Барыс», «Алан» сияқты әскери техникалары­мыз­ды біздің әскер пайдаланады. Одан басқа әскери техниканың көптеген түрі жобаланып жатыр. Барлығы –өзіміздің отандық конструкторлар, инженерлердің күшімен. Мүмкіндігіміз, әрине, зор. Зауытта 250 отандық инженер, қызметкерлер жұмыс істейді. Локализация деңгейі әрқалай, бірақ 70 пайыз­дан кем емес. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Яғни, 100 пайыз десек, сол жүз пайыздың 70 пайы­зы өзімізден шығарылады. 
Ал импорт келіссөз деңгейінде ғана. Бірақ өндірістік мүмкіндігіміз бар, әлеуетіміз бар. Бірақ та олардың талабы, ішкі нарықты қамтамасыз ету, қанша дана деген сияқты жаңа өздерінің талаптары бар. Ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін ғана бірлесіп жұмыс істей аламыз. Бірақ үлкен қызығушылық бар. Біздің жер жағдайына, ауа райы жағдайына, содан кейінгі мына қазіргі заман талабына сай қорғаныс біздің техникаға сұраныс өте жоғары.
Тапсырыс беруші мемлекеттік органдар, соның ішінде Қорғаныс министрлігі және де басқа да күштік құрылымдар мүмкіндігінше отандық өндірушілермен тығыз жұмыс жасаса деген ой бар. Оларға не қажет, қандай талаптары бар, қандай техника керек деген сияқты талаптарын, ұсыныс­тарын айтып, өндірушілермен тығыз жұмыс істесе деген тілек бар.
Екіншіден, келісімшарт жасау,  жоспарлау мәселесі. Техниканы сатып алу бойынша келісімшарт жасау ұзақмерзімді болса екен деген ой бар. Бір жыл, екі жылға емес, бізде өзіміздің әл-ауқатымызды, техникалық мүмкіндігімізді көрсетіп, мамандарымызды икемдей алатындай ұзақ уақытқа жоспарлауды қарастырса екен дейміз. Ал біз, әрине сапалы, заман талабына сай жүйелерді қамтамасыз етуге тырысамыз.

P.S. Қорыта айтқанда, еліміздегі қорғаныс өнеркәсібі саласының болашағы алда, қазір де шығарылып жатқан өнімдер сұранысқа ие. Дегенмен қолдау керек-ақ. Өзгенің өніміне ұмтылмай, өзіміздікін бірінші орынға қойсақ, мұның өзі зор салаға демеу болары анық.
 

Серіктес жаңалықтары