Абстракция астарындағы ақиқат

Абстракция астарындағы ақиқат

Абстракция астарындағы ақиқат
ашық дереккөзі

Қазір қазақ бейнелеу өнерінде өзінің лайықты орнын ойып алған суретші Қуат Асқаровтың басқаларға ұқса­май­тын басты қыры сол, ол мифология мен абстракция син­тезінен өзіндік стилін тапқанымен ерекше баға­ла­нады. Осы тұрғыда гиперреализм бағытында бағын сынап ке­ле жатқан оның шығармашылығы образдардың эмо­ционалдық құрамдас бөлігінен алшақ кетпей, картиналарға баян­дау сипаты мен жаңа сезімдер қоса алатынымен құнды. Бұл сурет­шінің нақты техникалық мүмкіндігін ғана емес, абстракцияға тән біраз компоненттерді де қамтитыны – тыл­сым құбылыс. Көптеген өнертанушы гиперреализмді қазіргі заманғы бірегей реалистік стильдің бірі ретінде қарастырғанымен де енді біреу­лері оны абстракционизмның соны ағымы ре­тінде қарастырып келеді. Мен де соң­ғы­ла­рына қосыламын. Олай дейтінім, адам­дарды те­рең ойлануға үйрететін абстракцияның эле­менттері гиперреализмнен молынан та­былады. Осы ағымның Қазақстандағы бір­ден-бір өкілі ретінде Қуат Асқаров өз кар­­ти­на­ларында Тромплей техникасын қол­да­на­тындықтан болар, көрерменді оп­тикалық ил­люзия құра білетіндігімен баурап алады. Осы тұрғыдан алғанда оның туындыларынан суперреализм мен мегареализмнің ка­нон­дарын да байқауға болады. Алайда оның бас­ты мақсаты иллюзия құру емес, оның мұра­ты – кез келген затқа деген суретшінің төл көзқарасына назар аударту. Ол шынында да заттардың масштабын өзгерту мен ны­­сандарды жасанды жағдайда орналастыру ар­қылы көрушіні тосын ойларға итер­ме­лей­ді. Суретшінің ең басты мақсаты бұл да емес. Оның түпкі ойы біздің шындық туралы та­ны­мымызға балама көзқарасын білдіре оты­рып, әлеуметтік мәселелерге алабөтен мән беру үшін саяси және философиялық идея­ларын ұсынуында жатыр.  width=Мен айтар едім, Қуаттың тағы бір түйт­­­­кілді арманы – ой тереңдігіне құ­рылған оқиғаға көрерменді де қатыстыру­ға ұмтылуы. Бұл – әрине, суретші үшін оңай мін­дет емес. Алайда Қуат Асқаров өз туын­ды­ларында композицияны интуитивті түрде таң­дау арқылы кез келген көрерменді бей­жай қалдырмайды. Бейнелеу өнерінің хас ше­бері өзінің керемет техникасына қоса шы­найы әлемнің сөздің жақсы мағынасын­да­ғы елесін жасауға көмектесетін нәзік эле­менттерді пайдалану арқылы туынды­ла­рына қосымша мағына беруімен алға озып тұр. Оның картиналарын көзбен көру бір бас­қа, жүрекпен сезіну керек. Оны айтасыз, ақылға салып безбендеуді қажет етеді. Қуат Асқаров – ұлттық мифологиялық бей­нелерді абстракциялық бағыттың эле­мент­теріне бағындыра отырып, филосо­фия­лық ой қорытуға қол жеткізген суретші. Бас­­­­қаша кестелесек, Қуат Асқаров – «Ми­фо­ло­гия-Абстракция-Философия» симбиозы ар­қылы ақиқатты іздеген талантты туын­ды­гер. Оның картиналарындағы сюжет ми­фо­логияға жүгінгендіктен болар, ілкі сәтте туынды пассеистік сарында жазылғандай әсер қалдырады. Бірақ олай емес. Сақа сурет­ші көне дүниенің тылсым тұстарын алдыңа ақтарып отырып, сені қазіргі заманның проблемаларын түсінуге және оны шешудің жолдарын бірге қарастыруға шақырады. Шығармашылық шеберлік деп осыны айтар болар! Ол осы бір өзіне ғана тән сырлы син­тез арқылы қазіргі бейнелеу өнерінде ақи­қат­ты табуға ұмытылып қана қоймай, сол жол­дағы шығармашылығында үлкен үйле­сім­ділікке жеткен. Қуат Асқаров абсолютті ақиқатты айтуға ұмтылмайды. Мұндай ұғымның болмайтынын да жақсы біледі. Сон­дықтан болар, туындыларында қара­пайым ақиқаттың өзін ашықтан ашық жайып салмайды. Саналы түрде. Оның түпкі мақ­саты әріде жасырынып жатыр. Ақиқат те­зиз пен антитезистің қорытындысынан шы­ғатынын жақсы игерген суретші ой сик­ве­лін жасауды көрерменнің өзіне қалдырады. Суретші картиналарындағы ой энергети­ка­сының буырқанған бояуы осында дер едім. Қуат Асқаровтың біз айтып отырған су­рет­керлік қарым-қабілеті әсіресе, оның «Тұл­парға ода» деген тамаша туындысынан ай­қын аңғарылады. Сондықтан да біз атал­мыш туынды төңірегінде егжей-тегжейлі сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Бұл картинада тәуел­сіздік алған отыз жыл ішіндегі ха­лық­тың жақсы өмірге деген құлшынысы мен өз мүмкіндігін дұрыс пайдаланбауы ара­сын­дағы көзге көрінбейтін құбылыстың осал тұстары философиялық тұрғыда толық­қан­ды ашылған. Суретші «Троя атын» ірі планда көр­сете отырып, жұмбақ дүниенің сырын тап­паған адамдардың күйкі тіршілігін сурет­керлік деңгейге дейін көтеріп әкеткен. Қара­пайым халық елдің өркендеуіне жұмыла кіріскенімен де, істің ығын білмегендіктен олар­дың барлық үмітінің орындалмай жат­қанын келісті оймен кестелеген. Кар­тина­дағы гиперболалық тәсілмен салынған ер-тоқымды көтерген он шақты адамның тірлігі де, жылқы мен адамнан да әлдеқайда биік көрінетін алып арба дөңгелегін аттың аяғы­на қондырғалы бара жатқан жігіттердің күл­кілі іс-әрекеті де, беріректе тылсымға то­лы «Троя атына» қанат байлап ұша жө­нелуді ақылдасып тұрған екі жігіттің арман-қиялы да, зәңгі көтеріп, «Троя атына» шығуды қиял­дап, бос әурешілікке салынып жатқан жігіт­тердің далбаса дәмесі де – бәрі-бәрі сурет­шінің картинадағы философиялық иірім­дерді терең символикалық тілмен ше­бер көрсете алғанын айғақтайды. Қылқалам шебері картинада осылайша ха­лықтық философияның қырларын көр­сетумен шектеліп қалмайды, тың да тосын ой­ларымен қуантады. Сол бір орамды ойды көр­сету үшін суретші «Троя атын» орталық образ ретінде өте сәтті пайдаланған. Тәуел­сіздік алғаннан кейін де қазақ елінің еңсесін көтеретін идея мен идеологияның көп жыл бойы табылмағанын суретші осы мифо­ло­гия­лық фигураның айналасында сюжет құру ар­қылы тамаша тұспалдап жеткізгені – оның талантының тағы бір қыры. Алып ат­тың тым жоғарыда көрсетілуінің симво­ликалық мәніне терең үңілген адам билік халықпен байланысын үзгенін, тек қана өз мүд­делерін ойлайтынын тайға таңба бас­қан­дай байқайтыны даусыз. Мұның астарында ұзақ уақыт билікке алданып келген бұ­қа­ра­ның топтық образы жатқанын бажайлау қиын емес. Қолында бастапқы капиталы жоқ жұрт­тың қай іспен айналысарын білмей, әр нәрсенің басын бір шалып кеткенін бейне­лейтін керемет образдар да картинаның концепциясын аша түскен. Суретші осы­лай­ша символика тілімен алабөтен ой айтудың апогейіне жеткен. Тәуелсіздік секілді тәтті категорияны бар жан-тәнімен қорғай отырып, еге­­­менді елдің көсегесін көгертуге ұмтылған халықтың образы картинада өзінің дұрыс ше­шімін тапқан. Суретші жақсы өмір сүрудің ай­қын жолы құр тыраштануда емес, адал ең­бекте екенін әлі де түсінгісі келмейтін кей­бір адамдардың дәрменсіздігін де дәл көр­сеткен. Бұл көрініс те бейжай қалдыр­май­ды. Халықтың қордаланған проблема­сы­на құлақ түрмейтін билікті суретші бей­нелеу өнеріндегі сарказм жанрының най­за­сы­мен түйреп өткендей әсер қалдырады. Та­­биғаттың көзге көрінбейтін тұстары мен адам­ның көңіл күйінің сан батпан қатпар­ла­рына терең үңіле білетін және оны өзіне ба­ғындыра білетін суреткер ғана натуралық образ­ды философиялық тұғырға қондырады. «Тұл­парға ода» абстракция астарындағы ақи­қатты айта білетін Қуат Асқаровтың аза­мат­тық позициясының нәтижесінде туған туынды екені оның өн бойынан көрініп тұр. Тіпті, ат үстінде көкпар тартып бара жатқан жі­гіттердің делебені қоздырар ұлттық ойы­нын көрсетуімен суретші халықтың ой ой­лау­дан гөрі әлі де той тойлайтын кәнігі «қа­­­­сиетін» өте нәзік импульспен берген. Дәл осы жұм­бақ сырды көрерменге сездіре алған суретшінің бұл картинасы ешкімді де бейжай қалдырмайды. Енді картинаның композициялық ше­шімі мен эстетикалық құнды­лы­ғына аз-кем тоқтала кетейік. Көргені де, түйгені де көп, өмір тәжірибесі мол, әр тарапты білі­мі бар Қуат Асқаровтың фантазиясы оның өс­кен ортасына және этностық специ­фи­ка­сына байланысты екені дау тудырмайды. Ол кар­тинадағы сюжет пен образдардың ара қа­тынасын айқындайтын композиция құру­да өзінің осы қырын толық аша алған. Оның суреткерлік қиялы айналадағы барлық психикалық құбылыстармен ұштасып жата­тын процесс екенін ілкі сәтте байқайсыз. Бұл қиял мен еркіндіктің біртұтастығынан болса керек. Сондықтан да суретшінің қиялы ойлау процесін дамытумен қатар шығарма­шы­лық әрекеттеріне айтарлықтай әсер етеді. Бағзы замандарда көшіп-қонып, тар заманды кең қылып жүретін ата-бабаларымызға тән жай­барақат өмір картинаның тұла бойынан көз­ге ұрып тұр. Суретші кең-байтақ жазира да­ланың сұлулығымен қоса өмірлік фило­со­фиясын да кенеп бетіне түсіру әдісімен тү­сіндіруге талпынған. Туындыгердің психологиялық тебіренісі картинаға ортақ сюжеттің бол­мысын барынша тереңдетуге көмек­тес­кен. Образдардың ішкі және сыртқы арпа­лы­сының картинадан ерекше айшық көрінуі монотонды қозғалыстың өзін керемет ди­на­мизге ұластырады. Кейіпкерлердің іс-қи­мылы мен жан дүниесі бір бағытта, бір мақ­сатта өрбіп бара жатқанына қарамастан кар­тинада әр образ өзіндік келбетімен және өзін­дік қозғалысымен көрінеді. Бейнелеу өне­ріндегі типтендіру принципін терең мең­герген суретші образдарды ашуда екіұш­тылыққа ұрынбайды: картинадағы қаптаған образдарды бір-бірімен шатастырмайсың. Әр образ өзінше кесек өрілген. Мұның өзі кар­тинаға монументалдылық көрік беріп тұр.  width=Әр кейіпкердің сезімге толы толғанысы мен ішкі жан дүниесі, психологиялық иірім­дердің дәлдікпен берілуі шығарманы үлкен үйлесімділікке жетелейді. Ұлттық ерекшелік­тер табиғатын жете түсінетін суретші бұл кар­тинада қоңыр түсті көбірек қолданғаны да сәтті шыққан. Қоңыр мінез бен қоңыр тірлікті өмірінің өзегіне айналдырған қазақ халқының ұлттық кодын жазу процесінде сурет­шінің түс таңдаудағы бұл қадамы да картинаның бағасын асырады. Картинадағы кеңістік сюжеттің болмысына сай келетіні қай­ран қалдырады. Суретші алып отырған та­қырыбын техникалық тұрғыдан орындау­дың барлық қыр-сырын толық меңгерген. Өмірдегі құбылыстарды өз түсінігімен жаза бі­летін суреткердің бұл картинасы қас-қа­ғым­да қоңыр тірліктің мың құбылған сәт­терін қарапайым түрде әсерлі етіп көр­сетуі­мен қызықтырады. Табиғаттың көңіл күйін өзіне бағындыра білетін суреткер ғана ше­деврді дүниеге әкеледі. Картина қазіргі таң­дағы қазақ халқының өз темірқазығын тап­пай дал болған күйін жеткізуге ұмтылған. Кө­рерменді өнер рахатына бөлеумен бірге оған ойлау мүмкіндігін қайта сыйлай білу – дарынды суретшінің шығармашылық қай­раткерлігі. Шағын мақалада оның шығарма­шы­лы­ғын толық қамту – қиынның қиы­ны. Алайда Қуат Асқаровтың қазақтың салт-дәстүрлеріне арналған «Ұлы дала сазы» деп аталатын картиналар топтамасына тоқ­талмай кете алмайсың. Қазақ халқының ерек­­­шелігін көрсететін цикльге кіретін «Тұ­сау­кесер» картинасында да қазақ халқының тип­тік образы терең ашылған. Анық бедер­лен­ген туынды ұлттық дәстүр тұңғиығына тар­тып ала жөнеледі. Суретші ең алдымен об­раздардың ішкі жан дүниесін ашуға ұмты­лады. Олардың сол сәттегі көңіл күйін түс­тер композициясы арқылы әдемі орындап шық­қан. Суретші мұнда постмодернистік ағым­ның қағидаттарына жүгінгенін де бай­қау қиын емес. Бесік киіз үйден де үлкен кө­лемде салынған. Мұнда үлкен мән бар. Ол қа­зақтың дәстүр сабақтастығын меңзейді. Сурет­ші кеңістікті нәзік сезінеді. Түстердің сан алуандығын шебер пайдаланады. Табиғат панорамасында ешқандай жасандылық жоқ. Картинадан тылсым табиғатты сезесіз. Одан сұлу­лық пен тазалықтың исі аңқып тұр. Бұл туын­дыда да кеңістік пен түстің бірлігі үн­дес­кен. Кеңістік сюжеттің болмысына сай келеді. Техникалық тұрғыдан жақсы орын­далған. Көрерменге тар кеңістікте кең ой­лауды үйретеді. Полотно дала эстети­ка­сы­ның құдіретін береді. Суретші сұлулық пен пара­саттылық образын келістіре ашқан. Бар­лық элементтер кіршіксіз орындалған. Суретші ойы таза көрінеді. Қуаттың ұлттық колоритте жазылған та­ғы бір картинасы суретші туралы әңгіме­міз­ді толықтыра түсетіні даусыз. Бұл кар­ти­нада әдемі сюжет бар. Туындыдан көшпенді қа­зақтың кәдімгі қарапайым тіршілігін сал­ған бетте сезінесіз. Туынды «Бүркіт» деп ата­лады. Аталмыш картинаның қақ орта­сын­да орналасқан бүркіт бейнесі ерекше көз­дің жауын алады. Бұл образды суретші әдемі сомдаған. Басқа да ұлттық көріністерді ашуда да бояулар үндестігі бірден байқалады. Бүркітті баптап, аң аулауға шыққалы тұрған оң жақтағы аңшыны да алдыңғы планда көрсетуімен суретші қазақтың ұлттық өне­рін насихаттай білген. Бекзат өнердің бар бояуы осы образда жатыр. Суретші саят­шы­лық өнерді адам мен табиғат арасындағы қа­тынастың гуманистік қыры ретінде көр­сетуге ұмтылған. Тазы жүгірту мен бүркіт бап­тағаннан ләззат алатын жасыл киімдегі аң­шының образы осы байланыстың құпия­сын аша түскен. Суретші өмірдің қасқағым сә­тін бейнелеу тәсілі мен мұқият аяқтап жазу әдісін бұлжытпай орындағаны атал­мыш картинадан ерекше сезіледі. Бұл кар­тинадан көрермен ілкі сәтте дүлей дина­ми­каны сезінетіні – ерекше тапқырлық. Аң­шы­ның аң аулауға шығардағы адами болмысы мен қуаныш сезімін де ең алдымен суретші то­мағасы сыпырулы тұрған бүркіттің бей­не­сін алдыңғы планға шығару арқылы бере алған. Киіз үйдің алдында атына мінгелі жатқан аңшыға сәттілік пен мол олжа тілеп тұрған кейуана мен жас баланың да образын суретші бір ритмге бағындыра білген. Ырғақ энергиясы деген осындай-ақ болар. Сон­дықтан да суретшінің бұл динамикалық ше­шімі картинаны тұтас бір қозғалысқа түсіргенін байқау қиын емес. Көне заманнан бүгінге жеткен көшпелілер тұрмысында зор маңызға ие болған заттық мәдениеттің айрықша үлгісі болып табылатын ер-тұрман мен шаңырақтың киесі саналатын қамшы секілді ұлттың қастерлі бұйымдарын да сурет­ші әдемі кестелеген. Кәсіби шеберлігін бы­лай қойғанда, суретші көңіл күйдің сұлу көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестірген. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды мең­герген суретші туындысының ең басты құндылығы да осы шынайылығында. Туындының фонында сары түстің мо­лынан пайдаланылуы, арасында жа­сыл түстің де салыстырмалы түрде кө­бі­рек қолданылуы сары даланың аптап ыс­тығын алдыңа жайып салады. Бұл да сурет­кер­дің табиғат заңдылығын терең білетін­дігін аңғартса керек. Қысқасы, түс пен тех­никаның гармониясына жете білген суретші атал­мыш картинасында шеберліктің шегіне жеткені дау тудырмайды. Табиғаттың қас-қағым сәтін живопись тілінде ғажап сөйлете білген суретші бейнелеу өнеріндегі жарықты зерттеумен көптен айналысып келе жатқа­нын білесің. Аталған туындыда суретшінің шы­ғыс философиясына қызығушылығының белгілері көзге шалынады. Шығармадан кеңістікке деген жаңаша көзқарасты, со­ны­мен қатар композициялық шешімдер мен техникалық жаңа әдістерді де анық көруге болады. Суретшінің қылқаламынан туған бұл туындыдан жалғандық таппайсың. Кар­тина бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, бабалар дәстүрінен алыстап кетпеген. Та­мыл­жыған табиғат аясындағы сұлу көріністі бей­нелеу өнеріндегі айшықты өрнектеудің үлгісі деп бағалайсың. Картинаның ком­по­зициялық байлығымен және бояу алуан­ды­ғымен еркін сусындайтыныңыз да – атал­мыш жұмыстың тағы бір артықшылығы.  width=Осы мақалада маңызды бір жағдайды да айта кеткеніміздің артықтығы болмас. Кез кел­ген суретшінің елге танылуында меце­нат­тар мен өнерді ардақтай білетін тұлғалардың ат­қаратын рөлі ора­сан. Бұл тұрғыдан алған­да бел­гілі мемлекет және қоғам қай­раткері Жақ­сыбек Құле­кеевтің еңбегі зор. Қазіргі қа­зақ бейнелеу өнерінің жанашыры Жақ­сыбек Әбдірахметұлы көп жыл­дан бері Қуат­тың шы­ғар­машылығына қолдау көр­се­тіп, суретшінің алаң­сыз еңбек етуіне бар жағ­дайды жасап келеді. Оның жеке коллек­ция­сында Қуаттың көптеген жұ­мысы бар. Жақ­сыбек Құле­кеев өзі ғана сатып алып қой­май, оның картиналарын басқа коллек­цио­нерлерге де кеңінен наси­хаттап жүр. Қазақ­тың ақберен азама­тының бұл еңбегін де айту – парыз. Қуат Асқаров Н.Гоголь атындағы Алматы көр­кем сурет училищесін бітірген. Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі, Қарағанды об­лысы әкімі сыйлығының «Жылдың үздік сурет­шісі» номинациясы бойынша лауреаты, Ә.Қастеев атындағы «Ең үздік туынды үшін» ал­тын медалінің иегері. Теміртаулық суретші Қуат Асқаровтың 2010 жылы өткен елор­да­дағы Бейбітшілік және келісім сарайын­дағы «Жеті қазына» және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығына арналған «Шексіздік» атты дербес көр­мелері кезінде көрермендер мен өнер зерттеушілерінен жоғары бағасын алды. Осы көр­мелердегі 150-ге жуық келісті карти­на­ларда сыршыл суретшінің ел мен жер туралы жан толғанысы көрініс тапқан. Бұл туын­ды­лар – туған елiн қастер тұтатын кез келген адамның iзгi сезiмi мен азаматтық намысын оята­тын һәм жүрек отымен жазылған шы­мыр шығармалар жиынтығы. Қуат Асқаров – республикалық, шетелдік және халықаралық көр­мелердің де қатысушысы. Суретшінің жұ­мыстары Германия, Түркия, Франция жә­не ТМД елдеріндегі өнерсүйер қауымның жеке коллекцияларында сақтаулы. Қуат Асқаров – ұлттық дәстүр мен жаңа дәуір жаңалығын, классика мен қазіргі за­манғы бейнелеу өнерін үлкен гармониямен бай­ланыстыра білген тұлға. Бұл туынды­гер­дің ұлттық ерекшеліктің жаңа үлгілерін табу­ға үнемі ұмтылатын қасиетінен көрінеді. Автордың осы ізденісі қазақ елінің жылнама­сындай әсер қалдыратын «Туған жер» трип­ти­хі, адамзаттың мәңгілік сұрақтарына жауап іздеген «Шексіздік» және номадтардың өмі­рінен сыр шертетін «Ұршық өмір» по­липтихтерінен де байқалады. Қорыта айтқанда, ол – қазақ аңыздарын­дағы образдар мен сюжеттердің аллегория­лық астарына терең үңіле отырып, өзінің сара жолын тапқан суретші. Дара көркем бей­неліліктің соны тәсілін жасай білген сурет­шінің туындылары қазақ мәдениетінің төл қасиетімен рухтанған терең пәлсапалық мә­нге ие екенін көрермен де қапысыз та­нитыны содан болса керек.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ