50264
Бокстан ӘЧ: үздік қазақстандық жанкүйерге 3 мың АҚШ доллары берілді
Бокстан ӘЧ: үздік қазақстандық жанкүйерге 3 мың АҚШ доллары берілді
Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында қазақстандық боксшыларға ерекше жанкүйер болған Абу Жолдасов 3 мың АҚШ долларының сертификатымен марапатталды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Фейсбуктегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Ташкенттегі әлем чемпионаты кезінде қолында барабаны бар қазақстандық жанкүйерді бүкіл әлем көрді. Ол - қазақ боксының ең белсенді жанкүйері Абу Жолдасов. Абу Жаңаөзенде туған. 2011 жылдан бері ел боксшыларына жанкүйерлік қылып, барлық әлем чемпионаттарына барған. Өзбекстан астанасындағы бокстан әлем біріншілігінің ерекше болатынын білген ол, Ташкентте қазақ боксының нағыз фан-клубын ұйымдастырған және трибунадағы жанкүйерлердің әрекетін үйлестіре, басқара білген» деп жазды Кеңес Рақышев.Осы себепті боксшыларды, жаттықтырушыларды және чемпиондардың аналарын марапаттау рәсімінде Абу Жолдасов ең құрметті қонақтардың бірі болды. Кеңес Рақышевтің арнайы шақыруымен келген Абу Жолдасовқа құрмет көрсетілді.
«Бұл бүкіл қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айту нышаны десек болады. Абу Жолдасов боксшылар, бапкерлер және журналистердің қошеметіне бөленіп қана қоймай, 3 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталды» деп жазды Қазақстан бокс федерациясының президенті.Кездесу соңында қазақ боксының басты жанкүйері Абу Жолдасов пен Федерация басшысы Кеңес Рақышев жылы әңгімелесіп, Ханьчжоу Азия ойындары мен Париждегі Олимпиада ойындарына қатысты жоспарларын айтты.