694
Дәурен дос туралы әңгіме
Дәурен дос туралы әңгіме
Әдетте газет қызметкеріне әдебиет пен өнерге адал қызмет етіп, жетістік пен жеңіске толы бай шығармашылық тағдыр түзген мерейтой иелеріне мәртебелі сөз арнау міндеті ара-тұра жүктеліп жатады. Алайда қоғамға еңбегі сіңген қайраткер ағалар туралы толғау бөлек те, өзің құрмет тұтар қатарласың жайлы жазудың қиындығы болатынын бірінші рет сезінуге тура келді. Бүгінде қарымы мықты қаламгерге айналған Дәуренді «Қуатов» деген журналист кезінен білетіндіктен, ат жалын тартып мінген азамат дәурен, жастық шағымыз, өмір жолымыз, қызметіміз қатар келе жатқан ширек ғасырдың шеңберінде өткен шақты шолып шығу мүмкіндігін қолдан бергіміз жоқ. Бәріміз мойындайтын бір шындық, әзіл-қалжыңымыз жарасып құрдас болып жетілгендер мен журналистика көшіне қатарласа ілескен тегеурінді толқын арасында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, түркітілдес жазушыларға арналған халықаралық М.Қашқари атындағы, «Жалын» журналы тағайындайтын Ғ.Мүсірепов атындағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәурен Қуаттың есім-сойы өзгелерден оқшау тұр.
90-жылдардың бел ортасында көк базардың қарсы бетіндегі «Дәуір» баспалар үйінің 7-қабатында орналасқан «Жас Алаштың» әдебиет бөліміне Дәуреннің қызметке алынған күні әлі есімде. Саяси жүйенің қайнай бастаған шағында оқырманның көзайымы болып, көсем газет атанып, ақыры шарықтаған еркіндігіне шыдай алмаған биліктің жандайшаптары жабылып жүріп жауып тынған «Халық кеңесінен» кейін «Қазақ елі» газетінде біраз аялдап, жастар басылымына келіп тұрған беті. Таныса келе қабағы тұнжыраңқы, тарамысша тартылып тұрған жіңішке қара жігіттің талдықорғандық, дәлірек айтқанда, ақын Сараның ауылы Қапалда туғанын ести сала бір топырақтан иленген туысқандығымызды көрсеткіміз келіп жалпылдай жөнеліп едік, онымыздан түк шықпады. Қапалдың мүйіз таулары сияқты өзіне оқшау әлем жасап алып, өз ішіне үңілуді тәуір көретін тәкаппар әлде кісікиік жігіттің өз көңілі түспесе, маңғаздау мінезі маңайына кісіні көп үйіре бермейтінін бірден байқатты. Жазу үстелі бола ма, ұзын дәліздің бойы ма, тіпті қайнаған қан базардың іші ме, қайда кезіктірсек те, жазатын мақаласының жобасын сызған қалың ойының құшағынан босатып алып тіл қатысатын едік. Толғанып жүріп туған ой күлді-көмеш дүниенің азығы болмайтыны анық. Кәсіби ортада жүріп, өресінің де, өрісінің де кең екенін көп ұзамай дәлелдей бастады. Газет тілшісі болу – қоғамның сан саласынан хабардар болу. Жауыр болған жалаң сөз, таптаурынға айналған тақырыптар Дәуреннің мақалаларында әу бастағы түпнұсқа мағынасына оралып, өзгеше өң, жаңашыл түр тауып, жұтынып шыға келетін. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттің бойында Молықбай қобызының мұңы, Ілияс жырының сарқыты асып-төгіліп жататын. Оның қаламы тек әдеби, рухани мәселелерді жазғанда жорға емес, саясат, экономика, қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды талдап, сараптағанда да жүрдектігінен жаңылмайтын. Сол кездің өзінде кейде жарқын, кейде тұйық, кейде сыршыл, кейде жыршыл Дәуренде жалаң журнализмнен гөрі талантты жазушыға ғана тән бай мінездің жарқылы байқала бастаған-ды.
Кейін «Мақатаев, 22»-ге қоныстандық. Тәуелсіздік Тәңірдің үлкен тартуы болып тұрған шақта, ақиқат пен адалдықтың алдаспанындай жарқылдап, «Көкте – күн, Жерде – «Жас Алаш» болып дүрілдеп тұрған жастар газетіне жазған-сызғанын көтеріп жасы үлкен кісілер редакцияға жиі келетін. Қазынаның қапас үйінде жатып зеріге ме, әлде әңгімесін құлақ қойып тыңдайтын зерделі адамға зәру ме екен, қариялар қалың пәпкесінен ішінен бұрқыраған ақ қағазға жазылған мақаласын әрең дегенде тауып, онысын аманаттап тапсырғаннан кейін қоштасып шығып кетуге асықпаушы еді. Міндетті түрде жан-жағына жақсылап қарап алып, жайғасып отырғысы келетін қалып танытатын. Мұндайда қаракөлеңке кабинетте қаздай тізіліп отырған қыз-жігіттер білдірмеген болып жайлап басып, жылыстап сыртқа беттей бастайды. Редакцияға келетін хаттардың легі, оқырмандар мақаласының дені о бастан Дәурен отырған руханият бөліміне тиесілі. Әлгі хат көтерген қариялар газеттің отымен кіріп, күлімен шығатындарды оты сөне бастаған көздерімен жағалата бір сүзіп өтеді. Қапысыз танитынына қайран қаламыз, нұры тая бастаған әлсіз жанардың нысанасы Дәуренді тура дәлдейтін. Расында, қариялардың тілін табуға Дәурен шебер еді. Жайшылықта сөзуарлығы жоқ Дәурен алдына келген адамның мұңын тыңдап, түсінуге тырысатыны ақсақалдардың да ағынан жарылып, ақтарылып әңгіме айтуына сеп. Мұндайда дидарласушы мен Дәуреннің арасында ғажап бір күй орнаған сәтті сырттай қызықтаудың өзі ғанибет. Әдемі сөздің тізбегін жасап алып, судыратып сөйлеу жас ділмарға жат қасиет. Фольклорлық өрнегі бар шұрайлы тілімен ондыққа дәл тигізіп, тыңдаушысына әсер етіп сөйлейтін шеберлігі бәрімізді сүйсіндіретін. Жүйелеп ойлай білетін адам мәйекті сөзді дәйекті жеткізе де біледі емес пе? Болмыстағы бұл бекзат қасиет шешендік деп аталса керек. Редакцияға ағылып келіп жататын дүниенің бәрі жарамды бола бермейді, арасында әлдекімді даттаған, қаралаған, кекке құрылып, есеп айырысуға арналған қиямпұрыс жазбалар да бір есекке жүк. Мұндайдың үкімін Дәурен көзімен бір шолып шыққанда-ақ кесуге дағдыланып алған. Таяғын тықылдатып жер түбінен келген қарияның жүрегін жаралап, «жарамайды» деген сөзді туралап айтуға асықпай, арғы-бергі ескіліктің әңгімесінен сыр шертісіп, екеуара өрбіген қызу әңгіменің қозына жылытып алып, келесі жолы бұдан да гөрі тәуірлеу мақала әкелуге уәде еткен ағалары мен аталарымен қимай қоштасып, шығарып салып жататын.
Кәріқұлақ қариялардың ауыздың суын құртар небір әсерлі әңгімелерін құйттайынан санасына сіңіріп өскен құрдасымыз ескінің көзіндей, егеудің сынығындай болмысымен көзімізге ерекше көрініп, әлі күнге осы қасиетімен өзгемізден оқшау тұратынын мойындаймыз. Ойын астарлап, әзілмен шебер жеткізетін өнерін, сөз мәдениетін, тілді білудің сыны мен әдебін бүгінгі замандастар арасында Дәурендей меңгерген қазақ саусақпен санарлық қана. Қандай тақырыпқа қалам тартса да байыппен бастап, кеңінен толғайтын тілшілік кәсібіндегі тереңдігі мен дәл осы әңгімешілдігі оны майдақоңыр прозаға қарай бастап әкеле жатқанын төңірегі түгел сезіп-байқап жүрді.
Дәурен Қуат әдебиетке талғам өзгеріп, таразы ауысып жатқан тұста келді. Жазушылық өнердің басқа кәсіптен айырмашылығы, ол адамның бойында не бар, не жоқ қасиет. Білім жинамаған, кеудесі бос шелек тәрізді қаңғырлағанына қарамай өзін жазушы атайтындар жалғыз біздің елде ғана емес, жер жүзінде де көп болуы керек. Біздің пайымымызда, жазушы болатын адамда аса күшті сенім болуы керек. Ал Дәурен қаламгер ретінде дер шағында қалыптасты, себебі бұл аралықта ол өзін ұлттың қамы мен мүддесін темірқазық еткен биік ұстанымдағы азамат ретінде қалыптасқанын толық дәлелдеп үлгерді. Шығармашылық әлеуеті зор, ішкі қуаты мол Дәуреннің даралық сипатын танытатын басты қасиеті – шығармалары төгіліп түскен тілімен тартымды. Ешкімге құрғақ ақыл айтпады, жеке пайымын күмәнсіз шындық етіп оқырманға таңып, тықпаламады. Жай ғана жұртқа елеусіз көрінген тосын, бейкүнә ойды қазақы бояуы қанық құнарлы тілімен ширата білетін шебер екеніне сендірді.
Жазушылар одағы орналасқан ғимараттың жанынан ары-бері өткенде бір сәт аялдап, кешегі шулы шоғыр мен думанды дәуірін жоқтағандай жылап, ауыр ашылатын қақпа іспетті қоңыр есігіне жалтақтап, бейсаналы түрде бұрылғымыз келіп тұратыны бар. Себебі мұнда қастерлі «Қазақ әдебиеті» бар. Бас редакторы – Дәурен Қуат. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болу – құрмет. Ұлттың әдебиеті мен қаламгерлерінің үні болып, заманның барлық қиындығына қасқайып қарсы тұрып, жалауын түсірмеген басылымды шығарып отырған бас редактордың отаншыл, ұлтшыл, ұлтжанды болмауы мүмкін емес. Саяси технологиялар мен пиардың арасында, оған бүгінгі блогер деген «бір қу» келіп қосылып, алып ақпарат айдынында қылтиып кеңірдегінен бір көрініп, бір батып жүзіп келе жатқан журналистикада бедерін де, беделін де жоғалтпаған басылым бәрімізге ыстық. Газетті оқылымды ету үшін бас редакторлар барын салады. Жақсы авторды танып, салмақты дүниені жариялау жауапкершілігі зор. Бүгінгі «Қазақ әдебиетінің» бетінде кешегі классикалық журналистиканың сабақтастық жібі үзілмей жаңа дәстүрмен әдемі жымдасып, қоғамды толғандырған ең өзекті, барлық бағыттағы қызықты ой-пікір жарияланады. Әдебиет, өнер, әлеумет, қоғам секілді аса ірі, іргелі бағыттарды бір мұқабада топтастырып, төрт бірдей газетті шығарып отыр десек те, артық айтқандық емес. Әр нөмірдің айтары бар. Коммуникациясы төмен, қаламақысы аз, жалақысы мардымсыз қиын кезеңде өмір сүріп отырған газетті арқасынан қаққан Үкіметтің алғаусыз қамқорлығында болып, есепсіз қаржы бөлінген, басшылары ақ, қара «Волгаларда» тербеліп, шығармашылық үйлерінде кітап жазып, шалқып өмір сүрген кешегі кезеңмен салыстырып, қарадай күстәналап, күйдіретіндер бар. Осындай көзқарастың әлі де қылаң беріп қалатынына қарамастан, әдебиетті сүйетін жастарды төңірегіне тартып, басылым бетін өз ойын ашық айтатын интеллектуалдардың алаңына айналдыру бәрінен де зор міндет. Бүгінгі медианың бір міндеті жерден шұқыса да, шулы тақырыпты тауып шығарып, көңіл көтеретін жеңіл-желпі, даңғаза-дабыраны дәріптеу болып отырғанда, сол сәнді идеялардан сырт қалмай, қолдан жан бермей, оқырман үшін трендтердің тігісін жатқызып, интеллектуал тәсілмен жеткізу қандай жанкешті еңбек десеңізші. Саржағал газеттердегі қара дүрсін ақпараттар мен сайттардағы «жаға ұстататын» жаңалықтар «Қазақ әдебиетінің» бетіне көшкенде, ерекше эстетикалық сыр-сипат тауып шыға келетіні бар. Деңгей дейтін дүниені алтын қазыққа айналдырып, қалам мен жазуға келгенде талапты кеңірек қоятын кірпияз басшы қол қойған газеттің мінезі солай болса керек.
Бір кезеңде ұлттық журналистиканың бренді болған «Қазақ әдебиеті» бүгін қиын жағдайда өмір сүріп келеді. Өкінішке қарай, сол қиындықпен Дәурен және оның ұжымы күн сайын күресуіне тура келеді. Қазақ баспасөзінің көш басынан көрінген басылымға қағажу көрсетіп, жерге қаратқанымыз жақсы емес, бірақ бұл – біз өмір сүріп отырған қатал уақыттың бір ерекшелігі. Бірақ Дәурен өзіне сеніп тапсырылған істі асқан жауапкершілікпен атқарып келеді, себебі ауыр кезеңде атқарылатын шаруа әркімге жүктелмейтіні белгілі және оны ақтағаннан басқа азаматтық іс болмауы да керек-дүр.
Дәурен досымыздың қабілеті көпқырлы. Сұңғыла сөз өнерінің сырын тап басып тани білетіндерге тән тағы бір қасиет бар – әнді серік етпесе жүре алмайтыны. Дәурен отырған дастарқан үстінде дағдарып отыру деген әсте болмайды. Тамақты бір кенеп алып, қолына алған қоңыр домбырасының қыл ішегін қағып-қағып жібергенде, көмейінен ақтарыла жөнелетін қандай күрделі әннің иірімі көңіл шіркінді иітпей қоймайтыны жадымыздан әлі шыға қойған жоқ. Алғаш Дәуреннен естіп, құлағымызға сіңген «Қызыл асық» әнін дәстүрлі ән өнерінің небір дүлдүлдерінің орындауында талай мәрте тыңдап жүрміз-ау, бірақ солардың бірде-бірі дәл Дәуреннің шырқағанындай бойды шымырлатып, көңілді тебірентпейді. Халық әндерінің ішінен талғампаздығымен таңдап алып айтатын «Қызыл асықты» қалықтатқанда, Үкілі Ыбырайдың әні арман-шерімізді қозғағандай қамыққан күйге түсіріп, басымызды еріксіз изетіп, Дәуреннің дауысынан білінетін әсерлі әннің мақамына ұйып қалатынымызды «Жас Алаштың» бұрынғы қыз-жігіттері жадынан әлі шығара қоймаған болар.
Жеріміздің бүтіндігі мен ұлтымыздың тұтастығын асыл мұраты етіп Аbai. kz атты абайшыл, алашшыл алғашқы интернет портал ашқан Дәурен азаматтық, кәсіби қыры жағынан тағы да тосыннан жарқ еткендей болды. Міне, он бес жылға жуықтады, Abai. kz порталы құрылған күнінен бастап күні бүгінге меже тұтқан биігінен бір елі төмендемей, еркін ойдың екпінін бір сәтке бәсеңдетпей келеді. Уақыттың қазанында қайнап, пісіп-жетілген сан алуан сұрақ қоғамның алдына өткір қойылып, биліктің назарын аударып келеді. Жер, тіл, дін, саясат секілді қазақтың қабырғасына бататын барлық ұлттық мәселені қорықпай көтерді. Қазақ үшін нәзік тақырыпқа айналған бұл мәселені қаузауға келгенде қай уақытта да қақ жарылып, бет қаратпайтын қоғамдық пікірдің қайшылығына төтеп берудің өзі ерлікпен пара-пар еді. «Абайдың» бетіндегі үлкен ой салатын дүниелер, ашық пікірталас, ащы шындық, қайшылықты көзқарас порталдың контентін қалыптастырып, байыпты ақпараттық бағыты арқасында интернет пайдаланатын қазақтілді оқырмандар санын арттырды. Тарының қауызындай мақалада Аbai. kz айналасында атқарылып жатқан ауқымды шаруаның бәрін термелеп шығу мүмкін емес. Білетініміз, ақпарат порталының тізгінін ұстаған ұйымдастырушы жетекші ретінде ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, өз пікірін ашық та анық айтудан танбаған Дәурен Abai. kz-ті қоғамдық өмірдің айнасына, ықпалды сайтқа айналдыру жолында қажыры мен жігерін аямай жұмсап келеді.
Тынымсыз еңбек, тындырымды іс Дәурен Қуатты қоғамдық болмыспен біте қайнасқан айтулы азамат дәрежесіне көтерді. Өткен жылдардың қойнауында қалып, жарқырап жатқан іздер осыны меңзейді.
Айгүл Аханбайқызы