– Соңғы жылдары ел арасынан қандай құнды жәдігер табылды?
– Кейде «Менің музейге қосқан үлесім» деген акция жариялаймыз. Мысалы, соңғы жылдары музейге келген құнды заттардың арасынан Шәкен Аймановтың бөркін айтуға болады. Ол бөрікті Алдар көсе рөлін сомдағанда киген. Ш.Айманов біздің өңірге іссапармен келген кезде нағашысы Мұзапаровтар әулетіне соғады. «Командировкада жүрген әртістің қалтасында қайбір жөнді ақша жүрсін», – деп театрдың реквизиті – бөркін нағашысына сыйға тартқан екен. Мұзапар атамыздың ұрпағы Орал Үтжанов бертін келе сол бөрікті біздің музейімізге әкеліп тапсырды. Біз оны ең бірінші рет оқушылардың алдына алып шықтық. Бұл бөрікті таныстыру үшін Аймановтың кім екенін түсіндіру керек қой деп ұйғардық. Біз аузымызды ашқанша болған жоқ, «Шәкен Аймановтың «Алдар көседе» киген бөркін қараңдар» деп 6-7 сынып оқушылары шу ете түсті. Оқушылардың Аймановтың бөркін танығанына қуанып-ақ қалдық.
Осындай құнды жәдігердің бірі – С.Торайғыровтың латын қарпімен терілген таңдамалы шығармалар жинағы. Оны халық жазушысы, ақын, композитор, аудармашы Дихан Әбіловтің жеке кітапханасынан алдық. Ол кісі көзі тірісінде «Мен о дүниелік болғаннан кейін кітапханамдағы заттарды бірінші Бұқар жырау музейі келіп қарасын» деп айтып кеткен екен. Біздің қызметкерлер С.Торайғыровтың 1933 жылы шыққан шығармаларын тауып әкелді. Сұлтанмахмұттың бұл жинағы Ж.Аймауытовтың арқасында жарық көрген. Торайғыров ауырып жатқан кезде Жүсіпбек Аймауытов оның қолжазбаларының бәрін жинақтап, кіріспесін жазып, 1928-29 жылдары баспаға тапсырады. Өзі 1930 жылы атылып кетті. Ал мына кітап 1933 жылы жарыққа шығады. Сол кездегі қазақ зиялылардың бір-біріне деген оң көзқарасы, жанашырлығы – бізге үлгі болатын дүние.
Біздің музейіміз Павлодар өңірінен шыққан ақын-жазушылар, әдебиет және өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған. Жерлестеріміз ұстаған, тұтынған заттарын біз де көздің қарашығындай сақтап отырамыз. Өңірімізден шыққан танымал тұлғалардың ұрпақтары Павлодарға келсе, музейге соқпай кетпейді. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш.
– Музей қызметкерлерінің ел ішінен жәдігер жинау жұмыстары қалай жүргізілетінін айтып берсеңіз.
– Бізде өңіріміздегі әдебиет және өнер қайраткерлерінің тізімі бойынша ол кісілердің ұрпақтарын іздестіреміз. Олардың қолында сақталған заттар болса, барып, ұрпақтарымен кездесеміз. Экспонаттың не үшін керек екенін түсіндіріп айтамыз. Ол зат үйде тұрса, әкеден балаға қалған бір бұйым болады, ал музейге тапсырса, құнды жәдігер тізіміне енеді. Біздің музейдегі құнды раритет заттардың бәрі тұлғалардың ұрпақтарынан алынған. Мысалы, Сәбит Дөнентаевтың қызы Сәулет апамыз көзі тірісінде музейге келіп, әкесінің шашығы мен ыдыс-аяғын тапсырды. Ал Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Мақпуза Байзақова әкесі Иса Байзақовтың жеке ыдысы мен былғары әмиянын берді. Қазақтың ұлы жазушысы Жүсіпбек Аймауытов толық ақталғаннан кейін оның қызы Муза Аймауытова 1992 жылы музейге келіп, үйінде сақталған Сюзанне кілемін, әкесінің қалта сағатын, сызғышы мен ағаш пышағын тапсырды. Бұл заттарды Аймауытов өз қолымен жасаған. Құнды жәдігерлер осылай жинақталды.
Жақында көрнекті драматург, актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-інің халық әртісі Жұмат Шаниннің 130 жылдығына орай «Театр. Мәдениет. Руханият» деген атпен республикалық ғылыми конференция өткіземіз. Конференцияға Ж.Шаниннің немересі Болат Шанин, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары, жергілікті журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Осы конференция нәтижесінде Болат Шанин атасы тұтынған заттарды біздің музейге табыстайтын шығар деп үміттенеміз. Мұндай іс-шаралардың басты нәтижесі – ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің ұрпақтарымен тығыз байланыса отырып, осындай құнды заттар жинақтау.
– Сіз сияқты өз саласының үздік маманынан кеңес сұрайтын, экскурсия жүргізушісі болуға талпынатын жастар бар ма?
– Экскурсия жүргізушісі – жан-жақты, зерделі болуды талап ететін шығармашылық мамандық. Мұндай мамандар бір елдің ғана емес, әлем тарихы мен мәдениетінен де хабардар болғаны жақсы. Бірнеше тіл білгені жөн. Өзім 2006 жылдан бері Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне экскурсия жүргізіп жүрмін. Атамыздың кесенесін жаңадан жаңғыртып, керемет қылып салды ғой. 1978 жылы ақ кірпіштен жай ғана салынған мазаратының орнына атамыздың 150 жылдығына орай керемет ғимарат бой көтерді. Алғаш экскурсия жасау туралы ұсынысты облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Феризат Сапариева ұсынды. Менің экскурсия жасауға деген қызығушылығымды осы кісі оятты.
Негізі Кеңес өкіметінде әрбір туристік фирмада экскурсия жетекшісі болатын. Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап туристік фирмалар көптеп ашылғанымен, олар негізінен шетелдік туризмге бет бұрды. Ал ішкі туризм саласына мән беріп отырған турфирмалар аз. Өйткені жол нашар, инфрақұрылым жоқ. Павлодар облысында ішкі туризмге назар аударып отырған «Пять звезд», «Саят-Павлодар» сынды бірнеше ғана туристік фирма бар.
Жалпы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев тақырыбы – өте терең тақырып. Оған экскурсовод болуға екінің бірі беттей алмайды. Өйткені ақынның өмірбаянын, шығармашылығын терең түсініп, жүректен өткізу керек. Кесененің ашылуынан бастап қатысып, тұтынған заттарын өз қолыммен ұстаған соң тарихын білуге қызығушылығым артты. Өз білгенімді қалың халық білсе екен деген ниетпен экскурсия жүргізе бастадым. Экскурсия барысында біз таңертең жолға шығамыз. Жолай атамыздың өмірбаянымен таныстырамын, ал кесене басына барғаннан кейін барлық әдет-жоралғыны сақтап, құран оқытып, содан кейін музейді аралап шығамыз. Менің осы еңбегімнің еленгені деп білемін, Алматыдағы Қазақстан Туристік Ассоциациясы «Бірінші дәрежелі экскурсия жүргізушісі» деген куәлік берді.
Павлодар облысындағы туризм басқармасы пандемияға дейін осындай экскурсия жүргізушілерін даярлау бойынша шеберлік сағаттарын өткізетін. Экскурсия жүргізушілерін даярлау керек, бұл – өте өзекті мәселе. Олар бір қолдан пісіп шығуы керек деп ойлаймын. Оқыған кезде тарих, архив деректеріне сүйену керек. Ғалымдардың жарияланған материалдарын оқып, архив материалдарымен тығыз жұмыс істеу қажет. Газетте жарияланған мақалаларға сын көзбен қараған дұрыс. Мақала авторы өзінің ойын жүрегінен өткізіп барып жеткізеді. Ал тарихи мәселелерде бірінші ғылыми негіз бен факті жоғары тұрады. Ғылыми тұрғыдан жазылған мәліметтерге назар аудару керек. Өзі айтқан мәліметі жүрегінен шықса, өз жұмысын ықыласпен жасаса, ол тыңдаушыға жетеді.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ