1570
Төрегелді ШАРМАНОВ: Еңбегі халқының кәдесіне жараған адам – бақытты адам
Төрегелді ШАРМАНОВ: Еңбегі халқының кәдесіне жараған адам – бақытты адам

Кейінгілерге алдағылардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі қашанда баға жетпес құндылық. Ал ұзақ жасап қана қоймай тұлғаға айналғандардың ұлтына тигізер пайдасы мол. Солардың бірі – аты елімізге ғана емес, шетелдерге танымал гигиенист-нутрициолог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Ресей Медицина ғылым академиясының және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төрегелді Шарманов. Ғылымдағы жетістіктері мен еліне сіңірген ерен еңбегі үшін жақында ғана Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған ақсақалмен сұхбаттасудың сәті түсіп, халқына қадірлі абзал азаматтың өмір жолындағы кездескен қиындықтар мен жеткен жетістіктері жайында әңгімелескен едік.
Өмірімнің біраз уақыты туған жерімде өтті
– Қазақ елінің өзге аймақтары секілді, менің кіндік қаным тамған Ұлытау өңірі де ұлт тарихында орны бар киелі мекен. Атымен ғана емес, тұлғасымен де әлем тарихына белгілі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның кесенесі көне заманның тозбас ескерткішіндей көкірекке мақтаныш сезімін ұялатады. Сондай-ақ, Алаша хан, Домбауыл батырлар кесенелері де бар, аты әйгілі тарихи тұлғалар – Едіге мен Тоқтамыс та, Асанқайғы да осында жерленген. Атағы мен айбары дүниені дүр сілкіндірген Әмір Темір де осында болғаны туралы тасқа жазып қалдырған.
Ұлы Даланың орталығындағы таудың Ұлытау атануының да өзіндік маңызы бар, мұнда ежелгі Ғұндардың Тәңірқұты – Оғыз қағанның жаз жайлауы болған деседі көне тарихта. Ал Ұлытаудың ең биік менің арғы атамыздың құрметіне орай Жаңбыршы деп аталған. Мен осы маңайдағы Төреқонған деген жерде, Қарасу дейтін кішкен өзеннің жағасында, атамыз Бейсембайдың атымен аталатын ауылда 1930 жылдың 30 қазанында туыппын. Әкемнің аты – Шарман, анамның аты – Нәзипа.
Соңымнан ерген жалғыз қарындасым бар еді, жас кезімізде ойнап жүріп далада ұйықтап қалып, содан өкпесіне суық тиіп науқастанып, 1946 жылы мен он алтыға толғанда жастай қайтыс болды. Әкем өз заманының көзі ашық адамдарының бірі болатын, арабша, латынша, кирилше хат танитын. Ауыл советінде, колхозда, тұтынушылар одағында басшылық қызметтер атқарды. Қиын кезеңде Калинин колхозын басқарып, өзенге тоған салдырып, картоп ектіріп, халықты ашаршылықтан аман алып қалуға көп еңбек сіңірген. Солай болса да, отызыншы жылдардағы репрессия тұсында мемлекеттің сайлаудың ережесі жазылған газетке махорка орап темекі тартты деп, оған саяси астар беріп, әкемді түн ішінде келіп қамауға алып кеткені әлі есімде, әйтеуір, Құдай сақтап, атылып кетуден аман қалды. Соғыс кезінде орган қызметкерлерінің жанына «соғыстан қашқандарды ұстау» жұмысына жегілді, бірақ бір адамды да ұстап бермеді.
Кішкене кезімнен ата-анама қолғабыс жасадым. Жалғыз бала болсам да оларға үй шаруасына көмектесетінмін, буыным қатып, іске жарай бастаған шағымда бір шақырым жерден иінағашпен су тасып, шешеме үй жинауға көмегімді тигіздім. Ойын баласы кезімнен арбамен отын тасып, әкемнің қолғанаты болдым. Әкем мені еркелетіп өсіре тұра, бетіммен жібермей, дұрыс тәрбие берді.
Мектепті үздік бітірген соң менің Алматыға оқуға барамын дегеніме қарсы болмаған әкем, туыстары «жалғыз балаңды көзден таса қылма» дегеніне қарамастан, менің талабымды қолдады. Білім алып, үлкен азамат болып елге пайдам тигенін қалады. «Жолыңнан қалма» деп батасын беріп алыс Алматыға, аттандырып салды. Әкелік мейірімі ерекше еді. Алматыда оқып жүргенімде қыстыгүні маған айтпай ұшақпен ұшып келіп, сонда Шалдыбаев Мағзұм деген нағашымның үйіне апарып қасымда үш күн болып кеткені бар.
Алматыда бір жыл оқыған соң Қарағандыда медицина институты ашылып, ауылыма жақын деп, оқуымды соған ауыстырдым. Институтты қызыл дипломмен бітіріп, аспирантурада оқып жүргенде өзіммен бірге оқыған Күлзиямен отбасын құрдым. Қызым Алма туғанда ата-анам қасымда болып, Қарағандыда тұрдық. Асприантураны бітірген соң туған жерім Ұлытау аудандық ауруханасында өзім бас дәрігер, жұбайым Күлзия рентгонолог болып жұмыс істедік. Сол жерде үлкен ұлым Алмаз өмірге келді. Бұдан кейін ғылымға бет бұрып, диссертациялық жұмысымды жалғастыру үшін Қазақ ССР Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтына зертхана меңгерушісі болып жұмысқа тұрып, адамгершілігі биік ғалым Бахия Атшабаровтың жетекшілігімен еңбек еттім. Қиыншылықтар болды, әке-шешем, екі балам бар, әйелім науқастанып, үйде бір өзім жұмыс істедім. Сонда әкем тұрған жерімізге жақын мақта-мата комбинатында күзетші болып жұмысқа тұрды. Сөйтіп, 38 жасыма дейінгі еңбек жолым мені алдағы үлкен асулардан шаршамай, шалдықпай өтуге дайындап, шыңдады.
Үлкен іске үлкен тәуекел керектігін түсіндім
Өмір болған соң бәрі болады. Жетістікке де жетесің, кедергіге де тап боласың. Бірақ соған мойымай алға ұмтылудан танбаған адам ғана мақсатына жетеді. Оны өз өмірімнен көріп-білген адаммын.
1968 жылы Ақтөбе медициналық институтына ректор болып тағайындалдым. Бұл қызметті үш жылдай атқарған соң, 1971 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі болып, ол қызметті он бір жылдан аса уақыт бойы атқардым. Бұл менің алған білімімді ел игілігіне жұмсаған, жастықтың жалынды кезеңінде халқыма шын ниетіммен, адал көңіліммен қызмет етіп, бойдағы бар күш-жігерімді еліме арнаған өмірімнің ең бір шуақты кезеңі деп санаймын.
Басшылық қызметте ешкімге жаманатты көрінбей, тыныш қана жұмысыңды атқарып жүре беруге болады. Өзіңнен жоғарыдағылардың тынышын алмай, солардың айтқанымен жүріп-тұрып та жағдайыңды жасап, кеудеңе орден-медаль тағып абыройлы болып та көріну де аса қиын шаруа емес. Бірақ көкірегінде халқымның мерейін көтерсем, елімді танытсам деген арманы бар адамға тыныш жүру қиын.
Кеңестік кезде бәрін Мәскеудегі орталық үкімет шешіп отырғаны белгілі. Ал ол жақта қай жерде нені өткізу керек екенін өздері біледі, ұлттық республикалардың басшыларымен ойласып та жатпайды. Сондай өктемдіктің кесірінен талай рет өзімізге тиесілі сыбағамыздан қағылған кездеріміз де аз болмады. Бірақ арқаңда қабырғалы елің тұрғанда халқыңның абыройы үшін неге болса да тәуекел етуге болады.
1976 жылы Швейцарияның Женева қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) өзінің жылжымалы медициналық жедел жәрдем мәселесіне арналған кезекті конференциясын КСРО-да өткізу туралы шешім қабылдады. Жасыратыны жоқ, бұл кезде капиталистік елдер мен социалистік бағыттағы мемлекеттер арасындағы қырғиқабақ соғыстың күшейіп тұрған шағы еді. Сондықтан он бес ұлттық республикадан құралған Кеңестер Одағы өздерін ел ішіндегі саясатта әділ қылып көрсеткісі келген болар, конференцияны Ресей, Украина не Беларусь сияқты елдің еуропалық бөлігінде емес, азиялық жағында өткізгісі келген. Сөйтіп, КСРО Денсаулық сақтау министрі Б.Петровский жоғарғы жаққа халықаралық ауқымды конференцияны Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткізу туралы ұсынысын өткізеді. Біз бұған үнсіз мойынсұнып отырғымыз келмеді. Қазақстанның Денсаулық министрі ретінде мен де оның өз елімде өткенін қаладым да, Қазақ ССР-інің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевқа барып, халықаралық конференцияны Алматыда өткізсек деген ұсынысымды айттым. Ол кісі сол кезде біздің елдің ғана басшысы емес, СОКП Орталық комитетінің Саяси бюросының мүшесі. Қонаев Саяси Бюроның мүшесі ретінде бұл мәселеде Қазақстанды ашық қолдай алмайтынын, мұндай аса маңызды жағдайда барлығына тең көзқараста болуға тиіс екенін айтты. Былайша айтқанда, конференцияны Алматыда өткізуге қолдау табу өзіме байланысты екенін ұқтырды. Ал мен Димекеңе конференцияны өткізу орнын белгілеген кезде оған үміткер ретінде Алматының алынып тасталмауы керек екенін, соған ғана ықпал етуін сұрап, қалғанын өз мойныма аламын дедім. Сөйтіп, орталыққа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жылжымалы медициналық жедел жәрдем мәселесіне арналған кезекті конференциясын Алматыда өткізуге болатынын, оған біздің республикамыздың әлеуеті жететінін дәлелдеп, мақсатымызды іске асырдық. Халқымыздың өзіндік ерекшелігі бар ұлт екенін, табиғатының тамаша, ғылым-білімі өркендеген ел екенін көрсетіп, медицина саласындағы кадрларының біліктілігін танытуға жол аштық. Әрине, мұның маңызы зор, ол кезде, қаласақ, ондай шараны өткізуді мойынға алатын қазіргідей тәуелсіз ел емеспіз ғой. КСРО кезінде үлкен жиынды елімізде өткізу деген әлемнің түкпір-түкпірінен келетін адамдарға Қазақстанды танытумен барабар іс еді.
Әрине, халықаралық жиынды өткізуге рұқсат алу бір басқа да, соған лайықты дайындалып, оны жоғары дәрежеде атқарып шығуға талпыну – бөлек дүние. Сондықтан біз оның жауапкершілігін терең сезіндік, халқымыздың, еліміздің абыройын ойладық. Істелуге тиіс нәрсенің бәрін есептеп, тыңғылықты дайындалдық.
«Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар ғой, мәдениетті, дамыған елдер тазалыққа қатты мән береді, медицина саласында екібастан солай. Біз де оны естен шығармадық. Ең алдымен тәртіп мәселесін нықтап алу керек болды. Мен бүкіл еліміздегі медицина мекемелерінің басшыларын шақырып алып тапсырма бердім. Конференцияға келетін қонақтарға қызмет етуге бір секунд та кешікпеу керек екенін, барлық жерде тазалықтың қатаң сақталуы керек екенін ескерттім. Сөйтіп, дайындық жұмыстары қарқынды жүре бастады. Оны жеке өзім тексеріп отырдым. Дайындық барысында қонақтарды қабылдайтын, шай беретін жерлерге көп мән беріліп, оларға ең алдымен әжетхана, жуынып-шайынатын жерлердің кір-қоңнан, иіс-қоңыстан ада болуын қатаң тапсырдым. Сырттан келген қонақтың әжетханаға қарап тазалығына баға беретінін түсіндірдім. Сонда жұрттың «Шармановтың министр болғандағы қауқары әжетхана тазалығына жеткені ме?» дегендей сөз айтып, күлгені бар. Мен оларға мұның кісі күлетін нәрсе емес екенін, сырттан келген адам сенің әдемі киіміңе, тамақ беретін ыдысыңның жалтырап тұрғанына емес, дәл сол әжетханаңның тазалығына мән беретінін, өйткені түрлі микробтардың содан тарайтынын, ал шетелден келетіндер басқа емес, медицина мамандары екенін ұқтырдым. Айтқанымдай, орталықтан келген өкілдер Алматыға келіп, конференция өтуге тиіс Республика сарайына барып, ең алдымен әжетхана тазалығын тексергенде барып жұрттың менің айтқанымның мәніне көзі жетті. Санитарлық-гигиеналық тазалыққа өзге елден келгендердің қалай қарайтынын өз көздерімен көрді. Мұның бәрі бір қарағанда майда-шүйде әңгіме сияқты ғой, ал шынында адам өмірінде тазалықтың рөлі зор екенін естен шығармауымыз керек.
Сөйтіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференция қазақ елінің бас қаласында табысты өтті. Оған әлемнің танымал ғалымдары келді. Арасында аты әлемге белгілі АҚШ-тың 35-президенті президенті Джон Кеннедидің туған бауыры, сенатор Эдуард Кеннеди де болды.
Конференция құжаттарын ДДСҰ-мен біріге отырып дайындадық. Соның нәтижесiнде елімізді танытқан атақты «Алматы Декларациясы» дүниеге келдi. Бұл бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы сол жылы арнайы қарар қабылдап, онда сөйлеген ДДСҰ-ның сол кездегі президенті Хальфдан Теодор Малер «Алматы декларациясы – денсаулық сақтау ісінің ХХ ғасырдағы ұлы хартиясы» деп жоғары баға берді.
Солайша, еліміздің атын шығарар үлкен іске үлкен тәуекелмен барып, оны абыроймен атқардық.
Тағдыр жолы тақтайдай
тегіс емес
Алматы конференциясын өткізуіміз оңайға соқпады. Делегаттарды күтуге артық шығын жұмсалды дегендер болды. Мәселен, конференцияны өткізер алдында орталықтан келген өкілдерді күтіп алғанда «оларға берген гүлімізге дейін артық шығын шығардыңдар» деп кінәлағандар болды. Ал оларды медициналық мекемелердің өзі ұйымдастырған болатын. Тіпті, Дінмұхаммед Қонаевтың өзі орталықтың адамдарын «неге менімен ойласпай шақырасың» деп ренжіді. Шынында, олардың өзі дайындығымызды тексеруге келген еді. Ал конференция өткен соң мені мемлекеттің қаражатын артық шығын шығарды, қаржыны есепсіз шашты деп жұмысымнан алып тастады. Сөйтіп, кешегі министр бүгін жұмыссыз адамға айналды. Бір сөзбен айтқанда қудалауға түстім. КСРО-да Алматы конференциясының жетістігі лайықты бағасын алмады. Ол ол ма, денсаулық сақтаудағы бірқатар реформалардың бастамашысы, КСРО Денсаулық сақтау министрі және Алматы конференциясының төрағасы, академик Борис Петровский конференциядан соң көп ұзамай отставкаға кетті...
Шүкір, менің жанашыр достарым жоқ емес, соның бірі – қазақтың аса көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов маған қауіп төніп тұрғанын ескертіп, Қазақстаннан кетуіме кеңес берді. Кейін менің жұмыссыз отырғанымды естіген өзге республикадағы медицина саласының басшылары хабарласа бастады, өзбек, қырғыздар өздеріне шақырды, өз салама байланысты жұмыс беретінін айтты. Сосын Димаш Ахметұлына барып, Мәскеуге кеткім келетінін айттым, ол кісі: «Төре келді, төре кетті дейміз ғой сонда», – деді даусын созып сөйлеп. Ол кісіге «маған қарсы жасалып жатқан әрекеттерді тоқтатуға шара қолданылса, елімнен безбейтінімді, мұның шарасыздық екенін» жеткіздім. Сөйтіп жүргенде, маған КСРО Денсаулық сақтау министрінен Мәскеудегі дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры болуға келіңіз деген ұсыныс түсті. Бір ай конкурс болады, сосын нәтиже шыққан соң бір айт күту керек деді. Мен Мәскеуге бардым, бір айдан соң шыдай алмай ол жерден кететін болдым. Кремльдің жанында әскери медициналық мекемедегі достар бар еді, солар шақырып «бізге келіңіз, сізге пәтер бергіземіз, жалақы береміз. Белоктардың бейімділігінің әсерін ашу бағытында жұмыс істейсіз», – деді. Мен: «бұл – іргелі ғылым, менің салам басқа», – деп келіспедім. Дегенмен олар: «жұмысқа орналасқаныңызша біз сізге ставка беріп қоямыз, келмесеңіз де өзіңіз білесіз. Біз сізді сыйлаймыз», – деді жанашырлық білдіріп. Оларға кезінде менің де көмегім тиген, соның жақсылығын қайтарып отыр. Мен 1982 жылдан Ресей Медицина академиясының мүшесімін ғой, сондықтан олар өздерінің бір ғалымын қолдауымды өтінді. Мен, әрине, лайықты кісіге қолдау білдірдім.
Солайша, менің ғалым ретіндегі беделімді Мәскеудің ғылыми ортасы қорғап қалды. Қиын күнде қолдау білдіріп, өз елімде жұмыссыз қалған кезімде жұмыс беріп, мені қудалаудан құтқарды. Мәскеуде болған кезімде академик ретінде әлемнің көптеген елінде болдым, мәртебелі ғылыми жиындарға қатыстым.
«Іздеушісі жоқ ел жетім» дейді ғой халық, мен Мәскеуге жүргенде Қазақстанның түрлі облыстарынан медицина саласының қызметкерлері мені іздеп келіп, өздерінің ризашылықтарын білдіріп жатты. «Сіздің осындай жағдайда жүргенде хал-жағдайыңызды біліп, қолдауымызды білдіруді өзімізге парыз деп санаймыз», – деді олар. Бұл да болса өзіңнің адами құныңды, еліңе керек екеніңді танытатын нәрсе ғой, мен ол азаматтарға алғыс білдіремін.
Тағдырдың жолы үнемі тақтайдай тегіс болып келе бермейді ғой, өмірдің бұралаңы көп, тек содан сүрінбей аман өтіп кетуге білімің мен жігерің ғана көмектеседі, тек әділет теріс қарамаса болғаны.
Ел үшін еткен еңбек
текке кетпейді
Мәскеуде мен төрт жыл тұрдым, кейін мені Қазақстан Компартиясының орталық комитеті елге шақырды. Бірақ мәскеулік достарым маған сол кезде елге оралудың қажеті жоқ екенін айтты. Олар Дінмұхаммед Қонаевтың биліктен кететінінен хабардар екен. «Ертең оның орнына келген кісі сізді Қонаевтың адамы деп қудалап, қайтадан жағдайыңыз қиындап қалуы мүмкін», – деді. Кейін Қазақстан билігіне Назарбаев келген соң қайтадан шақырды. Сөйтіп, елге келдім. Ол кісі де мені соншалық жақсы көргеннен шақыра қоймаған шығар, тек ол Қонаевтың кезінде қудаланған адамдарды қолдаған болатын...
Елге қайтып келген соң қайтадан тағамтану мәселелерімен айналыса бастадым. Қазақ тағамтану академиясы Орталық Азия аймағындағы тамақтанудың медициналық-биологиялық мәселелерінің іргелі және тәжірибе жүзінде қолданылатын ғылыми-зерттеулерін жүзеге асыратын ғылыми орталық қой. Ол алғашында КСРО Медицина ғылым академиясы Тағамтану институтының Қазақ бөлімшесі болып 1973 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Қонаевтың мені ұнатпауы сол кезден басталды негізі. Маған «көп қаражатты бекер ысырап қылып жатырсың» деп жақтырмай сөйлеген. Сонда мен ол кісіге: «Денсаулықты сақтау дегеніміз – тамақтың зиянынан адамды арашалап қалу. Мен қымыздың денсаулыққа пайдасын зерттеп жатырмын. Оны пайдасы көп, тек соны ғылыми жолмен дәлелдеу керек», – дедім. Ол кісі менің айтқаныма ашуланып, «Нан мен май. Ет пен сүт болса, тағамтану ғылымы деген сол» деген еді. Мен де сөзімнен қайта қоймай, «Көп адам еттің бәрі бір деп ойлайды. Ал қазақ сол еттің қорытылуы жайында «Қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиыр еті – таң сарғайып атқанша, жылқы еті – төсек салып жатқанша» деген. Бұл менің тапқаным емес, ата-бабадан қалған сөз, менікі тек соны ғылыми жолмен дәлелдеу ғана», – дедім.
Сол кезде көптеген адам «жылқы еті пайдалы дейсің, ол қымбат, оған кез келгеннің қолы жете бермейді» деп менің ғылыми-зерттеулерімді ұнатпайтын. Сонда мен «неге пайдалы нәрсе арзан болуы керек? Оның пайдасы ең алдымен мал өсірумен айналысатын ауылдағы қазаққа тимей ме? Неге мал бағатындар өсірген малының игілігін көрмеуі керек», – дедім.
Әрине, нан мен май да, сүт пен жұмыртқа да адамға қажет. Бірақ ол аш өзекті ғана жалғайтын өлмес тамақ қой, аз қазақты көбейтудің жолы дұрыс тамақтануды жолға қойып, олардың өмірін ұзарту емес пе? Соны мемлекеттік деңгейде ойлап, жүзеге асырмасақ, біздің ғылымымыздың жұртқа не пайдасы бар? Осыны әлі күнге түсінбейтін, түсінгісі келмейтін адамдар көп екені өкінішті. Бірақ шүкір, халқымыз бүгінде дұрыс тамақтанудың не екенін түсініп келеді. Бұл біздің еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.
Ғылым жолында төккен теріміз текке кеткен жоқ, мемлекет те еңбегімізді бағалап жатыр. Әлі күнге дейін әлемде маңызын жоймаған Алматы конференциясын өткізген еңбегім бағаланып, маған 2005 жылы Дүниежүзі денсаулық сақтау ассамблеясының Леон Бернард атындағы сыйлығы берілді. Бұл сыйлықпен қазірге дейін әлем бойынша 42 адам ғана марапатталғанын айтсам, салмағын түсінерсің. Ал биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иесі болдым, омырауыма «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» ордені тағылды. Мұның бәрі менің ғылымдағы ісімнің әлемде де, елімде бағаланғаны деп білемін. Мен бірақ денсаулық сақтау саласындағы жұмысымды атақ-марапат үшін емес, халқыма титтей де болса пайдам тисін деген мақсатпен істеген адаммын. Сол үшін мақтау-марапатқа бас қатырмай, құдайдың берген қабілетін еліңнің игілігіне жарата білсең, адал, пайдалы еңбек өз бағасын алмай тұрмайды ойлаймын.
Ғылыми-зерттеуден басқа эссе жазамын. Ғылыми бағытта 300-ден аса еңбек жазып, 15 монографиямды шығардым. Тағы отыз шақты өнертапқыштық ұсыныс жасап, олар ғылыми айналымға енді. Соның арқасында «Денсаулыққа жалпы құқық және оны әре елде жүзеге асыру», «Сақтандыру медицинасы: ізгілігі мен қатері», «Медицина ғылымын не күтіп тұр», «Денсаулық құқығына ұзақ өрлеу», «Замандастарымның бейнесіне шолу», «Қас қағым» секілді кітаптарым басылып шығып, оқырмандардың қолына тиді.
Өмірдің барлық кезеңінде халқың үшін еңбек ету керек, ол адамдық парыз. Сондықтан ғылым жолында төккен терім халқымның кәдесіне жараса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ деймін.
Әңгімені жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ