1352
Төрт кестелі Төрежан
Төрт кестелі Төрежан
– Аға, сіздің ауылда сойып жазатын сойқан сықақшы бар екен. Танисыз ба?
– Кім?
– Төрежан Мәндібаев...
– Е-е, ол көкеңді білем. Жаратылысы жақсы адам. Қожанасырлау мінезі бар. Өзі мектепте мұғалім. Физика-математикадан сабақ береді. Жасы менімен шамалас. Қырыққа таяғанда қисайып, сын-сықақтың сыпырғысын ұстап, біздің «ауылға» келгіштеп жүр. Түбі сықақшылармен қоңсы боп, қоныстанып қалады-ау. Жалғандыққа жаны қас, жақсы жазады.
...Түбiрдiң түбiн түсiретiн айтулы математик, сындары сынадай, сықақтары сыпырғыдай Төрежан ағамыз Алматыға бiр келгенiнде:
– Оспанхан ағамен таныстыршы, – деп қызға ғашық болған жiгiттей қиылды. – Жарайды, Төке!
«Құр қол бару ұят-ты» деп арақ-шараптың түрлi «руын» түгендеп алып, айтыскер ақын Баянғали Әлiмжанов үшеумiз Осекеңнiң үйiне тарттық. Барсақ, мәссаған, безгелдек! Осекеңнiң ұнжырғасы түсiп кеткен. Нұрсұлу жеңгей ашулы. Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырлаған сияқты.
– Ағаларың сендерсiз де дымқыл, – дедi жеңгей қабақ шытып. – Өздерiң кiшкене ауыз тиiңдер де, ауызғы үйден қайтыңдар. Болды, болды... Ағаңа көп құйма!
Төрежанның жаны қалмай қалбалақтап, жеңгейдiң рөмкесiне арақ тамызайын деп ұмсына берiп едi:
– Iшпеймiн! – дедi шорт кетiп.
– Онда – коньяк...
– Жоқ! – дедi жеңгей шекесi шибарқыттанып.
– Онда шампаннан көресiз бе?
– Iшпеймiн!
– Әлде қызыл шарап...
– Оны да iшпеймiн!
Төрежан төбесiн қасып:
– Ояа-а-ба-а-й, Ос-аға, – дедi, – жеңгемiз ендi не iшедi?
Оспанхан омпа тұрған асықтай одырайып:
– Жеңгең тек менiң қанымды iшедi! – дедi. – Ал жiгiттер, қатынның күшi атомның күшiмен бiрдей. Жарылып кетсе жаман болады. Осы тойғандарыңмен қайтыңдар!..
– Қайтпайсыңдар, – дедi Нұрсұлу жеңгей. – Отырыңдар. Тек ағаларыңды шаршатпаңдар!
– Жеңгей, – дедi Төрежан қарап тұрмай, – сiз Осекеңнiң сықақтарын жатқа бiлесiз бе?
– Бiлем, – дедi жеңгей де желпiнiп. – Ағаларыңның балаларға, маған арнаған өлеңдерi көп.
Долы қатын долданды:
– Тауып кел! – деп, – етiктi.
Етiк тауып келгенше
Байға тиiп кетiптi.
Бiрақ бұл мен туралы тақпақ емес.
Жеңгемiз жымиды. Қазаны да қайнай бастады. Дастарқан жайылды. Дәм үстiнде Төрежан:
– Оя-а-ба-ай, – дедi таңырқап, – Осекеңнiң қалжыңы қазанды да қайнатты-ау!
– Тс-с! – дедi Баянғали сыбырлап, – жеңгей естiп қойса қазаны емес, қаны қайнап кетер!
Қазанын қайнатып, жеңгемiздi жайнатып, ағамызды үйiне байлатып, қас қарая қайттық.
Сексен бестің сеңгіріне, сатираның зеңгеріне шыққан Төрежан Мәндібаевтың сан алуан сауалға қайырған жауабын зерделесеңіз, парасат-пайымы мен оның жан дүниесін аңғарасыз.
– Әдебиетке, оның ішінде әзіл-сықаққа келуіңізге не себеп?
– Әу баста сатирик болам деп ойлаған емеспін. Әдебиетпен әуестенетіндер ең әуелі осы мамандыққа бейімделіп, сол саланың оқуын оқиды ғой. Мен Қызылорда қаласындағы пединституттың физика-математика факультетін 23 жасымда бітіріп, мектепте мұғалім болдым. Ол кезде ауылдағылардың екі-ақ ермегі бар-тын. Не арақ ішесің, не кітап оқисың. Асқазаным ауыратындықтан, маған арақ ішуге мүмкіндік болмады. Содан кітап оқуға көштім. Француздардың романтикалық шығармаларын, сосын орыстың алтын ғасырдағы кітаптарын оқып тауыстым. Бір күні түс көріп, неше түрлі оқиғалар есімнен кетпей қойды. Соны жазғым келеді. Бірақ ойлаймын, жазушылардың бәрі жас кезінен машықтанған. Мен болсам 35-темін. Бұл жаста не бітіріп оңдырам? Тәуекел! Басымды шырмап алған нәрсені қағазға түсіріп, ең алғаш «Гипертония» деген әзіл әңгіме жаздым. Жап-жақсы дүние екенін ішім сезді де, жаңадан шығып жатқан «Жалын» альманагына жібердім. Көп ұзамай бас редактордың орынбасары Дулат Исабековтен хат келді. «Әңгімеңіз жақсы екен, жақында жарияланады» депті. Ой, қуанғаным-ай! Расында, сол дүнием 1975 жылы «Жалынның» бірінші санында басылды. Кейін Дулат «Сенің осы әңгімеңдегі оқиғаны тойларға барғанда айтып, елді қыран-топан күлдірем» деді. Төлен Әбдік «Сөз өнері дертпен тең. Дертке шалдыққан екенсің. Сен енді осы дерттен жазылма!» деп күлдірді. Оразбек Сәрсенбаев Жазушылар одағының жылдық қорытындысында «Биылғы жылдың ең үздік әңгімесі – Төрежан Мәндібаевтың «Гипертониясы» деп бағалады. Ауылда жүрген жаман мұғалімнің жазған дүниесін жалаулатып көкке көтергенде жұлдыз боп кете жаздадым. Одан кейін «Жалында» жарияланған «Аралдың ар жағынан қыз алып ек» деген әзіл әңгімемді қалың елге мәлім Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев «Тамашада» орындап, атағымды асқақтатты. Кітабым болмаса да жұрттың бәрі мені жазушы деп тани бастады. Екі кітабым шыққасын Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандым. Комиссияның төрағасы Ғабит Мүсірепов, оның хатшысы Әкім Тарази екен. Қабылдауында болдым. Бет-жүзін бірінші рет көруім. Әкім: «Ақын-жазушыларды құртып жүрген рушылдық, жершілдік, жүзшілдік. Сен ондай болма. Біз аз халықпыз. Бөлініп, бөріге жем болсақ оңамыз ба?!» , – деді.
Жазушылардың кейінгі жылдық қорытындысында баяндама жасаған Абдрахман Асылбеков «Оңай деймісің» атты екінші кітабымның «қол-аяғын» жерге тигізбей «Өмірімде мұндай сықақ оқыған емеспін!» деп мақтапты. Көңілім көтерілгесін көркем дүниеге біржолата бет бұрдым.
– Қазір не жазып жатырсыз?
– «Қазағым, қайран жұртым!» деген кітабым дайын. Демеушілер табылса оқырмандардың қолына тиіп қалар.
Негізінен бүгінгі күн мәселесі қамтылған. Қазағым ұлт ретінде жойылып кетпей ме? Қазақ тілі неге қауқарсыз? Дөң басында отырған дөкейдің бәрі орысша сөйлейді. Депутат, министрлер де жиналысты орысша өткізеді. Қазақ тәуелсіздіктен кейін де балаларын орыс мектебіне береді. Ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың көбі орысша білім алғандар. Баяғыда бабаларымыз еш уақытта ажыраспаған. Ұлттық дәстүрін сақтаған. Солар теңін тауып қосылған дейсің бе? Бала өсіріп, ұрпағын сақтау үшін шаңырақтарын шайқалтпаған. Қазіргілер ше? Қарақан басының қамы үшін, өз жанының тыныштығы үшін өмір сүруге көшті. Міне, мәселе қайда? Сондықтан біз өз тәрбиемізді өрге сүйреуіміз керек.
– Қазақтың тілі мен ұлттың болашағы бар ма?
– Оны болдыру керек.
– Қалай жазасыз?
– Мен басымды көп қатырмаймын. Бір жеті толғанып, кейде екі жеті толғатып жүрем. Піскен кезде отыра қап қағазға түсірем.
– Біз қазақ қайраткерлерінің өмірбаянына үңілсек, дені басқа ұлттан әйел алып, бала тәрбиесіне онша мән бере бермеген. Сіз өз ұрпағыңызға қалай қарадыңыз?
– Балаларымды орысша оқытуға мүмкіндігім болды. Бірақ жүрегімде бар баламды қазақ қып өсірем деген қағида қатып қалған еді. Бәрін қазақ мектебіне бердім. Қазақстан мемлекетін ұстап тұратын – қазақы тәрбие. Қазақтың жоғалуы – ұлттың жоғалуы. Баяғыда 21 мың ұлт болған екен, қазір соның 6-ақ мыңы қалған. Қалғандары қайда? Саны көп ұлт аз ұлтты жұтып қойған. Бірінші тілін жұтқан. Тілі жұтылған ұлттың өзі де жұтылып, жойылып кетуі – заңдылық. Мысалы, 800 мың халқы бар шешендер Ресеймен соғысып, жартысы ғана қалған еді. Ұлттың болашағын ойлаған олар әр еркекке төрт әйелден алуды заңдастырып, қазір олардың саны 1 миллион 200 мыңға жетті. Шешендер елінде тек өз тілінде сөйлейді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Өзге тілде білім алған адам сол елге қызмет етеді» деген сөзіне құлақ асып жүргендер кем. Қайраткер қарындасымыз Оразкүл Асанғазиеваның бір сөзі есімде. «Баласын орысша оқытқандар қарттар үйінде жатыр», – дейді. Міне, ұлттық мүдденің тамыры қайда!
–Бір сұхбатыңызда «Мен өлгеннен кейін шығатын бір кітап бар» депсіз. Ол қандай кітап?
– Әлгінде айттым ғой, «Қазағым, қайран жұртым» деген кітап. Іші толған уайым, қайғы. Көзім тірісінде ешкім шығара қоймайтын шығар...
– Математика мен сатираның арасында жақындық бар ма?
– Бар деп айтады. Бар. Меніңше, екеуінде де дәлдік бар.
– Күлдіремін деп біреуді ренжітіп алған кезіңіз болды ма?
– Мен жалпы жуас адаммын. Кекетіп, кекесін сөйлеу табиғатымда жоқ. Өнер адамдарында бірін-бірі көреалмаушылық, қызғаншақтық бар екен. Оны кейін байқадым. Мен педагогпін. Бізде жиі айтатын бір сөз бар, «Кешірімді бол!» деген. Жақсы сөз!
...Ғасыр мен ғасыр тоғысында Қазақстан теміржолының 100 жылдығына байланысты үгіт-насихат пойызының құрамында Шалқарға бара қалдым. Әкімшілікте өтетін жиналысқа Төрежан ағамды шақырттым. Келді. Қатысты. Қабағы қату. Дастарқан басында да әкімқараларды жақтырмаған сыңай танытты. Бақсам шекесі жылтыраған шенеуніктер тура сөйлеп туғанына жақпайтын Турабидей Төрежан ағамды «оппозиционер» деп есептейді екен. Сықақшылардың бәрі сыбағасынан құр қалып жүргені де жауынгер жанрдың жалауын ұстағаннан-ау?..
Күндердің күнінде Төрежан ағамның менімен де «оппозицияға» кеткен кезі бар. «Қалай?» дейсіз бе? Әуелі мына эпиграмманы мұқият оқып шығыңыз. Сонда түсінесіз.
САТИРА СТАДИОНЫНДА
«Сатира» командасының негiзгi құрамы:
Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ,
Қазақ ССР сатира «федерациясының»
председателi.
Қақпашы:
1. Садықбек Адамбеков.
Қорғаушылар:
2. Балғабек Қыдырбекұлы,
3. Сақтапберген Әлжiков,
4. Жүсiп Алтайбаев (капитан),
5. Сейiт Кенжеахметов.
Жартылай қорғаушылар:
6. Ғаббас Қабышев,
7. Есенжол Домбаев,
8. Оспанәлi Иманалиев.
Орталық шабуылшылар:
9. Шона Смаханұлы,
10. Үмбетбай Уайдин,
11. Оспанхан Әубәкiров.
«Запаста»:
Абдрахман Асылбеков.
(Негiзгi топта ойнайтын шамасы бар,
Бiрақ ептеп жылайтын «баласы» бар).
Аға жаттықтырушы:
Темiрбек Қожакеев.
Бұларды жұрт қашанда
Құрметпен қарсы ап жүр.
Мыналар ғой:
1. Мыңбай Рәшев,
2. Қойшығара Салғарин,
3. Қажытай Iлиясов
Командаға бiр келiп,
Бiр кетумен шаршап жүр!..
Не ұқтыңыз? Осыншама сықақшылардың ішінде Төрежан Мәндібаевтың аты-жөні жоқ. Неге? Себебі бұл достық рәуіш 1972 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған болатын. Ол кезде Төрежан ағам сықақшылардың есігінен сығалаған жоқ. Арада 30 жыл өткен соң осы эпиграмманы мақаламның ішінде кірістіріп, «Қазақ әдебиетіне» қайта жаңғыртып жарияладым. Бітті шаруа! «Сықаған сықақшылардың тізімінде мен неге жоқпын?» деп шамданған ағам шалқасынан түсіпті. Оппо-о-о...зиция! Кәмпитке өкпелеген бала секілді, айналайын ақкөңіл ағам-ай!
Кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кіріп, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Найзагер» атты сықақшылар қауымдастығының №1 билеті тапсырылған Төрежан Мәндібаевқа Ақтөбе қаласынан пәтер беру жөнінде өтініш айттым. Реті келмеді ме қайдам, айтқан шаруамыз аяқсыз қалды. Бірақ бұл жолы Төкең төбеме жаңғақ шағып, «оппозицияға» кеткен жоқ.
Сталин шіркеудің оқуын оқып, семинарист болған кезде Сергий деген митрополит Петербург Дін академиясының ректоры еді. Сталин шіркеудің мұқтаждарын білгісі кеп митрополиттермен сөйлескенде, олар діни оқу орнын көптеп ашу керегін, шіркеуде діни қызметші кадрлар жоқтың қасы екенін баяндайды. Осы тұста Сталин бүйірден сұрақ қояды.
«Ал сіздердің неліктен кадрларыңыз жоқ? Олар қайда кеткен?» дейді. Сонда өзінің ректоры болған баяғы Сергий митрополит «Кадрлар болмауының түрлі себептері бар, Сталин жолдас, – дейді саспастан. – Оның бірі мынау: біздің священник етіп оқытқан адамымыз Совет Одағының маршалы боп кетті...»
Бұл жауапқа диктатор мырс етіп күлсе керек. Біздің де күлетін жағдайымыз бар. «Ол не күлкі?» дейсіз бе? Төрежан ағамыз математиктің оқуын оқыды да, ақыр аяғында сатирик боп кетті. Қазақстанда Асқар Жұмаділдаев секілді мықты математиктердің кем болу себебі де сол-ау, сірә? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні не?
Математиканың арғы атасы арифметика болса, сол есеп-қисабыңызды түгендейтін төрт кестеңізді жаттап өспейтін жан баласы жоқ шығар-ау?
1.Алу. 2.Бөлу. 3. Қосу. 4. Көбейту.
Ақтөбенің ақ мылтығы Төрежан Мәндібаев төрт кестеңізді бала жастан жадына сақтап өсіп, машықтанғасын математик болды.
1. Сүйек жаңғыртып, сүйген қызын алды. Яғни, жар алуды білгенмен, пара алуды білмеді.
2. Қосағымен қоса ағарып, қайда барса да қоса апарып, бөлінбеген. Яғни, үйленуді білгенмен, үй бөлуді білмеді.
3. Қазақтың санын көбейтіп, балаға баланы қосуды білгенмен, лауазым қуып, өсуді білмеді.
4. Жарына да, жанрына да адал болды. Сатираны көбейтуді білгенмен, жарының саусағына салатын сақинаны көбейтуді білмеді. Дүниеге емес, көркем дүниеге қызықты.
Чехов дәрігер болғанмен, әдебиет үшін әбігер болған классик екені әмбеге аян. Төрежан аға – сондай. Математик мамандығына қарамастан, қалжыңдарын қазақ әдебиетіне қазықтай қағып кіргізді. Күлкінің күбісін пісіп, сатираның сарымайын айырған сарбаз. Әдетте математиктер есеп шығарғанда сан қилы сандарды түбірдің астына түсіріп, одан оны үстіне шығарып қидалап, қиқулап жатушы еді ғой. Төрежан ағам да әлгі тәсілді әзіл-оспаққа шебер қолданып, шекесін қыздырған сықақшы. Мысалы, қазақта «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген мәтел бар. Біздің Төкең сол мәтелдің мәнін өзгерткен. Қалай дейсіз бе? «Таспен ұрғанды таспен ұр» деп, түбін түсіріп жазатын қаламгер. Бәрінен де әрі тартқанды бері тартып, түлендерді түртіп ойнайтыны жақсы.
Математиктің тілімен айтқанда, жүзіңіз жарқын боп, жүз жасаңыз, аға!
Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері