383
Баспасөз орталығы ашылды
Баспасөз орталығы ашылды
19 сәуір күні «Ашық партия» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жұмыс істейтін «AMANAT» Орталық аппаратында көпфункционалды баспасөз орталығының ашылу салтанаты өтті. Оған БАҚ өкілдері мен медиа саласының мамандары қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған «AMANAT» партиясының хатшысы Ринат Кертаев бұл баспасөз орталығы партияның халықпен кері байланысын, партияның ашықтығы мен жариялылығын арттырып, БАҚ-пен жұмыс істеуде тиімді құралдың бiрi болатынын жеткізді.
– 1 наурызда өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғырту, оның ішінде сайлаушылармен кері байланысты күшейтуге және партиялықтардың қоғаммен ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты негізгі міндеттерді атап өткен еді. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, депутаттық фракцияның жұмысы және партиялық жобалардың іске асырылуы туралы жедел ақпарат беру мақсатында көпфункционалды баспасөз орталығын аштық. Бұл – партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы қадамдардың бірі, – деп атап өтті партия хатшысы.
Сөз арасында ол жаңадан ашылып жатқан баспасөз орталығына да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын партия мүшелерін жеке-жеке атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта медиа саласының мамандарымен біріге отырып, істелетін жұмыстар төңірегіне де толық тоқталған еді.
– Бұл баспасөз орталығының есігі барлық БАҚ өкілдері мен журналистерге әрдайым ашық. «Ашық партия» атты бірыңғай концепцияны барлығыңыз білесіздер. Соған сәйкес, біз болашақта осы жерде түрлі форматтағы бейнешараларды өткізбекшіміз. Ол – баспасөз мәслихаттарын, түрлі кездесулер ұйымдастыру, әртүрлі подкасттар жазу, дебаттар өткізу. Сондай-ақ мұнда партияның өкілдері ғана емес, журналистер үшін де қызықты тақырыптар бойынша шаралар өткізу жоспарда бар. Соған барлығыңыз бір адамдай белсенді түрде атсалысасыздар деген сенімдемін, – деді Ринат Думанұлы.
Сөз соңында ол баспасөз орталығының жетекшісі болып Қымбат Қали тағайындалғанын айтты. Жиын қонақтарына арнайы презентация таныстырылымын көрсеткен орталық жетекшісі алда өткізілетін шаралар мен жоспарларын бөлісті. Оның айтуынша, баспасөз орталығы дәстүрлі конференциялардан бөлек, iскерлiк әрі бейресми кездесулер алаңы болмақ. Нақты айтқанда, брифингтер мен дөңгелек үстелдер, ZOOM бағдарламасымен онлайн жиындар, сарапшылармен сұхбат, аймақтармен телекөпір, БАҚ өкілдерімен ресми емес басқосулар өткізіледі. Еркін TEDx форматындағы шаралар ұйымдастыру да жоспарда бар екен.
– Баспасөз орталығы күн тәртібіндегі өзектi тақырыптар бойынша ақпаратты талқылау және тарату орнына айналуы тиіс. Бізде ел тұрғындарының арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық қабылдау, қоғамдық кеңес сияқты, тағы да басқа түрлі салалық бағыт бар. Сондықтан экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелерді талқылап, оның шешілуіне үлес қосқымыз келеді. Біз тек партияның жобаларын насихаттаумен емес, қоғамдық маңызы бар, ең түйткілді сұрақтардың жауабын табуға атсалыспақ ниеттеміз,– деді Қымбат Қали.
Орталық жетекшісінің сөзінше, жұмыс шеңберінде қамтылатын бағыт көп. Оның ішінде партия жобаларын жүзеге асыру, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, Talqylau диалог алаңының жұмысын ұйымдастыру бар. «AMANAT» партиясы жастар мәселесіне ерекше назар қоятындықтан, «JAS OTAN» Жастар қанатымен біріге отырып, жастар саясаты мен жастарға арналған жобаларды қолдауға басымдық беріледі. Сайлау процесі де партия жұмысының ең негізгі бөлшегін құрайтыны рас. Сондықтан партияның сайлауалды бағдармаларының орындалуын қадағалау, сол кезеңде қоғамда резонанс тудыратын сауалдарға дұрыс жауап берілуін бақылау сияқты функциялар да қатар атқарылуы қажет.
Одан бөлек, депутаттардың аймақтарға сапары, елдегі ең түйткілді мәселелер бойынша пікір айта алатын спикерлерді кездесу алаңына шақыру, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар төңірегінде билік өкілдерімен бірге дөңгелек үстелдер ұйымдастыру және депутаттық сұраныстар мен заңға қатысты ұсыныстардың Парламентте қаралуы сияқты жұмыстар баспасөз орталығының назарынан тыс қалмайды.
Сондай-ақ баспасөз конференциялары партияның әлеуметтік желiдегi жеке парақшаларында онлайн режимде көрсетіледі. Баспасөз орталығы журналистер мен спикерлерге ыңғайлы болу үшін қажетті мультимедиа құралдарымен жабдықталған. Соны пайдалана отырып, алдағы уақытта өзге өңірлердегі сарапшы мамандар, спикерлермен онлайн кездесу, дебат, диалог алаңдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Түйіндей айтқанда, баспасөз мәслихатының негізгі тақырыптары «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясынын заң шығару бастамалары, қоғамдық кеңестер мен Республикалық қоғамдық кабылдау бөлмесiнiң қызметі, партиялық жобаларды іске асыру және сайлауалды бағдарламаны орындау болмақ.
Баспасөз орталығының таныстырылымынан соң сөз алған медиа тренер Ақерке Берлібай, журналист Асқар Жалдинов, NewsHub.kz порталының негізін салушы Ерлан Рамазан, Qazaqstan ҰТА Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар бөлімінің директоры Жалғас Сәдібекұлы партияның жанынан ашылып жатқан жаңа баспасөз орталығының алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, жылы лебіздерімен бөлісті.
Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ