1783
Ғылым тарихы және Ақжан әл-Машани
Ғылым тарихы және Ақжан әл-Машани
Қазақ ғылымының тарихы жайлы сөз қозғағанда Ақжан әл-Машани есімі аталуы – заңды. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі және академияның корреспондент-мүшесі, геомеханиканың негізін салушы, геолог-ғалым Ақжан Жақсыбекұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ғалымның теңдессіз ерлігінің бірі – әлемдік деңгейдегі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеп, оның Отырар өлкесінің перзенті, қазақ екенін дүниежүзі ғалымдарына мойындатқаны. Ғалым «көшпенді елде мәдениет те жоқ, ғылым да жоқ» деген дүмбілез теорияға тойтарыс беріп, қазақ ғылымының тарихын әріге жылжытты. Кеңес өкіметінің саяси және идеологиялық қысымына қарамастан, үздіксіз еңбек еткен ғұламаның соңында мол мұра қалды. Жуырда Ақжан әл-Машанидің «Табиғат – Матбуғат» атты қолжазбасы тұңғыш рет басылып шықты. Осы кітаптың шығуына мұрындық болған ғалымның шәкірті, фарабитанушы Гүлсім Садақбаевамен сұхбатымыз ғылым және ғалым жайында өрбіді.
– Гүлсім Едресқызы, тарихсыз ғылым жоқ екені белгілі. Олай болса, қазақ ғылымының тарихы қай дәуірден басталады?
– Қазақ ғылымының тарихы ресми түрде Қазақ Ұлттық ғылым академиясы құрылған 1946 жылдан басталады. Кеңес Одағы кезінде алдымен КСРО ҒА филиалы болса, одан кейін Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар жеке академия құрды. Ресми тарих бір жағынан дұрыс та шығар, бірақ оның ар жағында үлкен кезең жатыр.
Білім дегеніміз – ғылыми жұмыстың қорытындысы, нәтижесі, ол арнаулы әдіс-тәсілдер арқылы жүйелі түрде әзірленеді. Яғни, білім – ғылымның өнімі. Кез келген ғылым саласының, математика, физика, жаратылыстану, тағы да басқа пәннің өз тарихы бар. «Ғылым тарихы даналыққа, қарапайымдылыққа, тарихи заңдылық пен тарихи әділеттілікке, гуманизмге, ғұламаны түсініп, құрметтеуге үйретеді», – дейді Ақжан әл-Машани.
Қазақ ғылымы мен мәдениеті – егіз ұғым. Қазақ ғылымының қайнар көзі – Тұран өркениеті. Тұран мәдениеті түркітілдес халықтардың, түркі тілінің тарихымен тығыз байланысты. Қазақ ғылым академиясы құрылғанға дейінгі ғылымның басында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары тұрса, оның ар жағында әлемнің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби тұр. Ахмет Байтұрсынұлы В.Радлов, И.Крачковский, С.Ольденбург, С.Малов секілді түркологтермен бір деңгейдегі ғалым. Ахмет пен әл-Фарабиді байланыстырып тұрған дүние – ғылым. А.Байтұрсынұлы «Екінші ұстаздың» көптеген тұжырымын қазақ тіл біліміне енгізген.
– Демек, Алаш арыстары әл-Фараби еңбектерімен таныс болған ғой.
– Санжар Асфендияров, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев барлығы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алған. Бұл медреседе сол кездегі талап бойынша түркі әлемінің ең ұлы ойшылы әл-Фарабидің трактаттары оқытылған. Медреседе дәріс беретін мұғалім міндетті түрде әл-Фараби еңбектеріне сүйенуге тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы секілді осы оқу орнының түлектері сол сабақтастықты жалғастырған.
Алаш арыстары бірнеше тілді еркін меңгерген болатын. Ол уақытта көп тіл білу қазақтарға таңсық емес еді. Ал әл-Фарабидің заманында тіл білу әдеттегі іс болған. Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін қытай, үнді, парсы, т.б. саудагерлері, ғалымдары, өнерпаздарымен жергілікті халық соның тілінде сөйлескен. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті жұрттың тілін біл» деген – сол.
– Ғылым мен тіл бір-бірімен қаншалықты байланысты?
– Ғылымның бастауында тіл тұр. Қазақ тілі – елтаңба, ту, әнұран секілді рәміздеріміздің ең ардақтысы. Ана тіліміз бен оның дыбысы – түркілік кезеңнен келе жатқан қасиетті нышанымыз. «Әр дыбыстың өз таңбасы болады. Тілдің жаны – дыбыс, тәні – дыбысты белгілейтін әріп» деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тілінің бір ғажабы – біз кез келген басқа тілдің дыбысын анық айта аламыз, мейлі ол араб, ағылшын, француз тілі болсын, дыбыстау қиын емес.
«Тіл ғылымы – ғылымдардың төресі», – дейді әл-Фараби. Әл-Фарабидің «Ғылымдар классификациясы» деген трактаты бар. Бұл – бүкіл ғылым тоғысқан еңбек. «Ғылымдардың шығуы», «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы» трактаттары, осы үшеуі – біртұтас дүние.
– Алаш арыстары сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болды. Олардан кейін сіз айтқан ғылым сабақтастығы үзілді. Ендеше Ақжан Машани едәуір үзілістен кейін әл-Фараби еңбектерін қалай және қайдан іздеп тапты?
– Әл-Машани Фараби трактаттарын мешіттерден, медреселерден тапты.
Фараби еңбектері діни ортада танымал болған. Біз қазір дін мен ғылымды ажыратып тастадық. Дін тек уағыз айтумен, сақал қою, дәрет алу төңірегіндегі әңгімелермен шектеліп қалды. Тым қарабайырланып кетті. Шын мәнінде, дін – үлкен ғылым. Құрандағы «Таһа» сүресінің 114-аятында: «Я, Раббым, менің ғылым-білімге көкірек көзімді аша гөр» деп жазылған. Әл-Фараби қасиетті Құранды талай ілімнің құпия кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап деп терең меңгерген, ойлау қабілетінің шыңына жеткен.
Кеше ғана Ақжан әл-Машанидің «Табиғат – Матбуғат» кітабы басылып шықты. Ғалымның 16 томдығын дайындап шығарған Шәмшиден Әбдіраман: «Табиғат – Матбуғат» – көне дәуірден бүгінге дейінгі дүниетанымды Құран қағидаларының астары арқылы ашуға бағытталған еңбек. 15 дәптерден тұратын шығарма «изм»-дерден әбден мезі болған оқырмандарын енді қанша жылдан соң табар екен, әттең» деп жазған еді. Міне, енді соның сәті келіп, Орталық ғылыми кітапхана қорынан табылған бірінші дәптерін оқырманға ұсындық.
– Гүлсім Едресқызы, медицина маманы бола тұрып, тіл ғылымына және фарабитануға ден қоюыңыздың сыры неде?
– 1986 жылы әл-Фарабидің «Философиялық трактатын» маған бір адам сыйлады. Өзі соғысқа қатысқан, партия комитеті ұйымының хатшысы еді. Осы трактатта эмбрионның даму сатысы ең алдымен жүректен басталатыны жазылған. Сонау ІХ ғасыр, УДЗ, ЭКГ жоқ. Ақжан Жақсыбекұлынан сұрасам, «Құраннан білген» деді. Сосын мені белгілі дінтанушы Халифа Алтайға жіберді. Ол кісі Құрандағы сүре, аятқа байланыстырып, барлығын түсіндіріп берді. Сол кездегі фарабитанушылардың бәрімен әңгімелестім. Ауданбек Көбесовті ғана көрудің сәті түспеді, еңбектерін оқыдым.
Әл-Фарабидің еңбектерімен танысуым мені тіл ғылымына алып келді. «Қандай керемет ғалым болса да, егер ол тіл ғылымын игермесе өз ойын дұрыс жеткізе алмайды», – дейді ұстаз. Қазақ университетінің филология факультетіне түсіп, білім алдым. Бірақ медицинаны тастаған жоқпын. Өзім жұмыс істеген Қостанай медицина колледжінде қазақ бөлімі ашылғанда тіл білімін кәсіби түрде меңгеруімнің пайдасы тиді. Студенттерге арналған оқу құралдарын аудардым, қазақша дәріс өткіздім.
Қазақ ежелден жаратылыс сырларын жетік білген. Мәселен, халқымызда «бұғанасы бекімеген» деген сөз бар. Әлі жас, сүйегі қатпаған бала деген мағынаны береді. Осы бір ғана сөздің түпкі мағынасын мен бертінде түсіндім. Ең ғажабы, ана жатырындағы ұрықтың сүйектену процесі бұғананың ортасынан басталады екен. Бала дүниеге келгенде сүйегі әлі шеміршек қалпында болады, біртіндеп қатая береді. 22-25 жасқа қарай сүйектену процесі дәл сол бұғананың ортасына келіп аяқталады. Остеология деген ғылым ХХ ғасырда пайда болды. Мұны ертедегі қазақ қайдан білген?
Міне, осы «бұғанасы қатпаған» деген бір ғана сөздің астарында ғылыми дәлелді тұжырым жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының «қазақтың тілінде бүкіл ғылымымыз, тарихымыз жатыр» дейтіні – осы. «Жан жүректе» деген сөз бар. Шынымен, жан қайда тұрады? Эмбрионда 18-күні жүрек пайда болады, лүпілдеп соғады. Жүректе қарынша мен құлақшадан бөлек, атипиялық жасушалар (миоциттер) бар. Яғни, түсініксіз жасуша. Не болмаса синустық түйін дейміз, автоматты түрде өзінен-өзі жүректі жиырып, қозғалтатын жасушалар. ХХІ ғасырда мұның не екеніне ешкім жауап таба алмай отыр. Қазақтың «жан жүректе» дегені тегін емес.
– Ақжан әл-Машанидің «Табиғат – Матбуғат» еңбегінің мән-маңызы неде?
– Бізде араб тілін ислам дінімен байланыстыратындар көп. Оның да жеке тіл екенін, өз заңдылығы бар екенін ескермейміз. Араб тілі десе кейбір ғалымдар үркеді. Қазақ халқы көп уақыт бойы араб таңбасы негізіндегі төте жазуды пайдаланып келді. Қаншама еңбек жазылды. Сондықтан араб тілін жеке қарастыру керек. Онсыз біз араб қарпімен жазылған мұрамызды зерделей алмаймыз. Мәселен, Ақжан Машанидің кешегі 41 беттік «Табиғат – Матбуғат» еңбегін шығаруға қанша тер төгілді. Төте жазумен қазақша жазылған қолжазба Сирек кітаптар қорында 38 жыл жатты. «Табиғат – Матбуғатта» ғылыми түсінікті қажет ететін ұғымдар көп, бірінші дәптерде мұны ғалым Өмірбек Қанай тәпсірлеп берді. Бұл еңбекті түсіну үшін арифметика, математика, геометрия, медицина, тағы да басқа ғылымдардан хабардар болу керек. Біз мәтіннің мағынасын қаз-қалпында сақтауға тырыстық. Әл-Машаниді білетін болсақ, әл-Фарабидің ғылымын түсінетін боламыз. Екеуі де табиғат ғылымынан адам тағылым алуға міндетті деген ойды дәлелдейді.
– Гүлсім Едресқызы, сіз Ақжан Жақсыбекұлындай ғұламаның көзін көрдіңіз, сөзін тыңдадыңыз. Энциклопедиялық білім иесінің ғылымдағы рөлі қандай? Фарабитану ілімі қазір қай деңгейде?
– «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген рас. Әл-Машанидің көптеген еңбегі қолжазба күйінде қалды. Өзі көріп кеткені «Ай арысы», «Әл-Фараби», «Геомеханика» және басқа оқулық кітаптары. Кейіннен Шәмшиден Әбдіраманов 16 томдығын шығарды. Жалпы, Ақжанды тануда Ш.Әбдірамановтың еңбегі зор. Бірақ осы 16 томдық жайлы зерттеулер жоқтың қасы. Әл-Машанидің Тұран мәдениеті, Тұран өркениеті жайлы еңбектерін талдаған бір адамды кездестірмедім. Қызығушылық жоқ. «Ай ортақ, Күн ортақ, жақсы адам ортақ», – дейді халық нақылы. Бұл 16 томдық Ақжан атамыздың халыққа қалдырған аса мол рухани қазынасы ғой.
Қазіргі фарабитанушылар Ұлы ұстаз мұрасының тек бетін қалқып жүр, соны қанағат етеді. Фараби еңбегін біртұтас, бөле-жармай қарастыру керек. Егер А.Жақсыбекұлы берген кеңеспен әл-Фарабиді академия аясындағы жеке институт деңгейінде зерттейтін, талдайтын, кәдеге жарататын болсақ, қазақ ғалымы мен ғылымының даңқы әлемге жайылатын еді. Адамзат тарихында өткен дәуірде де, қазір де Фарабидей данышпан болмаған. Міне, осындай зор тұлға – ұлтымыздың төл перзенті. Қазақ топырағында туған қыпшақ ұланы.
Бізде қазір Фарабидің Отырардан шыққанын, еңбектерін санамалау ғана басым. Тіпті, кейбір трактатынан қашқақтау байқалады, соның ішінде дін туралы еңбектері бар. «Дінді тану – жаратылысты тану, жаратушыны тану. Адамның ойы мен іс-әрекетінің дұрысы мен бұрысын ажырата білу, өзін-өзі тәрбиелеу», – дейді әл-Машани. Бұл барлық дінге тән нәрсе.
– Тұран өркениеті қазақ ғылымының тарихына кірген бе?
– Жоқ. В.Радлов, А.Бернштам секілді түркологтер «Түркі әлемін зерттегенде көзіміздің жеткені – грек өркениеті түркі өркениетінің жанында жолда қалады», – дейді. Бұған адамзат мәдениетінің шыңы болып есептелетін жазу мәдениеті дәлел. Тұран елінде жазу мәдениеті біздің дәуірімізге дейінгі 300-400 жыл бұрын болған деген дерек бар. Тұран мәдениеті – түркітілдес халықтарға ортақ мәдени-ғылыми мұралардың тамырлас дамыған тарихы.
Орхон-Енисей таңбасын біз ескі, қажетсіз деп ойлаймыз, бұл – қате түсінік. Сына жазуы туралы әл-Машани өз еңбектерінде жазып кеткен. Ата-бабаларымыздың тарихы мен мәдениетін жас ұрпаққа сіңіруді бала жастан бастауымыз керек. Бірінші сыныпта әріп үйреткенде руна таңбаларын бірге үйрету қажет. Танымдық деңгейде білсе жеткілікті, ары қарай дамытса өзі біледі. Есесіне, өз ұлтының тарихынан, дүниетанымынан хабардар болады. Сонымен бірге мектептерде төте жазуды үйретсек артық болмас еді. Мәселен, Алматыдағы ғылыми кітапханада қаншама құнды қолжазба жатыр, соны зерттейтін ғалымды бүгінгі мектеп қабырғасында тәрбиелеу керек.
Тағы бір айта кеткім келетіні, кириллица әліпбиі – қазақтың өз таңбасы. Бұл таңбаның тамыры тереңде жатыр. Кириллица ежелгі Финикия (Тұран) таңбасы негізінде шыққан. Төл таңбамызды місе тұтпай, бізге жат латынды қабылдайын деп жатырмыз. Бұл – қателік. Әліпби ауыстырмай, кириллицада қалған дұрыс.
– «Табиғат – Матбуғат» еңбегі бізге не береді және мұндағы «АБЖаД» деген не?
– Табиғат – Матбуғат» қазіргі заман ғылымына сүйене отырып, әл-Фараби үлгісімен кең мағынасындағы дүниетану шындығына шолу жасайды. Ал «АБЖаД» есебі қашан пайда болғанын ешкім білмейді. Бірақ көптеген ғалым «АБЖаД»-ты білген, пайдаланған.
Кириллица алфавитіндегі «альфа» – бірінші әріп (грекше – өгіз), «бета» немесе «вита» – екінші әріп. «Әліпби» деген де әріптің ретімен, бірінші және екінші әріп айтылады. Қазақ «Әліпті таяқ деп білмейді» дейді емес пе. Араб графикасы А, Б, Ж, Д деп басталады, яғни таңба ретімен алынған. Араб графикасының әр әрпіне бір сан сәйкес келеді, әрбір таңба – әрі әріп, әрі сан. Балаларға үйреткенде есеп те беруге болады. Әрі грамматика, әрі арифметика. Осы әліпби арабша «АБЖаД» деп аталады. Бұл – үлкен ғылым.
Жалпы, «АБЖаД» ілімі жайында білу үшін алдымен А.Жақсыбекұлының 1970 жылы шыққан «Әл-Фараби» атты тарихи-деректі романын оқу керек. Кітапта сол замандағы халқымыздың дүниетанымы, көзқарасы, қарым-қатынасы, тұрмысы жақсы сипатталған.
– Қазір бүкіл әлемдегі сияқты елімізде де нумерология, сандарға қарап бал ашу, болашақты болжау деген нәрселер етек алды. Тіпті, әлеуметтік желілерде осы ілімді пайдаланып, ақша табатын «ұстаздар» шықты. Оның ішінде сіз айтқан «АБЖаД» есебі де бар. Бұл ілімді жеке мүддеге пайдалану жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстанда қазір 2-3 адам ғана «АБЖаД» есебін жақсы біледі.
Олар – кәсіби ғалымдар. Ал дәлдүріштер қай заманда да болады. Әл-Фарабидің «Астрология болжамдарында не дұрыс, не теріс?» деген еңбегі бар. Дұрыс жолы – дүниетаным үшін пайдалану болса, терісі – мал табу, дүние табу құралына айналдыру. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегені – осы. «Білімсіз адамгершілік артпайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ», – дейді екінші ұстаз.
Қазір кейбір адамдардың дінді жеке пайдасына жаратуы, тылсым дүниемен қызықтырып ақша табу үрдісі өте зиян. Күнкөріс, тіршілік ету оңай емес, біреу махаббаттан, біреу тұрмыстың қиыншылығынан күйзеліске ұшырайды, көмекке мұқтаж болады. Кейбіреу осыны пайдаланып, болжағыштық құралдарды теріс қолдануы әбден мүмкін. Тойымсыздық, құнығу деген өте қауіпті, сондықтан көріпкелдерден абай болу керек.
Әл-Машани: «Ғалым адамға ең алдымен керегі – сабыр мен қанағат, өзін-өзі тәрбиелеу», – дейді. Ғылым деген ұшы-қиырсыз дүние, бұл жолда өзін-өзі тежей алмай, ілімге тереңдеп кетуі де мүмкін. Ондай адамды кері қайтару қиын. «Бұл қылпып тұрған ұстараны балаға берумен бірдей. Өзін де, өзгені де зақымдайды» дейтін Ақжан ағамыз.
– Ғасырға жуық өмір сүрген Ақжан Жақсыбекұлы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына куә болды. Ғұмырын елге арнаған мемлекетшіл тұлғаның егемендік алған кездегі сүйініші мен қуанышы да ерекше болар.
– Кеңестік Қазақстанның қалыптасуы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов секілді Ақжан Жақсыбекұлының да көз алдында өтті. 1906 жылы дүниеге келген ғалым 1924-1926 жылдары Қарқаралы педагогикалық техникумында оқыды, 1937-1939 жылдары Тау-кен институтында білім алды. Соғыс жылдары ғылым әлеміне бет бұрды. Мұның бәрі қазақ тарихының шежіресі. Ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де бастан кешті. Қаншама ағайын-бауыры осы қасіреттен зардап шегіп, соңында тұяқ қалдырмай опат болды.
Еліміз тәуелсіздік алғанда Ақжан әл-Машанидай қуанған адам жоқ шығар, сірә. «Ең бірінші байлығымыз – егемендік, еркіндік. Адам еркін елде ғана мақсатына жете алады» деуші еді ғалым.
Ақжан әл-Машани ешқашан жағымпаздануды, қорқуды білмеген адам. Ленин орденін тапсырып жатқанда Қазақстан Компартиясының идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев екеуі сахнада сәл кідіріп қалыпты. Имашев: «Мешітке әлі барып жүрсің бе?» десе керек. «Иә, бұлдап тұрғаның мына бір жапырақ темір болса, ала ғой» деп жауап беріпті ғалым. Сонда Имашев: «Жо-жоқ, алыңыз, алыңыз» деп сасып қалған екен. Ар-намысты биік қойған ғалым осылайша ешкімнен тайсалмай, жарқын өмір сүрді.
Ұстазымыз сөзінің жүйесін бұзбай, ойдан ой тудырып әңгімелесетін. Есте сақтау қабілеті ерекше еді. Бала күнінен Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жаттап өскен. Статистикалық деректерден мүдірмейтін. Сұхбаттасына көңілі толса, бұлақтың көзі ашылғандай ағытылып сала беретін. Ұстаз әрі шешен адам, үлкен мінберлерде сөйлеп, өзін әбден қалыптастырған. Ишаратты, ымды жақсы көретін, адамның ойын айтқызбай түсінетін. Сұрағына дұрыс жауап берсең, «Ой, бәрекелді!» деп қуанып, қанаттандыратын.
– Ақжан Жақсыбекұлының өмірі мен еңбегі тұнған өнеге. Жас ұрпаққа пайдалы тәлім-тәрбиелік ойларын ортаға салсаңыз.
– Ғұламаның бүкіл ғұмыры ғылымға адал қызмет етумен өтті. «Менің айтар сөзім – ол менің ар-намысыммен қалыптасқан нәрсе. Ол жасанды, жаттанды, жалған сөз емес. Иесі жоқ жетім сөз емес. Емексіткіш ептіден қаш, көпшіктегі көлгірден қаш» дегенінде қаншама астар жатыр.
«Сөздің асыл тегі – оның терең тарихында. Білім бұлағының бастауы – ана тілің! Тіл тарихын білсең, талай жұмбақтың сыры шешілмек. Ғылым, білім, өнердің, өмірдің басы – осында». Расымен де, өз тіліміздің қадірін өзіміз білсек, өзгелер де үйренеді. Өзіңнің ана тіліңді, ғылымыңды сақтап қалу үшін намысшылдық, ерік-жігер мен мақсат, нәтижелі іс-әрекет керек.
«Алға жылжу, білім жүйесін жаңар-
ту – бұрынғы тірнектеп жинағанымызды жою емес, сол байлыққа қайта қарау, бүгінгі күн биігінен олқылықтың орнын толтыру» деуші еді. Реформадан көз ашпайтын білім саласына арнап бүгін айтылғандай.
Біз алтын сандықтың үстінде, қақпағын ашпай тапжылмай отырмыз. Ақжан әл-Машанидің бір ғана «Жер астына саяхат» кітабы – баланы ғылымға даярлайтын оқу орны іспетті дүние. Көркем тілмен, жан-жақты жазылған бұл еңбек мектеп бағдарламасына кіргізілгенімен, толыққанды қолданылмай жүр.
Бір өзі бір академия секілді Ақжан Машанидің өмірі мен ғылымдағы қызметін насихаттау, еңбектерін зерттеу, талдау алдағы уақыт еншісінде.
– Гүлсім Едресқызы, әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Дина ИМАМБАЙ