1551
Өмірі өнегеге толы...
Өмірі өнегеге толы...
Зиялылық – адамның жоғары мәдениеттілігінің ақыл-парасаты мен адамгершілік қасиеттерінің жиынтығын білдіретін ұғым.
Бұл орайда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Сәбит Иманғалиевті сөз арқауындағы зиялылық пен парасаттылық тұғырындағы тұлғалық болмысы тұрғысынан бағалаймыз. Сексен жастың сеңгіріне көтерілген абыз ақсақалдың ғұмырнамасындағы еңбек белестері ата-бабалық өнегелі өмір сүру ұлағатын айқын аңғартады.
Сәбит аға ғұмырнамасының алтын арқауы – туған жеріне, ауылына, сол арқылы кең-байтақ Отаны Қазақстанға арналған перзенттік-азаматтық махаббаты. 1942 жылы Қазалы ауданының К.Маркс атындағы колхозындағы мектеп директоры болып қызмет істейтін Иманғали Жұмағұловтың отбасында ел аралап шығармашылық іссапарда жүрген классик жазушымыз Сәбит Мұқанов құрметті қонақ болыпты. Қаламгердің әйгілі «Сырдария» романын жазуы үшін Сыр өңірін аралап жүрген кезі шығар. Халық жазушысы құрметті қонақ болған сол кеште дүниеге келіп жатқан нәрестеге Сәбит есімі қойылыпты.
Сөйтіп ол Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы «Аққыр», «Жаңаталап», «Мәдениет» ауылдары орналасқан Мақпалкөл өңірінде жұмысын жалғастырған ағартушы-ұстаз Иманғали мен абзал ана Мәрияның көпбалалы отбасында тәрбие алып өсті. Ол балалық, жасөспірімдік кезеңдерінде ата-бабалық киелі салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды санасына сіңіре білді.
Әкесі Иманғали Қазақстан тарихындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновпен бірге өсіп отызыншы жылдары Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде бірге оқып ағартушылық жұмысында қызметтес-әріптес болған. Әкенің кейін мектеп директоры болып, балаларының оқып білім алуына, зиялы, парасатты болып өсуіне ықпалы тигені анық. Бұл – тектілік қасиеттің бала бойына дарып ағартушылық қызметтегі өркениеттің гуманистік дәстүрі десе болғандай.
Сәбит 1959 жылы жоғарыда атаған «Мақпалкөл» орта мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы медицина училищесін фельдшерлік мамандығы бойынша бітіреді (1962 ж.). Мұнан соң Жаңаталап колхозында фельдшер, кейін көрші Аққыр ауылында жаңадан ашылған аурухана меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды.
Осындай өркениетке құштарлық ықпалымен Сәбит Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Медициналық және филологиялық-педагогикалық қос мамандықты игерген оның ендігі еңбек жолы ауылындағы №188 орта мектептің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1970-1973жж.), одан кейін «Мәдениет» совхозындағы орта мектептің директоры (1974-1980жж.) қызметтерімен жалғасты.
Сол кезеңдегі кеңестік басқару жүйесіндегі озбырлық саясат бойынша қазақ жастарын онжылдықты бітіргеннен кейін қой бағу, егін егу жұмыстарына еріксіз қалдырып, талай дарынды жастардың ұлттық әлеуетін танытуына кедергі жасалды. Бұл Сәбит ағамыздың ұлттық-азаматтық көзқарасындағы намыс отын тұтатқан айрықша саяси-әлеуметтік жағдай болды.
Мұны жаңа буын ұрпақтың өркендеуін дамытуға арналған жаңа қызметтері арқылы жүзеге асыра бастады. Сөйтіп 1980 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған, тоқсаныншы жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жолға қоюда көптеген іс-шараларды ұйымдастырды. Украинадан жазу машинкаларын алдырып, оған қазақ әріптерін енгіздірді. Мерзімді баспасөз беттерінде өзекті мәселелерді көтеріп, бірқатар мақаласын жариялады. Облыстық радио мен телеарнадан арнайы сұхбаттар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарының жиындарында қазақ тілінің мәртебесі туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
1967 жылдың күзінде отбасылық одағын құрған жары Зүбайра Қыстаубаева екеуі ата-бабалардан жалғасқан ұлағатты дәстүрін лайықты деңгейде дамытты. Зүбайра – Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені, одан кейін Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді, білікті маман. Ол өзі туған Жалағаш ауданындағы «Аққыр», «Мәдениет» ауылдарындағы орта мектептердегі ұстаздық еңбек жолында тиянақты қызмет етуімен танылды. Жас маман қыздың көпшілікті ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылығы Зүбайраны Жалағаш аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындаған еді. Бұдан кейін ол Қызылорда қаласындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінде ұстаздық еңбек жолын жалғастырды. Осы қызметте жүріп Алматыдағы көрнекті филолог ғалымдармен бірлесіп, жоғары сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығын («Мектеп» баспасы) шығарды. Осы еңбегінің нәтижесінде 1989 жылы өзі жоғары білім алған Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы қызметіне қабылданып, көп ұзамай Қазақстан білім беру ісінің үздігі атанды.
1999 жылы олардың отбасы Алматыға қоныс аударғаннан кейін отағасы Сәбитпен бірге Алматы экономика және статистика академиясында, сонымен қатар өзі Қазақ-Америка университетінде аға оқытушы болды. Ерлі-зайыпты қаламгер ұстаздардың бірлесіп жазған «Қызылорда көшелері» (1993, 2009 ж.ж.) атты танымдық-анықтамалық кітаптары тілтану, елтану тұрғысындағы маңызымен жұртшылықтың жылы қабылдау ықыласын иеленді. Олардың он мың сөзден тұратын «Орысша-қазақша сөздік» атты еңбегіндегі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін дамыту бағытындағы іс қағаздарының қазақша үлгілері мен тіл дамыту тараулары халықтың әлеуметтік топтары мен тіл үйірмелері үшін таптырмайтын пайдалы кітап болды. Ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арқылы республиканың облыстарына таратылды. Үш тілде жарық көрген «Астаналардағы көшелер» атты көлемді еңбегі Қызылорда, Алматы, Астана қалаларына арналды. Еліміздің үш астанасы болған қалалары жайлы еңбек 2014 жылы Германияның және Түрікменстанның астаналарындағы Халықаралық кітап көрмелеріне қойылып, құнды материалдар әлем халықтарына таныстырылды.
Бүгіндері 80 жасқа толған Сәбит аға мен 75 келген сүйікті жары Зүбайра – үлгілі отбасы иелері. Олардың жанұясында үш ғалым, екі Журналистер одағының мүшесі, екі Құрметті азамат, білім және мәдениет саласының екі үздігі және отбасы мүшелері жазған он жеті кітап жарық көрген. Өркениет кеңістігіндегі қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен қалыптасқан, домбырамен күй тартатын, ән салатын, бірнеше тілді меңгерген бұл отбасы – зиялылықтың, парасаттылықтың көрнекті көрсеткіші. Халықаралық «Қазақстан-Zaman» газеті жариялаған «Үлгілі отбасы» байқауының жүлдегері (2008 ж.) болды, ал 2018 жылы өткізілген республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында «Иманғалиевтер отбасы» Алматы қаласы бойынша қатысқан 131 семьядан Бас бәйгені (Гран-при) жеңіп алды. Олар республикалық байқауға арнайы жолдамамен ұсынылып, онда да «Ғалымдар отбасы» номинациясымен үлгілі отбасылар қатарында бағаланды. Бұл – әлем өркениетіндегі зиялылық пен парасаттылық қасиеттер тұтасқан озық сапалы адамзат ұрпақтарымен деңгейлес қазіргі қазақ отбасыларының биіктігін танытатын жоғарғы баға екені даусыз.
Сәбит те, Зүбайра да педагогикалық және қоғамдық-әлеуметтік қызмет салаларындағы және отбасындағы ата-аналық қызметтері аясындағы өмір сапарында көңіл күй тебіреністерін өлеңмен де өрнектеп келеді екен. Әкесінің де, анасының да өлеңдерін және олар туралы естелік мақалаларды «Қос шынарым» атты жинаққа топтастырған, осы әулеттегі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихи тұлға Темірбек Жүргенов туралы диссертация жазып қорғаған, монография шығарған Бауыржан Сәбитұлы перзенттер атынан тебірене толғаған екен:
«Ата-анамызға қандай да бір жақсылық, сый жасасаң да олардың бізге істеген, бізге төккен мейірім-шапағатын өтеу мүмкін емес. ...Алатаудай әкешім, бұлақтай мөлдір пәк анашым! Біз ауылда тудық, қалада өмір сүріп жатырмыз. Сіздерден үлгі-өнеге алып, берген тәрбиелеріңізден нәр алдық. ...Осылай өмір көші, өмір ағысы жалғасып жатыр. Жандары сергек, еңбекқор, жүректері ізгілікке толы асыл Әкешім, ардақты Анашым! Шынар ағашындай ұзақ жасаңыздар! Біздің қызығымызды көріп бақытты болыңыздар! Шығармашылық табыс, тұлпардай шабыс тілеймін!» (Иманғалиев Б.С. «Қос шынарым» кітабы – Алматы: 2012ж. – 168 б.; 3-4-бб.).
Біздің кейіпкеріміз Сәбит Иманғалиев – текті әулеттің ұрпағы, үлгілі отбасының иесі, халқымыздың тарихындағы көрнекті зиялыларымыздың дәстүрін өнегелі өмірімен жалғастырған парасаттылық биігіндегі азамат.
Жас кезінде ақын болуды да армандаған азамат, туған жерге, балаларға арналған өлең, әңгімелері де кезінде мерзімді баспасөздерде жарияланып тұратын.
Жалағаш ауданындағы туған ауылының топырағынан қуаттанған перзенттік махаббаты өлең жолдары болып қағазға түсіпті. Солардың бірі – «Балалығым» атты өлеңінен оның балдәурен балалық шағы мен қазіргі абыздық-ақсақалдық асуындағы тебіреністерімен ортақтасамыз:
Көргем жоқ дүниенің талдап бәрін, Балалық, ештеңені аңдатпадың.
Тек ғана шыбық атты мініп алып,
Есімде ауыл сыртын шаңдатқаным.
...Өмірден өгей болып қалады кім?! Өкінбен, сырға толы әр адымым.
Тек ғана өзім жүрген шаң ішінде Бұлдырап қалыпты ғой балалығым.
(Иманғалиев С. Балалығым. «Қос шынарым». кітабы, 2012 жылы, Алматы 72-73-бб.).
Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, еңбек ардагері Сәпен (Сәби) Әбдіқадырұлы Аңсат ағамыздың «Айтарым бар» атты тарихи-танымдық, көсемсөздік кітабындағы «Адам киесі» тақырыбында мынандай ойлар айтылады: «Киелі, қасиетті адамдар болады, «Оқ өтпейтін адам болмайды, оқ тимейтін адам болады» дегенді газеттен оқыдым, осыған өзім иланамын.
...Бақ қонып, Қыдыр дарыған киелі әулет осындай болады, ол дүние-мүлікпен, мол байлықпен өлшенбейді. Киелі әулеттен тараған ұрпақтар оны ұстап тұрулары керек. Ұстай алмағанның жазаға, қарғысқа ұшырағандарын көріп жүрміз» (Аңсат С.Ә. Айтарым бар: Публицистика. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2019. – 280 б. 89-б.).
Қорыта айтқанда, сексен жылдық ғұмырнамасында ол халқымыздың киелі, асыл дәстүрлерін азаматтық ұстанымымен дамыта жалғастырған. Сол арқылы зиялылық пен парасат биіктігінің үлгісін көрсеткен. Қазақстан Республикасының қазіргі және болашақ ұрпақтарына мағыналы, сұлу өмір сүру ұлағатын танытқан Сәбит Иманғалиев – біздің ұлттық келбетіміздің шынайы сипатын танытатын жан. Лайым, ата-бабалық киелі дәстүрлерімізді адамгершілік-имандылық қасиеттерімен дамытқан өнегелі тұлғалар ұлағаты жаңа буын ұрпақтарымызға жалғаса бергей!
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы,профессор