19821
Мағыналы өмір сүрудің сыры неде?
Мағыналы өмір сүрудің сыры неде?
Не үшін өмір сүресің? Осы бір сұрақ төңірегінде ой қозғасақ, кім не айтпайды, тәйірі. Сұрақ біреу болғанымен, әркім өзінің сана түйсігіне, ой-қиялына қарай жауабын сан жаққа жүгіртіп, әрқалай жауап беретіні белгілі. Иә, сонымен кім не үшін өмір сүреді?
Есімі тарихта қалған аустриялық психоаналитик Виктор Франкл: «Біз өмірге айналадағы жұртты қуанту үшін ғана келдік. Қасыңдағы адамның түріне, жынысына, мәртебесіне, діни сеніміне, әлеуетіне қарамастан, оған шаттық сезім сыйлау үшін ғана туғанбыз», – дейді.
В.Франкл дәрігер болып жүргенде мынадай сезімнің соңына түседі. Ол ақша табу үшін байларға ақылы қызмет көрсететін. Ал түстен кейін жағдайы жоқ кедейлерге тегін қарасады. Яғни, оларды емдегені үшін ақы алмайды. Кедейлер оған риза болып, алғысты жаңбырша жаудырады. Франкл олардан алғыс алған сайын бақытқа бөленетін. Кеудесі шаттыққа толып, бейне бір бұлттың үстінде қалқып жүргендей болады. Әрине, қалталы пациенттер де алғыс айтуды ұмытпаған. Бірақ еңбегіне ақы алған соң жанды балқытып тұратын ләззатты таба алмай өмір сүруге деген ынтығы азаяды. Клиникасының ақшаға тәуелді екенін біліп тұрса да, адамдардан алғыс есту үшін ақысыз қызмет көрсетуге құмартып алады. Жағдайы жоқ мұқтаж жандарға тегін қарасқан сайын оның өмірге құштарлығы арта береді. Осылайша, Франкл шыбын жанға толассыз шабыт сыйлайтын шаттық сезімді кеудесінен шығарып алмау үшін барлық адам ұрпағына риясыз қызмет ету керегін ұғына түседі. Осы жаңалығының негізінде Франкл депрессия мен суицидке қарсы «соғыс» ашады.
1924 жылы ол Sozialistische Mittelschüler Österreich деп аталатын мектептің президенті боп сайланады. Франкл осы қызметте отырғанда студенттерді өмірге ғашық етумен армансыз айналысады. Оның бұл жолдағы қызметі өте жемісті болды. Ол басшылық еткен мерзімде Венадағы студенттер арасында бірде-бір суицид фактісі тіркелмеген екен (шамамен мектепті 10 жылдай уақыт басқарады).
Сонымен, «Өмірдің мәні не?», «Бізді тіршілікке ғашық етіп, ажалмен айқасуға батылдық беретін қандай күш?» деген сұраққа, Франкл: «Өмірдің мәні өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де оны да шаттыққа бөлеу», – дейді.
Бірде орыстың көрнекті жазушысы Лев Толстойдың «Өздеріңе сеніңдер» деген шығармасына тап болдым. Ол: «Балалықпен қоштасқан соң саналарыңдa «Мен кіммін? Мен бұл өмірде не істеп жүрмін? Мен нендей мақсатта жаралдым?» деген сұрақтар пайда болғанда олардың жауабын таба алатындарыңа сенімді болыңдар. Даналардың берген жауабы жақын туыстарыңның пікірлермен сәйкес келмесе одан шошымаңдар. Пікір қайшылығынан әсте де қорқуға болмайды. Пікір қайшылығының ұлғаюы сенің Құдай сипаттас рухыңның ояна бастағанының айқын белгісі. Бір-біріне сәйкес келмейтін қайшы пікірдің астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатыр. 15 жасымда осы сұрақтар мені де мазалай бастағанда өз бетімше жауап іздеуге қаймыққанмын. Қасымдағы адамдардың қайталай беретін қате пікірін мен де еріксіз қабылдағанмын. Осы қателіктің азабы ұзаққа созылды. Аса құрметті өскелең ұрпақ, басқалардың өздері түсінбесе де сендерге таңып сөйлейтін пікірлеріне мән берместен, шынайы түрде өмірдің мәнін ашып, түсінуге тырысыңдар. «Сендердің бұл талпыныстарың жас адамның бойындағы жай ғана орындалмайтын арман, құлшыныс қой» деп дәлелсіз сөйлейтіндерге құлақ аспаңдар. Жан дүниелеріңде алғаш рет Құдай сипаттас сезімдерің ояна бастағанда оның қаншалықты маңызды екенін барынша терең сезініп, осы ең Ұлы сезімнің әлсіз жалынын сөндіруге жол бермеңдер. Керісінше, жастық шақтың барлық күш-қуатын пайдаланып, бұл шоқтың өршеленіп жануына бар күш-жігерлеріңді салыңдар. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануына барлық адамның ең ұлы қуанышы мен бақыты байланған» деп жазыпты.
Иә, зиялы, терең ойы бар ұлы адамдар ғана адамзатты толғандыратын осындай ұлы, салмақты ойлар айтады. Сондықтан олар –ұлы. Қаламгердің ой астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатырғаны рас емес пе?
«Жалпақ жаһанға жауһар жақсылықтарымен үлгі шашып отырған жапон жұртының бір ғана мысалына жүгінейікші. Бүгінде 50 мыңнан астам жапондық 100 жылдық ғұмыржас межесінен емін-еркін, емен-жарқын аттап өтіп отыр. Енді 15 жылдан кейін бұл елдегі ұзақ жасаушылар миллионнан асып жығылмақ. Мұндай ғажап әлемнің басқа ешбір елінде жоқ.
Ал ұзақ өмір сүрудің құпиясы мынада: жапондықтар қарым-қатынас кезінде бір-бірін ренжітпеуге, көңіліне қаяу салмауға тырысатын жер бетіндегі жалғыз халық екен. Нақ осындай қадамы құтты елді әлем картасынан табу қиын. Экономиканың кереметін біз солардан көріп отырмыз. Күріш егетін, қала салатын ұлтарақтай жері де қалмады. Оларда табиғи байлық дегеніңіз атымен жоқ. Осыған қарамастан жапондықтар жаһандағы ең бай ұлт саналады. Байлыққа жеткізген де ақыл-парасат пен ғылым-білімі. Ал енді осы ғажайып жетістіктерді ежіктеп айтып отыруымыздың себебіне келейін.
Гәп жоғарыда айтқан ұлт қазынасында жатыр. Тұтас елдің табыстылығының құпиясы сол, жапондықтар өз ой-пайымдарын тізгіндеп ұстауды үйренді. Теріс ойлар әңгімелесіп отырған адамның көңілін бұзып, жүйкесіне тиіп қана қоймай, оның денсаулығына, болашағына нұқсан келтіретінін жақсы білгендіктен, олар балағат, дөрекі сөздерді өз тілдерінен мүлдем тыйып тастапты. Жапондықтардың көп жасауының ақиқат сыры міне осында. Бір-біріне деген ілтипат-ізгілікте, сыйластықта.
Ендеше, мына дүрбелеңге толы аласапыран дүниеде бірімізді біріміз дұрыс түсініп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» татулықпен, достықпен, бірлікпен саналы өмір сүрсек біз жеңбейтін шаруа, біз атқармайтын іс, біз алмайтын қамал жоқ. Ел арасында татулық, түсіністік, бауырлық сезім азаймасын. Тәңірім елдің тыныштығын, халқымыздың бірлігін берсін, пейілін тарылтпасын!
Бір-бірімізге деген ілтипат-ізгілік азаймасын, құрмет пен сыйластықтан ажыратпасын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз