50263
Елордада төтенше жағдай кезінде 72 суық қару тәркіленді
Елордада төтенше жағдай кезінде 72 суық қару тәркіленді
Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат аяқталды, деп жазды turkystan.kz.
Қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Саденовтің айтуынша, шаһардағы жедел жағдай тұрақты және бақылауда тұр.
«Төтенше жағдай режимі басталғаннан бері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстар мен өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің уақтылы алдын алу және жолын кесу мақсатында горнизонның жеке құрамы жұмыс атқарды. Алты блокбекет тәуліктік режимге көшірілді. Блокбекеттер мен қала ішінен тексеріс барысында 7 бірлік қару, оқ-дәрілер және 72 бірлік суық қару тәркіленді. Сонымен қатар 11 есірткі қылмысының жолы кесілді», - деді Ержан Саденов.Департамент бастығының айтуынша, кейбір қала тұрғындары коменданттық сағатты бұзып, көшеде жүрген. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 651 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Олардың ішінде өрескел заңбұзушылыққа барған 42-сі қамауға алынып, 198-іне айыппұл салынды.
«Тәртіп сақшылары аулалар мен пәтерлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 76 шетелдік азамат елден шығарылды. Полицейлер жергілікті-рейдтік іс-шараларды өткізу барысында коменданттық сағат режимін бұзып, қызметін жалғастырған көңіл көтеру мекемелері анықталды», - деді баяндамашы.Нәтижесінде 64 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Сондай-ақ алкогольдік өнімдерді сатқан-сатпағанын анықтау үшін дүкендерге де тексеріс жүргізілді.