229
Сабина ПАК: Абай өлеңдерін бауырларыммен бірге таласа оқимыз
Сабина ПАК: Абай өлеңдерін бауырларыммен бірге таласа оқимыз
Мен қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасы, қазақ ұлтының болмысы мен мәдениеті өзіндік мәнге ие, татулығы тұрақты мекеннің төл перзентімін. Мен, біріншіден, қасиетті қазақ жерінде туылғаныма шексіз бақыттымын.
Осынау бейбіт елде күн кешіп, қазақ тілінде таза сөйлегенім – мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақ тілін еркін меңгеріп, Хәкім Абайды танығаным үшін, қазақ тілін білу арқылы оның қарасөздерін оқығаным үшін шексіз қуанамын. Қазақ тілінің шексіз құдіретін бала кезімізден сезініп өстік. Өйткені біз отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлейміз. Абай өлеңдерін бауырларыммен бірге таласа, тармаса оқимыз.
Қазіргі таңда университетте де қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алудамын. Туған ағам Абайдың қара сөздерін жатқа айтады. Соның арқасында республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. «Өзімнің айнам – ағам» деп айта аламын. Біз үйде өзіміз Хәкім Абайдың сөздерін, оның ішінде 31-қара сөзін кәріс тіліне аудардық.
Өздері қазақ бола тұра, қазақша сөйлемейтін жастар мені қатты таңғалдырады. Олар не себепті мемлекеттік тілді кейінгі орынға қояды деп ойлаймын.
Менің келешекте қазақ тілінің кең қанат жаюы үшін ұсынысым, әрбір қазақ топырағын басып, ауасымен тыныстап, осы мекенде күн кешіп жүрген азамат тек қазақ тілінде таза мүдірмей, кедергісіз сөйлесе деймін. Егер де бізге қоғамдық ортада орыс немесе өзге тілде тіл қатса, тек қазақ тілінде ғана жауап беру арқылы қазақ тілінің болашағын жарқын ете аламыз. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан мол қазынасын кейінгі жасқа насихаттай аламыз. Осы арқылы бізге бабаларымыздан жеткен асыл мұраны ұлықтай аламыз дер едім.
Сөз соңында әрбір патриотшыл жасты қазақ тілін ардақтап, ана тілін құрметтеуге, қоғамдық орындарда тек қана қазақша сөйлеуге шақырамын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қазақ тіліміз ғұмырлы болсын!
Сабина Пак
Түркістан облысы, Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі