Бұдан былай жұмыссыздарға несие берген банктер жазалануы мүмкін

Бұдан былай жұмыссыздарға несие берген банктер жазалануы мүмкін

Бұдан былай жұмыссыздарға несие берген банктер жазалануы мүмкін
ашық дереккөзі
232
Жұмыс істемейтін, зейнетақы жарнасы аударылмайтын, төлем қабілеті жоқ, басқа банктерде бірнеше несиесі бар азаматтарға жоғары пайызбен несие таратқан банктер жазалануы тиіс.  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова осылай деді.  «Пандемия кезінде сот орындаушылары мен коллекторлар халыққа қысым көрсетіп, алдау мен арбау фактілері көбейіп жатыр. Барлық есепшоттары бұғатталған отбасылар бар. Әрине, негізсіз несие алған тұрғындардың да кінәсі бар. Бірақ, осыған байланысты проблемалық несиесі көп банктерді анықтауды сұраймыз. Себебі, Қазақстанда кейбір банктер жұмыс істемейтін, зейнетақы жарнасы аударылмайтын, төлем қабілеті жоқ, басқа банктерде бірнеше несиесі бар адамдарға жоғары пайызбен несие таратқан. Яғни халықтың әлеуметтік жағдайының ушығуына себепкер болып отырған банктер мен қаржы ұйымдары бар», - деді Л.Қожахметова. Індетке байланысты жұмыссыз қалған азаматтардың несиелік берешектері артқанын алға тартқан кеңес мүшесі мұндай жағдайға әкеліп отырған банктердің де жұмысына сараптама жүргізіп, қажет болған жағдайда жауапқа тартуды ұсынды. Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтті. Жиында Президент ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге төленетін жәрдемақы мөлшерін 2 есе арттыруды тапсырды. Үкімет бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауы тиіс. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында балаларды түрлі жәбірден, интернеттегі қудалау мен арандатудан қорғау үшін Ұлттық мониторинг механизмін енгізу мәселесін көтерді.  

Серіктес жаңалықтары