«Таза бейсенбі»: Жастар ескерткіш алаңын тазартты

«Таза бейсенбі»: Жастар ескерткіш алаңын тазартты
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Соның аясында «AMANAT» партиясы барлық өңірде дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеді. Аталған іс-шара – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғам бірлігін нығайтуға және әрбір азаматтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Акцияға партия мүшелерімен қатар жергілікті тұрғындар, жастар және волонтерлер де белсенді атсалысуда.

Атырау қаласында «AMANAT» партиясының және «Жастар Рухы» жастар қанатының 50-ден астам белсендісі Авангард шағын ауданындағы Ж.Төлепов көшесі бойындағы Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар олар жергілікті балықшыларға тазалық сақтаудың маңызын еске салды.

«Қоғамның экологиялық мәдениеті тұрғысынан алғанда, бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, азаматтар қазір қоршаған ортаға әлдеқайда жауапкершілікпен қарауда. Дегенмен, экологиялық мәдениеттің маңызын нығайту үшін осындай іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Себебі ауа мен жердің, судың, сонымен қатар өмір сүріп жатқан қаламыздың ажарына баршамыз жауаптымыз», – деді «Жастар Рухы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы.

Ал Петропавлда партия белсенділері мен волонтерлері интернационалист-жауынгерлерге арналған стела орналасқан саябақты ретке келтірді. Қатысушылар қоқыс пен қураған жапырақтарды жинап, көшелерді сыпырды. Стеланың жай-күйіне және айналасындағы аллеяға ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылар «Таза бейсенбі» акциясы жастарға жауынгерлердің ерлігін есте сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ресми мәліметтерге сәйкес, Ауған соғысына шамамен 22 мың қазақстандық азамат қатысқан, олардың 1,5 мыңы – Солтүстік Қазақстан өңірінің тумалары. Қатысушылардың айтуынша, мұндай орындарды ретке келтірген кезде тарихпен сабақтастық сезіледі және батырларды тек сөзбен емес, іспен де сақтау қажет екенін ұғындырады.

«Біз мұнда тек құрал-жабдықпен ғана келмедік. Біздің жерлестеріміздің тарихы мен ерліктерімен байланысты орындар әрдайым тәртіпте болуы маңызды. Бұл тек тазалық емес – бұл өз борышын абыроймен атқарған жауынгерлердің естелігіне құрмет көрсету», – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жадыра Жолкенова.

Жамбыл облысында партия мүшелері Мерке ауылындағы саябақ аумағын тазалады. Олар 700 шаршы метр аумақтан бір тоннаға жуық қоқыс жинады. Ал «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының өкілдері кәсіби-техникалық колледж студенттері үшін экологиялық мәдениет, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық бастамалар және қалдықтарды сұрыптау тақырыптарында ашық экологиялық дәріс ұйымдастырды.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында «Таза бейсенбі» акциясына қатысушылар Қазақстанның маңызды тарихи-мәдени ескерткіштері саналатын Бәйдібек ата мен Қос ана мавзолейлері арасындағы аумақты тазалады. Еріктілер қоқыс пен құрғақ жапырақтарды жинап, аумақты абаттандырды. Мавзолей XIV–XV ғасырларда қазақ руларының бірігуіне маңызды үлес қосқан көрнекті биі Бәйдібек Қарашұлына арналған. Ал Қос ана мавзолейі оның жары Зеріпке арнап салынған. Мұндай акциялар қасиетті орындардың тазалығын сақтауға көмектесіп, жастардың ел тарихы мен мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттырады.

Айта кетейік, осындай акциялар еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары