Бүгін бірінші лигада өнер көрсететін «Хан Тәңірі» футбол клубының ойыншысы Диас Төлеудің матч кезінде денсаулығы нашарлап, алаңнан дәрігерлер алып кеткен болатын. Кейін 19 жастағы шабуылшының көз жұмғаны хабарланды. Қайғылы жағдайға байланысты ҚФФ бас хатшысы Давид Лория Алматыға шұғыл аттанғалы жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жайында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
"ҚФФ бас хатшысы Давид Лория мен кәсіпқой клубтар арасындағы жарыстар дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Алматы қаласына шұғыл аттанады. Алдағы уақытта құзырлы органдармен бірлесе отырып, оқиғаны ресми тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылады", - делінген хабарламада.
Федерация бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын расталмаған ақпарат пен алып-қашпа әңгімелерді таратпауға, марқұмның отбасы мен оның есіміне құрметпен қарауға шақырды.
Сондай-ақ қосымша ақпарат тиісті рәсімдер аяқталған соң жарияланатынын еске салды.