Көкшетауда FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған футбол алаңы ашылды

/
Көкшетауда FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған футбол алаңы ашылды
Сурет: ҚФФ

Көкшетауда халықаралық FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған алғашқы футбол алаңының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл ФИФА-ның балалар футболын дамытуға және заманауи спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған бастамасы.

Іс-шараға ФИФА-ның ұлттық қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі директоры Эльхан Мамедов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

FIFA Arena бағдарламасы аясында әлемнің әр елінде ФИФА стандарттарына сай 1000 шағын футбол алаңының құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Пилоттық жоба шеңберінде Көкшетаудан бөлек, Ақтөбе облысының Хромтау қаласында да осындай алаң ашылмақ. Жалпы, Қазақстан бойынша мектеп оқушыларына арналған 100 шағын алаң салу жоспарланып отыр.

Жоба ФИФА мен ҚФФ-ның ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылды. Өз кезегінде ФИФА алаңдарға арналған жабдықтар мен жасанды жамылғыны жеткізуді, алаңдарды құрастыруды қамтамасыз етсе, ҚФФ алаң негізін дайындауға, инфрақұрылымды орнатуға және жергілікті жұмыстарды үйлестіруге жауапты.
 
FIFA Arena жобасы – ҚФФ-ның балалар мен жасөспірімдер футболына арналған заманауи, қолжетімді және қауіпсіз инфрақұрылым құруға, бұқаралық спортты дамытуға және өскелең ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған стратегиялық бағыттарының бірі.

Жиын соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ҚФФ президенті Марат Омаровқа Көкшетауда салынатын жаңа футбол стадионының жобасын таныстырды.

Болашақ арена УЕФА-ның төртінші санатына сай салынбақ. Ол өз кезегінде  халықаралық дәрежедегі матчтарды өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары