279
"Демалыс дегенді ұмытыңыздар!"
"Демалыс дегенді ұмытыңыздар!"
Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың бақылаудан шығып кеткенін сынға алып, министрлер кабинетінің жұмысына шүйлікті. Өздеріне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқара алмаған әкімдерді де аяған жоқ. Президент індетке қатысты жағдайды жақсарту үшін Үкіметке екі апта уақыт берді. Егер осы уақыт аралығында елдегі ахуал оңалмаса, министрлер кабинетінің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындамақ. Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осылай деді.
Президенттің пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, коронавируспен күресте тиісті деңгейде әзірлене алмаған. Қабылданған шараларды халыққа түсіндіру жұмыстарында да олқылық көп.
«Үкіметтің және әкімдердің қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды. Бас санитар дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде, біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тәсілдерін жиі өзгертуін де сынға алды. Бұрынғы басшылықтың аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу туралы шешім қабылдап, кейіннен бұл әдістемеден бас тартуы халық арасында күмән туғызғаны жасырын емес. Ведомствоның науқастар саны мен өзге де көрсеткіштер бойынша жасаған болжамдарының ақиқаттан әлдеқайда алшақ болуы елдің көңіліне күдік ұялатты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. «Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек» , – деді Президент.
Кесірлі кеселмен күресте шенділер халықпен байланыс орнатуды жолға қоймағанын Мемлекет басшысы 29 маусымда өткен коронавирустың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте де жетер жеріне жеткізіп айтқан.
«Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда», – деген еді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сол жиында жұмысына салғырт қарағаны үшін бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, тағы бірнешеуіне ескерту жасаған. Атап айтқанда, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжанов Президенттен сөгіс алса, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескерту жасалды. Президент Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне де өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескерткен еді. Алайда одан нәтиже шыққан жоқ. Қателіктер дер кезінде түзетілмеген соң, Мемлекет басшысына шенділермен басқаша сөйлесуге тура келді.
«Осымен жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, Президент әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені төтенше жағдай орын алып отыр. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар», – деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Досмұхамбетов дертті ауыздықтай ала ма?
Мемлекет басшысы белгілеп берген уақытқа дейін елдегі ахуалды оңалту үшін министрлер кабинетіне де, әкімдерге де біраз терлеуге тура келеді. Әсіресе, Махамбет Досмұхамбетов ұйқыны ұмытатыны анық. Өйткені ол басқаратын өңір – Атырау облысы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны жөнінен республика бойынша «көш бастады». Бүгінде өңірде індетке шалдыққандар саны 8 мыңға жетеғабыл. Қатерлі вирустан облыста 13 адам көз жұмды. Аймақ тұрғындарының эпидемиологиялық ахуалға қатысты шағымы көбейген соң, өткен аптаның соңында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Атырау облысына шұғыл жетті. Вице-премьер өңірдегі індетпен күреске жауаптыларды тегіс жинап, жиналыс өткізді. Ералы Тоғжановтың дерегінше, облыстағы індеттің негізгі ошақтары – Атырау қаласы мен Жылыой ауданы. Осы екі жерде қауіпті індетке шалдыққандар барлық науқастың 85 пайызын құрап отыр. Ал пневмонияның 2 174 жағдайы тіркелген. Соңғы екі айда аймақта жедел медициналық жәрдем қызметін шақыру 2 есеге өскен. Аталған деректер Үкіметті шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрледі. Індеттің одан әрі таралуын тоқтату үшін облыста карантин күшейтілді. Біріншіден, Атыраудан Алматыға, Ақтөбе мен Маңғыстауға темір жол қатынасы тоқтатылды. Екіншіден, мейрамханалар мен дәмханалар, асханалар мен қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік емес дүкендер үйге жеткізу режимімен ғана жұмыс істеуге көшті. «Үшіншіден, полиция департаменті және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті отбасылық шараларды өткізуге салынған тыйымның сақталуын қадағалап, оны бұзғандарды анықтауды қамтамасыз етуі тиіс. Төртіншіден, Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен вахталық жұмысқа келетіндерді үш күн бұрын тұрғылықты мекенжайында ПТР-тесттен өткізуі керек. Бұл тапсырманың орындалуына жұмыс берушілер жауапты болады. Бесіншіден, Атырау облысының әкімдігі дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін шешуі қажет. Өңірдегі, соның ішінде Жылыой ауданындағы карантиндік шектеу шараларының сақталуын бақылауға алуы керек. Мобильді топтардың санын 120-ға жеткізу, коротакси қызметін ұйымдастырып, жеке клиникаларды науқастарды емдеу ісіне тартуы қажет» – деді Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы тапсырмалар жүктелді. Оның ішінде Атырау облысын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Облыс әкімдігінің дерегінше, қазіргі уақытта Атырауда пандемиямен күреске 1 429 дәрігер маман жұмылдырылған. Десе де, өңір ауруханаларында медицина мамандарының жетіспеушілігі айқын аңғарылып отыр. Аймақта 278 дәрігер жетіспейді. Облыстың кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында ведомствоаралық комиссияның шешімімен өңірге 108 жоғары білікті маман жіберілетін болды. Делегация құрамында бас мемлекеттік санитар дәрігердің басшылығымен тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің 5 маманы, клиникалық кафедралардан – 10 ғалым, «Батыс Қазақстан медицина университеті» КЕАҚ клиникасынан – 9 резидент, сондай-ақ ресейлік 6 дәрігер болады. Басқа өңірлерде интернатура мен ординатурада білімдерін жетілдіріп, тағылымдамадан өтіп жүрген 122 атыраулық жас маманды індетпен күреске жұмылдырылу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы облыстағы дәрі-дәрмек тапшылығын да жедел шешуді тапсырған болатын. Өткен аптаның соңында Атырауға Алматыдан екі рейспен дәрі-дәрмек жеткізілді. Сондай-ақ Үндістаннан да індетті емдеуге арналған препараттар әкелініп, аудандарға таратылды. Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы Өзбекстаннан дәрі жеткізуді қамтамасыз етпек.Сағынтаевтың ендігі сенері – Арена
Алматыдағы жағдай да күннен-күнге ушығып барады. 13 шілдедегі дерек бойынша, қалада 7 591 адам коронавирус жұқтырған. Індеттен 54 науқас көз жұмды. Шаһардағы эпидемиологиялық ахуалдың кері кеткені үшін Президенттен ескерту алған Бақытжан Сағынтаевтың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Қаладағы провизорлық төсек-орын жетіспеушілігі, дәрі-дәрмек тапшылығы мәселелерін шешудің қамымен әуре. Әкімнің дерегінше, Алматыдағы жұқпалы аурулар стационарларына күнделікті 100-ден астам адам келіп түседі. Инфекциялық ауруларды емдейтін мұндай мекемелердің жүктемесі бүгінде 85 пайызға жеткен. Орын жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін 1 қыркүйекке дейін жұқпалы және уақытша ауруханалардағы орынды 6 мың төсекке дейін арттыру міндеті тұр. Бүгінде Halyk Arena кешенін госпитальға айналдыру бағытындағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Дайындық жұмыстарын арнайы барып қадағалаған шаһар басшысы аурухана науқастарды жақын арада қабылдайтынын мәлімдеді. «Halyk Arena-да 1 мың орынға арналған стационар ашылады. Соның ішінде реанимациялық 60 орын ашылады. Дайындық барысында санитарлық қауіпсіздіктің ең қатаң талаптары ескеріледі. Таза және лас аймақтарға арналған шлюздер мен түнелдер, желдету және залалсыздандыру жүйелері орнатылды. Кезең-кезеңімен медициналық жабдықтар орнатылады. Дәрігерлік бригадалар дайындалуда. Жақын арада бұл жер алғашқы пациенттерді қабылдайды», – деді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ жақында Жарбосынов атындағы урология ҰО-ы базасында 150 орынға арналған инфекциялық стационар ашылмақ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы орналасқан ОҚК корпусында, жұқпалы аурулар ауруханасында да қосымша орындар ашу көзделген. Бұдан бөлек, №4 перзентхананың жаңа ғимаратын пайдалануға беру жұмыстары жеделдетіледі. Психоневрологиялық орталықтағы құрылыс та аяқталуға жақын. Бір айдан кейін бұл жер жұқпалы аурулар стационарына айналады. Осы аралықта басқа да нысандар, атап айтқанда, қонақүйлер, шипажайлар мен жатақханалар дайын болады. «Қабылданған шаралардың арқасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қажетті орындар резерві құрылатын болады», – деп қала әкімі індеттің таралу қарқынынан сескенген тұрғындардың күпті көңілін аз да болса жайландырды. Алматылықтардың алаңдаушылығын тудырған тағы бір мәселе – дәрі-дәрмек тапшылығы. Маусымның соңы, шілденің басында дәріханаларда сағаттап кезек күткен жұрт басқаны былай қойғанда, дене қызуын түсіретін қарапайым дәрілерді таппай сенделген еді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қазір қалада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Фарминдустрия өкілдерімен жиын өткізіп, мегаполиске дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесін талқылаған шаһар басшысы келіп түскен дәрілердің дәріхана сөрелеріне дер кезінде қойылуын, дәрі бағасының негізсіз қымбаттауына жол берілмеуін тапсырды. Өткен аптада қалаға Ресейден препараттардың ірі партиясы келеді. Шамамен 55 тонна дәрілік заттар, соның ішінде коронавирусқа қарсы препараттар – ыстықты түсіретін дәрілер және антикоагулянттар бар. Шілде айының соңына дейін Алматыға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 4,2 млн қаптамасы әкелінбек. Қала әкімдігінің дерегінше, дәріхана желілері және дистрибьюторлық компаниялармен қол қойылған меморандум аясында Алматының барлық аудандарындағы 105 дәріханаға өте қажет препараттардың 41 түрі тұрақты жеткізілуде. 1 шілдеден бастап дәріханалар әлеуметтік маңызы бар 581 мың дәрі-дәрмек қаптамасын алған. Бүгінде 105 дәріхана мен жеткізушілердің қоймаларында 1,8 млн қаптамадағы қажетті дәрі-дәрмектер бар. Десе де, қала басшылығы мұнымен шектелмей, дәрі-дәрмектің тұрақты қорын жасау жөніндегі жобаны қолға алды. Дәрі-дәрмек жеткізушілерді 6-8 ай мерзімге пайызсыз несиелендіру үшін 5 млрд теңге бөлінді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұл – дәрі-дәрмектерді ағымдағы баға бойынша сатып алып, нарықтың құбылмалы жағдайына байланысты біртіндеп пайдалануға беру үшін жасалған шара.Көлгінов кадр тапшылығын қалай шешеді?
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Алматыдан кейінгі үшінші орынға бас қаламыз жайғасқан. Маусымның соңында елордада індет күрт өршіп, коронавирус және пневмониямен күн сайын 400-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған еді. Кесірлі кесел қаладағы жедел жәрдем қызметіне айтарлықтай салмақ түсіріп, тұрғындардан аптасына 28 мың өтініш түскен-ді. Мамандардың айтуынша, бір тәулік ішінде шақыртулар саны 4,5 мыңға дейін жеткен. Дегенмен карантин жарияланып, шектеу шаралары күшейтілгелі қаладағы эпидемиологиядық ахуал біршама оңалып келеді. Жедел жәрдем стансасына хабарласушылар саны біршама азайып, күніне шамамен 2 мыңға жуық қоңырау қабылдануда. Наурыз айында карантин басталған уақытта елордада індет жұқтырғандарды қабылдайтын тек қана үш стационар болса, бүгінде олардың саны 13-ке жеткен. Ал провизорлық төсек-орындар саны 1 мыңнан 3 700-ге дейін көбейді. Алайда бүгінде қаладағы емдеу мекемелерінің 87 пайызы толған. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов егер эпидемиологиялық жағдай өзгерген жағдайда, қосымша мыңнан астам орын ашылатынын айтты. Қала әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соңғы күндері Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында 240 төсек-орынға арналған инфекциялық стационардың жеке блогы ашылды. №1 көпбейінді аурухана жұқпалы аурулар стационарына толығымен қайта жабдықталған. Ramada Plaza қонақүйі базасында 500 қосымша төсек-орын орналасқан. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер үшін қосымша перинаталдық орталық ашылды. Ал пневмониямен ауыратын науқастарды емдеумен айналысатын медициналық мекемелердің саны 1-ден 7-ге дейін артты. «Эпидемиологиялық ахуал асқынған жағдайда біз тағы 1,5 мың орынға резерв дайындадық. Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы базасындағы жатақхана мен қонақүй науқастарды қабылдай алады. Сонымен қатар төтенше жағдай кезіне дайындалған қосымша нысандар бар. Ол үшін арнайы жабдықталған 800 медициналық төсек сатып аламыз. Алдағы күндері қалаға 200, 500 флоуметрлерден тұратын 50 өкпені жасанды желдету аппараты, 500 оттегі концентраторлары, компьютерлік томографтың екі жиынтығы келіп түседі. Осы айда қосымша 15 өкпені жасанды желдету аппараты алынды», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Ал маман тапшылығы мәселесі оқу орындарының түлектерін көмекке тарту арқылы шешілмек. «Қазір бізде 3 500 дәрігер бар. Сонымен бірге, 8 мыңға жуық медбике жұмыс істеп жүр. Әрине, бүгінде дәрігерлерге үлкен салмақ түсуде. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау министрлігімен арнайы жоспарды бекіттік. Сол жоспарға сәйкес, оқу орындарының түлектері көмекке тартылатын болады», – деді елорда әкімі. Биыл астанадағы медициналық колледждерді 270 студент тәмамдаған. Олардың барлығы дипломын алып, арнайы дайындықтан өтті. Бүгінде жас мамандардың біразы дәрігерлерге көмектесуге кірісіп кеткен. Сонымен бірге, медициналық академияның түлектері де жұмысқа жұмылдырылатын болады. Ақтөбе облысында да індетпен күреске медициналық оқу орындарының түлектері індетпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлер қатарына қосылды. Бүгінде өңірде 2 800-ге жуық медицина қызметкері кесірлі кеселге шалдыққандарды емдеуде. Сонымен бірге 100-ден астам оқытушы-профессор қызметке кірісті. Ал Маңғыстау облысының емдеу мекемелеріндегі кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін аймаққа Ресейден және еліміздің өзге өңірлерінен 56 маман аттанды. Атап айтқанда, 42 дәрігер-интерн, Ресейден 9 маман және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінен 5 ғалым жіберілді. Аталған мамандарды облысқа алдыру үшін Серікбай Трұмовтың тікелей араласуымен аталған мамандарды облысқа алдыру бойынша жұмыстар басталып кетті. Коронавирус жұқтырғандар және пневмонияға шалдыққандар саны көбейген өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға енді сол мамандар күш салмақ. Оларды аймаққа алдыру үшін біраз тер төккен облыс әкімі Серікбай Трұмов алыстан ат арытып келген ақ халаттыларға үлкен үміт артып отыр. Жағдай ушығар болса, әкім халықтан да, Президенттен де алғыс алмасы анық.