423
Митинг мәдениеті қалыптаса ма?
Митинг мәдениеті қалыптаса ма?
Былтыр Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президенттің Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жоспарды орындау аясында бейбіт жиындар туралы заң жобасы әзірленгенін айтқан болатын. Қ.Тоқаев осы отырыста Үкімет заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу керек деп тапсырған.
«Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келді. Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті. Бірақ митинг өткізу тек өз құқы емес, жауапкершілік екенін де түсінген жөн», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Жақында Парламент «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң жобасын бекітті. Бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен реттеу мәселелерін қарастыратын жаңа заң қоғамдық қауіпсіздікке басымдық береді.
Заң қабылдау барысында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия, Сингапур, Жапония, Швеция және Ресей сияқты елдердің аталған саладағы заңнамалары мұқият зерттелді. Демократияны ту еткен әлемнің көптеген бейбіт елі митингті ұйымдастыру және өткізуде қауіпсіздік мәселесіне баса мән береді. Тіпті, демократиялық елдердің кейбірінде әлемдегі қоғамдық-саяси жағдайдың ушығуына байланысты бейбіт митинг өткізу жөніндегі заңнамасын біршама қатаңдатқан.
Халықаралық Túrkistan газеті жаңа заңның еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі алар орны туралы сарапшылардың пікірін білген болатын.
Мадина БЕКТЕНОВА, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:
Мемлекеттің демократиялық қағидаларға деген жауапкершілігін көрсетті
– Бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы либерализациялау және жетілдіру қажеттілігі туралы 2019 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. Ал 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ол заң жобасының әзірленгені және оны Парламент қарауына беру керектігі туралы айтылды. «Митингілерді өткізу – ол тек құқықтық мәселе ғана емес, ол ең алдымен жауапкершілік», – деп Мемлекет басшысы бұл тұрғыда өзінің ұстанымын айқын білдірді. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған. Заң жобасын таныстыру сатысында еліміздің бірнеше қалаларында қоғамдық тыңдаулар мен пікірталастар өтті. Сонымен қатар Мәжілістегі жұмыс тобының қызметіне танымал қоғам қайраткерлері, заңгер мамандар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысты. Заң жобасы көптеген ашық талқылаудың арқасында Мәжіліс пен Сенаттың ауқымды жұмысының нәтижесінде маңызды тұжырымдамалық өзгерістерден өткенін Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева да ерекше атап көрсетті. Сонымен бірге заң жобасын ашық әрі сындарлы талқылау үдерісі халықаралық ұйымдар тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Заң жобасының негізгі міндеті – азаматтардың бейбіт жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттер өткізу бойынша конституциялық құқығын іске асыру, сондай-ақ олардың өткізілуі мүмкін арнайы орындарды айқындау. Бұл жерде бейбіт жиналыстар өткізу үшін енді рұқсат алу форматынан хабарлама тәртібіне көшу қағидасының орын алуы демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретінін атап өткен жөн. Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның негізгі артықшылықтарына журналистер іс-әрекетіне қатысты барлық шектеулер алынып тасталуын, жиын өткізу пайдасына презумпция қағидасының енгізілуін, пикетті қауіпті инфрақұрылым нысандарының маңынан өзге кез келген жерде өткізуге болатыны жөнінде нормалардың енгізілуін жатқызуға болады. Сондай-ақ жиындар мен митингтерді өткізу үшін орталықтардан арнайы орындар саны белгіленді, олардың саны аудандардың әрқайсысында үштен кем болмауы керек. Одан басқа, бейбіт жиналыстарға қатысушылардың заңнама талаптарын бұзуы бейбіт жиналыстарды тоқтатуға негіз бола алмайтыны туралы ереже бекітіліп, митингті ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға жеке қорғаныш құралдарын, мәселен, медициналық бетпердені қолдану құқығы қарастырылды. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының қабылдануы мемлекеттің демократиялық және либералдық қағидаларға деген жауапкершілігін және азаматтық қоғаммен сындарлы диалогтың айқын үлгісін көрсетті. Асхат САДЫРБАЙ, Team Qazaqstan жастар қозғалысының көшбасшысы:Саяси жүйені реформалау саласындағы маңызды қадам
– Былтыр желтоқсан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы қазіргі саяси жүйені реформалау саласында маңызды қадам жасау қажеттігін, заңды және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын әрі рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керегін айтқан болатын. Жаңа заң жобасы қоғамның ашық талқылауына түсіп, жан-жақты зерттелді. Бүгінгі заман талаптарына сай реттелген жаңа заң нәтижелі диалогтың нақты мысалы екенін көрдік. Жақында қабылданған «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң Президент саяси реформаларындағы маңызды бастамалардың бірі деуге болады. Жаңа заңның ерекшелігі – бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органның келісімін алу және митинг өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы көзделген. Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне енгізілген өзгерістер мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге оң ықпал етеді. Демократиялық қоғамның азаматтары ендігі жерде кез келген мәселені ашық және еркін жеткізе алады. Осыдан 20 жыл бұрын қабылданған ескі заң бойынша митинг өткізу үшін бірінші кезекте рұқсат алу керек болатын. Жаңа құжатта бейбіт жиынға қанша адам қатысатыны, қандай мәселе көтерілетіні және қайда өтетіні алдын ала ескертіледі. Сонымен қатар ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қаралып, журналистердің құқығы мен міндеттері белгіленді. Бұл мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте қажет.