Дулат Исабеков: Абайды зерттеушілер трафаретті ойлардан арыла алмай келеді

Дулат Исабеков: Абайды зерттеушілер трафаретті ойлардан арыла алмай келеді

Дулат Исабеков: Абайды зерттеушілер трафаретті ойлардан арыла алмай келеді
ашық дереккөзі
468
– Төтенше  жағдай кезінде қал-жағдайыңызды сұрап, көңіл күйіңіз­ді білейік деп едік... – Біз ескі жигули сияқтымыз ғой. Бір жерін жөндесе, екінші жері бұзылады. Оны жөндесең, үшінші жері шығады. Осылай өзімізбен-өзіміз әлек болып жатқан жайымыз бар. Індетке байланысты қалыптасқан жағдай көңіл күйімізді түсіріп жіберді. Қоршаған ортамен, қоғаммен бұрынғыдай емен-жарқын қарым-қатынас болмағаннан кейін де адам өзінен-өзі жүнжіп, қожырап кетеді екен. Жарайды, жазушы біздер әйтеуір қағазға үңілеміз-дағы, сонымен өзімізді өзіміз құтқарамыз. Ал жазбайтын адамдар не істейді? Айналдырған 2-3 бөлмелі үйде төрт қабырғаға қарап отырғаны, ешқайда шықпай жатады. Құдай ақырын берсін, бұл да өтер, кетер. Абай айтқандай, баяғыдай көрінер бәрі де. – Карантин жағдайында үйде отырған жұрттың бос уа­қыты көп қазір. Бұл оқ­шау­лану әсіресе, қалам ұста­ған қауым үшін бір жағы жа­зуға таптырмас мүмкіндік емес пе?! Өзіңіз не жазып жа­тырсыз? – Иә, карантин деп бәріміз үйде қа­малып отырмыз. Тіпті, немере-шө­берелерімізді үйге кіргізбейтін жағ­дайға жеттік. Үй баққан адам не іс­теуі керек? Мен басқа адамдарды біл­меймін, бірақ жазушының жағ­дайы басқаларға қарағанда сәл жеңі­лірек шығар деп ойлаймын. Өйт­кені олар қашанда жалғыз­дық­ты жақсы көретін жандар ғой. Жаңа бір пьесаға кіріспекші едім. Со­ны бастау қиын болып жатыр. Ен­ді қалай болғанда да осы бір ай­дың ішінде бітіру керекпін деп ой­лаймын. Шығармаларды түрткілеп, бір­деңе жазғандай болып жүрмін. Өз басым оқымай қалған кітаптар­ды оқып, жазушылар қандай жаңа шы­ғармалар жазды екен, әдебиетке қандай жас жазушылар келді екен, олар несімен ерекшеленеді екен де­ген ниетпен 2-3 кітапты оқып шық­тым. Жас жазушылардың аяқ алысына өзім риза болып отырмын. Биыл Абайдың 175 жылдығына арнап көптеген мақала жарық кө­ріп жатыр. Соның бәрінде Абай­ды кемеңгер дейміз, данышпан дейміз. Сол мақалалардың көбісін оқып шы­ғып, өзім іштей қанағаттанбай отыр­ған жайым бар. Қарап отыр­сам, стандартты, трафаретті ойлар­дан ары аса алмайды. Өйткені ма­қа­ла авторлары, жазушылар, ақын­дар, абайтанушылар Абайдың несі­мен данышпан екенін ашып көр­се­те алмай жатқан сияқты. Абай не­сі­мен құнды? Несімен данышпан? Тек өлеңдерімен, қара сөздерімен ға­на данышпан ба? Абай фи­ло­со­фия­сын әлемдік философиямен са­лыс­тыру керек. Мен осы жолда өте көп кітап оқыдым. Сонау Сок­рат­тан бастап Платон, Аристотель, Се­нека, одан кейін Пушкин. Пуш­кин мен Абайдың өзі бір тақы­лет­тес ақын ғой, өздері ағайынды адам­дар тәрізді көрінеді маған. Бұл Пушкиннің 10 томдық шығарма­сын бір емес, бірнеше рет оқып шық­қаннан кейінгі түйген ойым. Пушкин өзіміздің ауылдың баласы сияқты болып кетті ғой қазір. Абай айдалада, сонау Жиде­бай­да жатып Сократпен бірдей фи­ло­софиялық тұжырымдар жа­са­ған. Әлемдік әдебиетті Абай әрине, оқи алмады. Өйткені Сократ та, Платон да латын тілінде жазды, ал кейінгі Се­нека көне грек тілінде жазған адам. Олардың бәрін Абай оқыған жоқ. Бірақ соған қарамастан Сок­рат­та, Сенекада бар ең асыл ойлар­дың бәрі Абайдан  табылады. Абайдың философиялық ой­ла­рының әлем философтарымен қа­тар шыққаны, солардың ойларын мына Семейдің даласында жатып қай­талауы, бұл ненің құдіреті? Се­мей кітапханасы деген кішкентай ғана жұпыны кітапхана. Оның бәрін Абай тауысып оқи алмайды және Оразбай сияқтылар Абайға кітап оқыттырып қарап отыра ма? Абайдың өмірі деген арпалыспен өткен. Ағайын арасындағы талас,  руаралық бақталастық, тай­та­ластар, бақай есеп, барымта дауы. Ал Сократ, Платон, Аристотель, Сенекалар туғаннан философия де­ген ұлы теңізге шомылып өскен кә­сіби адамдар. Ал олармен еш­қан­дай байланысы болмаса да, Абай сол ойларды қалай қайталады? Мі­не, осының бәрін тізіп, көлемі 30 бет­тік «Пушкин, Абай және басқа­лар» деген үлкен мақаланы жазып бі­тірдім. Еңбекті жазып бітірген соң өзім де бір жеңілдеп қалдым. Осының бәрін ертең Құдай қаласа газетке беремін. Қазір күнде сол мақаланы қарап шығамын, ұмыт­қан бір сөзімді қосамын. – Мақалаңыздың түйіні қандай болмақ? – Аристофан қайтыс болғанда Пла­тон егіліп жылап отырып ха­лыққа көңіл айтқан. Кеше ғана ұры­сып-таласып жүрген Арис­то­фан туралы: «Поэзия музасы аспан­да ұзақ уақыт бойы қалықтап ұшып жүрді. Ол өзіне бір қасиетті қона­тын ұя (храм) іздеді. Ақырында ол ондай үлкен храмды Аристофан­ның кеудесінен тапты. Содан кейін де ол ұлылардың ұлысы болып шық­ты» деген. Поэзияның музасы жер таңда­май­ды. Сахара ма, Африка ма, Евро­па ма, Греция ма, бәрібір. Сол ұшып жүріп қазақ даласына да келген болуы мүмкін. Поэзия музасы ұзақ іздеп жүріп Абайдың кеудесіне қон­ған болуы керек. Осылайша поэ­зия музасы Абайдың кеудесіне ұя сал­ған. Данышпандық үлкен бір адам­ға ғарыштан келген қасиет болуы ке­рек. Өйткені Абай заманында да, оған дейін де ұлы болуға дайын, ұлы деп атауға лайықты адамда­ры­мыз болды. Ал бірақ олардың кеу­де­сіне ондай муза қонбаған сияқты. Абайдан басқалар да ұлы ақын бо­лып қалды. Бірақ Абай сияқты да­нышпандықтың ғарыштық биі­гіне көтеріле алмады. Міне, осы тұр­ғы­дан келіп Абай несімен да­ныш­пан деген сұраққа жауап бер­ген болдым.

Әңгімелескен

Арайлым  ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары