28 Қараша, 15:12 291 0 Аймақ Túrkistan Gazeti

Түркістан – қазақтың алтын тәжі

Түркістан атауы бергісін айтсақ күллі қазақ үшін, арғысын айтсақ  түгел түркі жұрты үшін қастерлі ұғым. Түркі әлемінің әрбір перзенті осы бір қасиетті өлкені атамекен, тарихи түп кіндігім деп есептейді.  Түркітілдес халықтардың рухани астанасы атанған шаһардың атағы заманында шартарапқа тарады. Қазақ хандығының негізгі орталығы да осы қасиетті өлкеде өркендеп, қанат жайды. Бүгінде Түркістан уақыт талабына сай қайта түлеп, туысқан халықтардың рухани және тарихи ошағы іспетті маңызды аймаққа айналып келеді. Осы орайда Елбасының Түркістан мен түркі әлемі туралы әр жылдарда айтқан сөздерінен үзінді ұсынып отырмыз.

Сонау алыс замандардың өзінде біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі Шығыс әлеуметі имандай ұйитын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Сол дәстүрден айнымау – біздің де парызымыз. Өйткені біз­дің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүк артылып отыр. Білекке білек, жүрекке жүрек, тілекке тілек қоса білсек, сонда ғана алда тұрған сын белестен абыройлы өте аламыз.

Н.Назарбаевтың  Түркістанға Өзбекстан президенті

Ислам Каримов сапармен келгенде айтқан сөзі, 1992 жыл 

 

Түркі халықтары жұмылған жұ­дырықтай болып біріккен кезде гео­саяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастар­да қайдағы бір енжар, ынжық эле­мент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады.

Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабынан, 1999 жыл

 

Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. Біз­дің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңіз­ге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүр­гізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос жә­не мол рухани қазына қалдырды. Тұң­ғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңы­рақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде сөйлеген сөзі,

Әзірбайжан, Нахчыван қаласы, 2009 жыл

 

Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады.

Түркістан, 2016 жыл

 

Біз бүкіл түркі халқының ата жұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қа­зақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін, біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жыл­дың ішінде қазақ деген халық өзі­нің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, ді­нін, дәстүрін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылы біз өзі­міздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіз­дердің бабаларыңыз атажұрттан бері қарай жылжыған кезде Түркі қағанатының ішінен түрік деген атты өздерімен алып кетті. Қазірге дейін түр­кінің ішінде жігіттің сұлтаны, ең жақ­сы жігіт қандай дегенде «қазақ» дей­ді. Сол қазақ – бізбіз.

Елбасы Н.Назарбаевтың

Түркиядағы сөйлеген сөзі, Анкара, 2012 жыл

 

Қазақ даласы – Ұлы Түркі дүниесі­нің қара шаңырағы. Алтай мен Атыраудың, Жайық пен Іленің, Алатау мен Са­рыарқаның арасын Жібек жолы жал­ғаған кешегі заманды біз қайта тү­летіп жатырмыз. Еуразияның алып да­ласы Еуропаның төріне, аспан асты еліне жолын жалғап, жаңа мыңжылдықтың керуенді көшін ұзартып, көркін асырып келеді. Кешегі Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады.

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың ұлағаттары» кітабы, 2016 жыл

 

ХХ ғасырда қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен ты­ғыз байланысты болғанын білеміз.

Н.Назарбаевтың Түркістанды облыс орталығына

ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойғандағы сөзі, 2018 жыл

 

Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Естеріңізде болса, 2000 жылы қасиетті Түркістанның  1 500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы деректерде күлтөбеден табылған археологиялық жәдігерлер оның кемінде 2 мың жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеп отыр. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі айтулы оқиғалардың бел ортасында жүрген тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хан­дығының бас ордасы болды. Ел тағ­дыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде ұлт болашағына байланысты көптеген шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, түркі жұртына ортақ қасиетті мекен.

Алғаш ел егемендігін алған жылдары Түркия мемлекеті біздің тәуел­сіз­дігімізді мойындап, ел басқарған басшы­лармен осында Ахмет Ясауи университетін құрған болатынбыз. Түркістан талай ғасырлар бойы Қап тауынан Қашқарияға дейін мекен еткен халықтар зиярат етіп келетін қастерлі орын. Былтыр Түркі мемлекеттері Түркістанды «Түркі дүниесінің мәдени астанасы» деп жариялады. Осыған орай, Түрксойдың қолдауымен мұнда 40-тан астам ауқымды шара өткізілді. Осының барлығы бізді бүгінгі шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауға себеп болды.

Елбасының Түркістан облысының тұрғындарымен

жүздесуінде сөйлеген сөзі, 2018 жыл

 

Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны өте бөлек. Ол бүкіл Орталық Азия­дағы ең көне қалалардың бірі. Түр­кістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан ас­тамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы.

Елбасының Түркістан облысына ресми сапармен барған кездегі сөзі, Түркістан, 2018 жыл

 

Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Ал­тай­дың алар орны ерекше. Осынау ас­қар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жері­нің тәжі ғана емес, күллі түркі әле­мінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біз­дің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы,

Нұр-Сұлтан, 2018 жыл

 

Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.

... Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы,

Нұр-Сұлтан, 2018 жыл

Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды болашақ астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізді қолдайды деп сенемін.

Елбасының Түркістан жұртшылығымен кездескен кездегі сөзі,

Түркістан, 2019 жыл

 

Әзірлеген

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар