1 Қараша, 23:45 617 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

 «Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» мерекелік іс-шара өтті

1 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстанның дүнгендер қоғамының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» атты мерекелік іс-шара өтті.

Достық үйінің шаңырағының астында өткен дүнген этномәдени бірлестігінің мәдениеті мен дәстүрлері күнімен құттықтаған ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев:

«Тұрақтылық пен гүлденудің негізі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен осындай тамаша достық пен бірлік мерекелерін өткізу жақсы дәстүрге айналып отыр. Этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті, рухани-адамгершілік құндылықтарды, бейбітшілік пен достық қағидаттарын нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуге аянбай жұмыс жасауда. Өйткені, бірлік болмаса, бейбітшілік пен келісім болмаса өлшеусіз термен, қыруар қажыр-қайратпен жасалып жатқан елімізді өркендету жолындағы еңбектің бәрі де бекер болар», - дей келе, дүнгендердің Қазақстанға қоныс аудару тарихы жайлы да айтып өтті.

Хуэйцзу немесе дүнген халқы 140 жыл бұрын қазақ жерінен жаңа қоныс тапты. Тарихқа сүйенсек, дүнгендердің қазақ жеріне алғаш қоныс аударуы ХIХ ғ. 70-ж. соңы мен 80-ж. басынан Цин императорлық династиясының дүнгендерге қысым көрсетуінен бастау алады. Дүнгендер өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің әлдеқашан қалыптасқан дәстүрлерін әкелді.

Бүгінгі күні елімізде 72 мыңнан аса дүнген тұрады. Жамбыл облысында – 58560, Алматы қаласында – 10340, қалған өңірлерде аз.

«Дүнген этносының өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясында        (8 ҚХА мүшесі), ҚР Парламенті Мәжілісінде (Хахазов Шакир Хусанович), әкімдіктерде, білім, ғылым және денсаулық сақтау ұйымдарында кеңінен танылғандығын» атап өткен Жансейіт Түймебаев, қызықты мәліметтерге толы баяндама барысында Қазақстандағы мақтан тұтар дүнгендер жайлы, өткен жүзжылдықта танымал болған дүнгендердің бірі – мемлекет қайраткері  Мағазы Масанчи жайлы да айтып өтті.

Бүгінде Қазақстанда, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 100-ден астам ұлттың әрқайсысының құқықтары мен мүмкіндіктері бірдей және олар өз ұлтының мәдениетін сақтап, дамытып қана қоймай, жалпыұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейді. Дүнген халқының салт-дәстүрі мен өнері бір ғасырдан астам уақыт бойы көпұлтты Қазақстан мәдениетінің өрнегін толықтыруда.

«Қазақстандағы алғашқы дүнген этномәдени бірлестіктері 30 жыл бұрын құрылып, қазіргі уақытта олар еліміздің мәдени және саяси өмірін жақсартуға белсенді атсалысып келеді. Бұл орайда, «Қазақстанның дүнгендер қоғамы» республикалық этномәдени бірлестігінің рөлі ерекше. Дүнгендер қоғамы жанында «Чунтян» («Көктем») фольклорлық ансамблі, «Гунян Теву» («биші қыздар») би тобы және жастар қанаты жұмыс жасайды. Қауымдастық қолдауымен Жамбыл облысында Қазақстандағы дүнгендер тарихының мұражайлары, Масанчи ауылында 140 жыл бұрын Қазақстан Республикасы аумағында дүнгендерді жылы қабылдаған Қазақ халқына алғыс ескерткіші ашылды. Бүгінгі күні қауымдастық көптеген қызықты шаралар ұйымдастырып, Дүнгендер мәдениетінің күндерін өткізеді. Өздерінің Қазақстанда өмір сүруінің 140-жылдығын да өте жоғары деңгейде атап өтті», - деген Жансейіт Түймебаев аталған шараға қатысушылар арасынан танымал дүнген өкілдерін көрген қуанышын жасырмады.

Мерекелік іс-шара аясында «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» суреттер көрмесі, Қазақстан дүнгендерінің ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі, «Шеберлер қаласында» ұлттық тағамдар жасаудан, кесте тігуден және шашты сәндеу үлгілерінен шеберлік сыныптары және дүнген шығармашылық ұжымдарының концерті ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру;  Қазақстандық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру.

Соңғы жаңалықтар