30 Шілде, 14:47 431 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Бүгінгі күннің қаһарманы – дәрігер

Бұл күндері дәрігер туралы пікір көп ел арасында. Біреулер жерге сыйғызбай мақтап жатса, екіншілері  жерден алып, жерге салып даттап, қаралап жатады. Өмірдің өзі солай ғой. Адамның ала-құласы болғаннан кейін, дәрігерлердің арасында да кемшіліктер, мінезі ыңғайсыз, тіпті дөрекі дәрігерлер табылады. Көпшілік қой. Бірақ бір-екі дәрігер сондай екен деп барлығына күйе жағу орынсыз болар. Осындай ой үстінде отырғанымда есіме ертеректе бір басылымнан оқыған мына бір оқиға еріксіз ойға келді.

...Түн іші. Беймезгіл уақытта сақа дә­рігер-хирургтың үйіне телефон шалынады. Ауруханадағы кезекші жас хирург асып-сасып: «Аға, сіздің көмегіңіз керек. Машина жібере­міз. Тезірек ауруханаға жетпесеңіз, ауыр жарақатпен түскен ауруға ота жа­сау­ға менің батылым жетпей тұр. Тәжі­рибем де шамалы екенін білесіз  ғой. Көмегіңіз ке­рек, аға...».

– Жарайды, мен қазір өз көлігіммен же­темін. Сен ауруды дәрігер-анесте­зио­лог­қа көрсет те,  ота бөліміне көтере  бер, – деп дәрігер-хирург тез жинала бастады.

Ота бөліміне енгенде операция сто­лында өңі шүберетей боп-боз жас жігіт сұ­лық жатыр еді. Тізбектерден көк тамы­рына дәрі-дәрмек тамшылап тұр.

– Аға, тезірек қолға алмасақ, қан қы­сы­мы төмен, жүрек соғысы тым жиі, жо­ғал­тып алу қаупі мол, – деп анестезио­лог науқасқа жедел интубация жасап, тыныс беру  аппаратына қосып жатыр.

– Эритроциті мен гемоглобині қандай екен? Қан көп жоғалтқан секілді.  Қан ор­талығымен хабарласып, эриторцитарлық масса және тоңазытылған плазма (қан са­рысуы) алдырыңдар. Ота жасауды уақыт жібермей біз бастай берейік, – деп сақа хирург  шапшаң қимылдап, тез-тез қол­дарын жуып, үстіне стерильді халат іліп, қолдарына резеңке қолғап  киіп отаны бас­тап кетті. Операция күрделі болып, оны аяқ­тағанша біраз уақыт өтті. Әбден сілік­песі шығып отаны аяқтаған хирургтар ақ желеңдерін шешіп, маңдайынан сор­ғала­ған терді сүртіп терезеге қараса, түн түң­лігі түріліп, бүкіл әлем нұрға бөленіп, таң сібірлеп атып келеді екен.

– Отаның протоколын өзім жазамын. Сен­дер аурудың  жағдайына қараңдар. Қан қысымын қадағалап, бақылап тұрыңдар. Қажетті дәрі-дәрмектерді еш аямаңдар, жас жігіт екен. Ота ұзақ болса да орынды өтті, енді оның өмірін қалайда сақтап қалуы­мыз керек, – деп тәжірибелі дәрігер-хирург әріптестеріне нұсқау беріп, үйіне жиналды. Ота бөлімінен сыртқа шығар есік алдында тұрған адамдарға еш көңіл бөл­мей, сұрақтарына  жауап қатпай, тез-тез басып сыртты беттеп, асығыс кете барды.

– Мына дәрігер қандай мейірімсіз, мә­дениетсіз, қатыгез жан. Біздің сұрағымызға бір ауыз жауап бермей, бір сәт бөгелмей, қа­сымыздан селт етпей өте шықты. Өзінде адам­ға деген қасиет, сезім, жүрек бар ма?  Мұн­дай тасжүрек дәрігер де болады екен-ау-ә?! – деп даурыға, шу етіп, ашу-өкпелерін ай­тып жатқан әлгі топқа таяп қалған жас дәрігер:

– Кешіріңіздер. Ағамызды бекер сөгіп, ба­лағаттап жатырсыздар. Ол ортамыздағы ең тәжірибелі маман-хирург, адамгершілігі ж­оғары, мәдениеті мол, сыйлы дәрігер. Ке­ше оның кенже қызы жол апатына тү­сіп, өкінішке қарай, содан көз жұмды. Бүгін жерлеу рәсімі. Сондықтан, уақыт тап­шылығынан,  ағамыз сіздермен сөй­лесуге мүмкіншілігі болмады. Ол әріптесі­міз басына түскен ауыр қайғысын жеңіп, бар жұмыс-тіршілігін жиып тастап, түн ішінде келіп, өзі ота жасап бергеніне рақ­мет айтыңыздар. Оны дұрыс түсініңіздер. Басқаша болуы да мүмкін еді ғой. Егер олай болмағанда не істер едік? Жүріңіздер, ординаторлар бөлмесіне. Барлық жайды түсіндіреміз...

Бұл бір дәрігердің өмірінде болған бір ғана оқиға. Байқаған боларсыздар, ауру үшін, оның денсаулығын сақтап, ажал тырнағынан арашалап қалу үшін олар барлық  дүниені ұмытуға дайын. Тіпті, өзі­нің басындағы қайғы-қасіретті де сы­дырып тастап, уақытпен санаспай, қа­жетті дәрігерлік жәрдем беруге қол созады. Дәрігерлік парыз, таңдаған мамандығына адал болу  деген, сірә, осы болу керек.

Денсаулығы сызат берген, абайсызда жа­рақат алған адам дәрігердің көмегіне жүгі­неді. Ондай жанын шүберекке түйіп кел­ген кезде «Бірінші Құдайға, екінші Сізге се­ніп келдім, дәрігер. Көмегіңізді аямаңыз. Көрер жарығымды ұзарта көріңіз», – деп жалынып-жалбарынатындары  рас.

Дәрігердің алдына шипа іздеп келген жан­ға ең әуелі жылы сөз, жайдары қабақ ке­рек. Қабағынан қар жауып, дөрекі мінез көрсеткен дәрігер мен науқас арасында өзара түсініспеушілік, сенімсіздік пайда бо­ла­ды.  Әрбір дәрігер адам жанын түсіне­тін жақсы психолог болғаны дұрыс: кім­мен қалай сөйлесу, орынды жерде әзіл-қал­жың айтып, аурудың көңілін жадыратып, бойын­дағы  уайымын сейілткені жөн. Дәрі­гердің кейбір науқаспен бірге қина­лып, оның емдеу жолын іздеп, мазасы ке­те­тін, жүйкесі  сыр беріп, түн ұйқысы қаша­тын (әсіресе, күрделі ота жасаған  хи­рург­тардың, гинекологтардың) кездері аз емес.

«Дәрігерлік – сананы сарғайтатын аза­бы да, жаныңды жадыратар ғажабы да мол ұлы мамандық» деуші еді ақтөбелік белгілі хи­рург, профессор, академик, марқұм На­маз Ізімбергенов. Шынында солай, ауруға  деген шипагерлік еңбегің ақталып, науқас ауруынан айығып, аяғына тік тұрып, отбасына кетіп бара жатып: «рақмет сізге, дәрігер!»  деп ризашылығын білдіріп жатса, дәрігердің көңілі тасып, мәртебесі өсіп қа­лады. Ал ісі керісінше болып жатса, ауру­мен және оның жақындарымен бірге жаны күйзеледі, көңілі жабырқайды, жүйкесі жұқарады, ұйқысы қашады, тіпті, кейде ауыр депрессияға шалдығады.  Не дегенмен онда да жүрек бар, сезім бар, жүйке бар, жан бар.  Әлгі «бұл қазақ мың өліп, мың тірілген» дегендей, дәрігер де аурумен бірге қиналып, бірге қуанады.

Кесірлі кеселден қалай сақтанамыз деп ха­лық үрейленіп жүрген кезде Жамбыл облыстық көпсалалы аурухана әкімдік шешімімен уақытша инфекциялық ауру­ха­наға айналдырылды. Өйткені уақыт та­ла­бы солай болды. Жұқпалы аурулар ауру­­ханасы, облыстық фтизиопу­льмо­нология емдеу орталығы және де қаладағы басқа емдеу орындарында орын тапшы бо­лып, пневмонияға шалдыққан  нау­қастар топ-топ болып күндіз-түні түсіп жатты. Аурухана ұжымының дәрігерлері мен мейіргерлері, санитарлар және де бас­қа қызметкерлер қолдарын қусырып қа­рап отырмай, бірден басқа қатаң ка­ран­тиндік режимге, жұмыс тәртібіне осылай тез арада көшуге мәжбүр болды. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерге түскен салмақ ауыр еді. Сол жанкештілік­пен еңбек еткен, өздеріне төніп тұрған індеттен еш тайсалмай, ауыр науқастарды ажал тырнағынан арашалап жүрген  ме­дицина қызметкерлерінің бірнешеуін әң­гі­меге тарттық.

 

Эрнест БАҚАЕВ, дәрігер-анестезиолог:

Бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағзаның ауруы

–Шындығымды айтайын, бастап­қыдан, аурухана карантинге жабылысымен үйімізге бармай, аурухана жанындағы пансионатта, қонақүйлерде қонып жүрміз. Ал­ғашқыда науқастар үсті-үстіне толассыз келіп жатты. Таңның қалай атып, кештің қа­лай батқанын, қай күн, сағат неше еке­нін білмейтінбіз. Екі-үш  сағаттан ғана ұйықтап жүрдік. Адам қатты стресс кезін­де ұйқыны да ұмытады екен. Ұйқың келеді, бірақ көзіңді жұмған сәтте хал үстіндегі науқас «көмектесші маған, дәрігер» деп көздері жәудіреп, саған қарап тұрғандай болады. Көрдік, бұл індетті туғызатын пәле, өте жауыз вирус екен. Ағзаға түс­кеннен кейін тез арада шығып болмайды. Енді тәуір болып келе жатыр дегенде қайта бас көтереді. Адамның психологиясына кері әсер етеді. COVID-19 қоздыратын пнев­монияға шалдыққандарда қорқыныш сезімі басым болады. Жанарынан үрей көресің. Кірпігін қақпастан саған қарап: «Мені мына тажалдан  аман алып қалшы!» дейді. Өңменіңнен өтіп кететін ондай жа­нарды бірінші рет осы жерде көрдім. Бұл дертке шалдыққандар ұйықтамайды. «Ұйық­тайын десем, біреу қылғындыратын секіл­ді» деп үрейленеді. Қаны қоюлана­тыны, өкпесіне су жиналатыны тағы бар.

Пневмония – аурудың жалпы атауы. Бі­рақ бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағза­ның ауруы. Бүйрек, бауыр – бәрі зар­дап шегеді. Қант диабетімен ауыратын, бұ­рын инсульт алған, жүрек инфарктымен  ауыр­ған  адам болса, науқасты алақанға сал­ғандай күтеміз. Көп нәрсе адамның өзі­не де байланысты. Кей адамдар бірден үрей­ге бой алдырады. Ал енді біреулер көңі­ліне мүлде күдік кіргізбейді. Аурудың ырқына көнбей, қасқайып қарсы тұрады. Ақыры ауруын жеңіп шығады.

Вирус науқастың бойындағы өзге ау­руларын қоздырып, соның салдарынан ажал шеңгелінен құтылмағандар да өте көп болды. Алдымызға өзіміздің  әріптес­тері­міз – дәрігерлер, фельдшерлер және де бас­қа таныстар қиналып түсіп жатты. Олар­дың қазасын көру қиын екен. Кей­бірін өлді деуге де қимайсың. Ақырғы сәт­ке дейін үмітпен қызмет еттік. Әттең, бар­лығы біз ойлағандай бола бермейді екен. Тағдырға қарсы келу мүмкін емес­тігін, дәрменсіздігімізді мойындап, жүре­гіміз езіліп ауырған сәттер аз бол­мады. Бұрын мінезім қатты деп ойлаушы едім, бұрыннан таныс, белгілі әріптестерімнің көз алдымда шейіт болғанын есіме түссе, көз жасым тыйылмайды.  Қасіретке, қай­ғыға, өлімге қарсы келетін ешқандай дү­ние жоқ екен... Алдымызға келетін әр нау­қастың отбасы, туыс-жақыны бар. Соны ойлап, тезірек сауығып кетсе екен деп тілейсің. Қай дәрігердің де, медбикенің де арманы – науқасты аяғына тұрғызып жіберу. Осындай қиын сәтте бізге қатты қолдау танытқан еріктілерге, қарапайым қала тұрғындарына ұжым атынан алғы­сым шексіз. Қиын кездегі кішкентай қол­дау жүрегіңе жылу, бойыңа күш-қуат бе­реді.

 

Бағила  ДӘУРЕНБЕКОВА, мейіргер:

Дәрігер өзі қажып тұрса да, науқасын ойлайды

– Біз қызмет ететін Жамбыл облыстық көп­салалы аурухананы басқа аурухана­лар­да орын жетпей қалған кезде инфек­ция­лық ауруханаға айналдырғанда көбіміз таң­ғалыс білдіргеніміз рас. Аурухана қыз­меткерлерінің ол сәтте індетке шалдыққан науқастарды  қалай емдеу керек екені жай­лы түсініктері аз болатын.  Өйткені олар жұқпалы аурулармен бұрын-соңды ке­зіккен емес және тәжірибелері жоқтың қасы. Алғашқыда қиындықтар аз болмады, науқастармен бірге қиналдық, жүйкеміз сыр беріп, жүрегіміз ауырды, ұйқымыз қаш­ты, дәрменсіздігімізді мойындап нау­қастармен бірге іштей жыладық, бірақ сабыр­лыққа  салынып, барлығына төздік. Уақыт өте келе ауыр жұмысқа да үйрендік.  Қазір жұмыс сәл де болса бір жүйеге түсіп қалды. Науқас саны да күннен-күнге  азай­ғандай. Әрине, қиын кездер болды. Бір мез­гілде бірнеше адамның халі нашарлап жа­тады. Ауысымнан шыққан кезде қасы­мыз­дағы қыздарға көмек керек болады. Тастап кете алмайсың. Қанша жерден қи­налсам да «жұмыстан кетемін» деген ой ба­сыма келмепті. Бізден ем, көмек сұрап келгендерді көзің қиып қалай тастап кете­сің? Ешкім мәжбүрлеген жоқ, бұл ма­ман­дықты өзіміз таңдадық емес пе?

Әріптестеріме өте ризамын. Бір де бі­реуі «шаршадым» демеді. Ауырып жүрсе де жұмысын адал атқарды. Кезекшіліктен шы­ғып, «менің сағатым бітті, демалуым керек» деп кетіп қалған ешкім болмады. Күні­не  отыз-қырық  науқас түсіп жатты. Ви­рус­тық пневмониямен ауырып, тынысы тарылып, демі жетпей түскен жағдайлары ауыр науқастар өте көп болды. Оларды дер кезінде оттегі тізбегіне қоспасаң, тұншы­ғып қалуы әбден мүмкін. Зыр жүгіріп жү­ріп,  қолдан келген жәрдемімізді аямадық.  Езіліп, егіліп отыратын уақытымыз болған жоқ. «Қиындықтың бәрін жеңіп шығамыз», – деп тырыстық.

Пендешілік қой, денің сау мамыражай кезде «айлығымды алған соң мынаны са­тып аламын», «осылай істегім келеді», «ке­зекті демалысымда басқалар ұқсап шетелге шығып, демалғым келеді» деп ылғи бірнәр­сені жоспарлап, қиялға орын беріп, алға  талпынып жүресің. Бірақ денсаулығың бол­маса, бәрі де жайына қалады екен. «Бас­ты  байлық – денсаулық» деп қазақ атам бекер айтпайды екен. Ең басты нәрсе – денсаулығың, отбасыңның бүтіндігі екенін біл­дім. Өз басым пандемияның «арқа­сын­да» бақыт деген тым қарапайым нәрселер­ден тұратынын ұқтым. Тезірек бұл аты жа­ман ауыр індеттен ел-жұртымыз құтыл­са екен, мамыражай «бейбіт» заман орнаса екен.

Кезінде орыстың ғалым-дәрігері  Н.Петров «Дәрігер ауруға өзінің білгенін ғана бермейді, ол сонымен қатар өзінің жақсы ішкі сезімдерін, тілектестігін, жүректегі  сезім­талдығын береді»  деген екен. Көріп отыр­сыздар,  дәрігер болу, медбикелік ма­ман­дыққа өмірін арнау кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін таңдаған сол мамандығыңды сүю керек, беріле ең­бек ету керек. Жастарға, мектептің жас тү­­­лектеріне айтарым, мамандық таңдар алдын­да қателікке ұрынбағанымыз жөн. Ой­ланып, толғанып, үлкендермен, маман­дар­мен ақылдасып, ой таразысына салып бар­ып қана болашақ  мамандығыңды таңда.

Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеу керек: Бірінші – өзіңе өмірлік серік, жар таңдаудан. Екінші – бағыңды ашатын, әр­дайым жүрегіңді жылытып, рахат сезімге бөлейтін, күш-қайрат беретін  мамандық таңдаудан. Егер осы екеуі бір адамның бойынан табылып жатса – ол ең бақытты жан. Осы есіңізде болсын!

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау саласының үздігі,

 Журналистер одағының мүшесі

Соңғы жаңалықтар