Шығыс Қазақстанда өзара ықпалдастық меморандумына қол қойылды
Шығыс Қазақстанда өзара ықпалдастық меморандумына қол қойылды
Кеше Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Жуда Басюнимен кездесу өткізді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы хабарлады.
Аталмыш кездесу барысында екі жақ ортақ ықпалдастық, атап айтқанда, маман алмасу, теологиялық білім алуға бел буған жастарды аталмыш университетте білім алуға бағыттау сұрақтарын талқылады.
«Нұр Мүбарак» ислам мәдениеті университетінің ректоры Жуда Басюнидің айтуы бойынша, Қазақстанда ислам дініне бет бұрған жастардың қатары артып, университет қабырғасында оқып жүрген шығысқазақстандық студенттердің білімге деген құштарлығы қуантады.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары студенттерді оқуға жіберуге дайын екендіктерін жеткізіп, тек биылғы жылдың өзінде Шығыс Қазақстаннан 35 студент жіберілгенін және оның 4-еуі оқуларын аяқтаған соң облыста жұмыс істейтінін айтып өтті.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда 310 діни ұйымдар тіркелген. Оның 198-і яғни, 64 пайызы мешіттер. Қазіргі күні 8 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Мешіттерде барлығы 210 имам қызмет етуде, оның 13-і аталмыш университет түлектері.