12 Наурыз, 19:32 411 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

Қазақстандық сержанттар алғаш рет АҚШ-та бақ сынады

Еліміздің Қарулы Күштерінің сержанттары Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволары арасындағы 2020 жылға арналған әскери байланыс жоспарына сәйкес сержанттар құрамының әскери қызметшілері арасында өтетін жыл сайынғы «Үздік жауынгер-2020» байқауына қатысты.

Аризон штатындағы «Хуачук» әскери базасында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің атынан 50-ге жуық әскери қызметші қатысты. Қазақстандық тарап бұл сайысқа алғаш рет шақырылды.

– Аталған сайыс сержанттар құрамының кәсібилігін арттыруға, Қазақстан және АҚШ ведомстволары арасындағы халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ әскери жарыс түрлерін ұйымдастыру және өткізу мәселелерінде шет елдік армиялардың тәжірибесін алуға ықпал етеді. Сонымен қатар, әлем елдері бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің сержанттық құрамының дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов.

Сайысқа қатысушы әрбір үміткерге күш, шыдамдылық, қару-жарақпен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдылары, ұрыс алаңында бағдарлай білу, жауынгерлік жағдайда жеке құрамды басқару, биіктіктегі қорқынышты жеңу, тығыз қарым-қатынас орнату сынды талаптар қойылды.

Қазақстандық команда құрамында «үздік сержант» атағын алуға Бүкілармиялық сайыстың, сондай-ақ әскери халықаралық ойындар аясында өткізілетін «Әлем жауынгері» халықаралық конкурсының жүлдегелері қатысты. Олардың қатарында Бүкілармиялық сайыстың бірнеше дүркін жеңімпазы, көпсайыстан 1-разрядты иемденген рота сержанты аға сержант Нұрбол Дәулетов пен «Әлем жауынгері» халықаралық сайысының бірнеше дүркін жеңімпазы сержант Ертілек Бекболатов бар. (2018 жылы 1 орын, 2019 жылы 3-орын).

Сондай-ақ қатысушылар арасында дене шынықтыру дайындығы бойынша тестілеу ерекше қызығушылық тудырды. АҚШ Қарулы Күштерінде сержанттық құрамға және жалпы әскери қызметшілерге дене шынықтыру дайындығы бойынша талаптар жауынгерлік іс- қимылдарды жүргізудің қазіргі заманауи іс-қимылдарға сүйене отырып ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар