Алматы метросында жолаушылардың бірін тексеру кезінде сөмкесінен оқ-дәрілер табылды. Оқиғаға байланысты жас жігіт полицияға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Алматы метрополитенінің "Бауыржан Момышұлы" станциясында болған. Қауіпсіздік шаралары аясында жолаушылардың жүгі тексеріліп жатқанда, полиция қызметкерлері бір азаматтың жол сөмкесінен күмәнді заттарды байқаған.
Рентген-телевизиялық қондырғы арқылы жүргізілген тексеру нәтижесінде сөмкенің ішінен 5,45 миллиметр калибрлі 29 оғы бар қорап анықталды. Осыдан кейін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылған. Оқ-дәрі алып жүрген жас жігіт мән-жайды анықтау үшін Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды.