Рекорд: америкалық әйел шошқаның бүйрегімен бір жыл өмір сүрді

/
Рекорд: америкалық әйел шошқаның бүйрегімен бір жыл өмір сүрді
cурет: WMUR-TV/YouTube

АҚШ-та 58 жастағы әйел гені өзгертілген шошқаның бүйрегімен бір жылдан астам уақыт өмір сүрді. Бұл – жануардың бүйрегі адам ағзасында осыншама ұзақ жұмыс істеген алғашқы жағдай. Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нью-Хэмпшир штатының тұрғыны Молли Фалкоға шошқаның бүйрегі 2025 жылғы 22 қарашада Бостондағы Massachusetts General Hospital ауруханасында салынған. 

Бұған дейінгі рекорд 271 күн болған. Ол да шошқаның бүйрегі салынған америкалық Тим Эндрюске тиесілі еді. Алайда ағзаның жұмысы нашарлағаннан кейін дәрігерлер бүйректі алып тастауға мәжбүр болған.

Моллидің жағдайы өзгеше. Шошқадан алынған бүйрек оның қанын зиянды заттардан тазартып, несеп түзеді және ағзадағы су мен минералдардың тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Ең бастысы, әйел бір жылдан бері диализге мұқтаж емес.

Молли бала кезінен бүйрек ауруымен ауырған. Трансплантацияға дейін 11 ай бойы диализге тәуелді болғандықтан, оның күнделікті өмірі айтарлықтай шектелген.

Қазір ол қайтадан көлік жүргізіп, үйінде тамақ дайындап, достарымен кездесуге мүмкіндік алған. Тіпті дәрігерлер оған Рождество мерекесінде Колорадодағы туыстарына баруға рұқсат берген.

Бір қызығы, Молли өзіне салынған шошқа бүйрегін «Лили» деп атап кеткен. Бұл атауды операциядан кейін туыстары жіберген лалагүлдердің құрметіне қойған.

«Бүйректің әлі де жұмыс істеп тұрғанына күн сайын таңғаламын. Оны мүмкіндігінше ұзақ сақтағым келеді. Ал егер өмір бойы жұмыс істесе, бұл керемет болар еді», – дейді әйел.

Дегенмен Моллидің денсаулығы толық қалпына келген жоқ. Ол әлі де тез шаршайды, кейде ентігеді. Сондай-ақ жаңа ағзаның қабылданбай қалуына жол бермеу үшін иммундық жүйені тежейтін дәрілер қабылдайды. Бұл препараттар инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

Мұндай операция ксенотрансплантация деп аталады. Яғни бір биологиялық түрдің ағзасын екінші түрге көшіру. Адам ағзасы шошқаның бүйрегін бірден қабылдамауы мүмкін болғандықтан, ғалымдар донор жануардың гендеріне алдын ала өзгерістер енгізген.

Моллиге салынған бүйрек eGenesis биотехнологиялық компаниясы әзірлеген. Оны алу үшін шошқаның геномына 69 өзгеріс жасалған. Бұл өзгерістердің мақсаты – иммундық жүйенің жаңа ағзаны қабылдамай тастау қаупін және жануардан адамға вирус берілу ықтималдығын азайту.

Операцияны жүргізген дәрігерлердің бірі Леонардо Риелланың айтуынша, бұл нәтиже шошқаның бүйрегі адам ағзасында ұзақ уақыт жұмыс істей алатынын көрсетеді.

«Бұрын біз шошқаның бүйрегі адам ағзасында мүлде жұмыс істей ала ма деп сұрайтынбыз. Енді оның қаншалықты ұзақ қызмет ете алатынын зерттеп жатырмыз», – дейді дәрігер.

АҚШ-та бүгінде 90 мыңға жуық адам донорлық бүйрек кезегінде тұр. Ал күн сайын орта есеппен 12 адам өзіне қажетті ағзаны күтіп жүріп қайтыс болады.

Ғалымдар шошқадан алынған ағзалар болашақта осы тапшылықты азайтуы мүмкін деп үміттенеді.

2027 жылдың алғашқы тоқсанында eGenesis компаниясы 33 адам қатысатын ауқымды клиникалық сынақты бастауды жоспарлап отыр. Зерттеу АҚШ-тың он медициналық орталығында жүргізіледі деп күтілуде.

Дәрігерлер алдағы бірнеше жылда технологияның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеп, шошқа бүйрегін трансплантацияда кеңінен қолдануға рұқсат алуға үміттенеді. Алайда оның бес жыл ішінде барлық науқасқа қолжетімді болатынына әзірге кепілдік жоқ.

Мамандардың айтуынша, Моллидің жағдайы медицинадағы маңызды жетістік болғанымен, шошқа ағзаларын адамға көшіру әлі де тәжірибелік емдеу тәсілі саналады. Енді ғалымдар мұндай бүйректердің бірнеше жыл бойы қауіпсіз жұмыс істей алатынын анықтауы керек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары