Алматы облысында ер адам дүкенге қасақана от қойып, қашып кеткен

/
Алматы облысында ер адам дүкенге қасақана от қойып, қашып кеткен
"Жетінші арна"

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында күндіз дүкенді өртеп кеткен 42 жастағы ер адам ұсталды. Күдікті оқиға алдында көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін шешіп алған. Кейін сауда нысанына белгісіз сұйықтық шашып, от қойған, деп turkystan.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, оқиға күндіз болған. Ер адам алдымен автокөлігінің мемлекеттік нөмірін алып тастап, дүкеннің алдына келген.

Бұдан кейін ғимаратқа белгісіз сұйықтық шашып, оны өртеген. Оқиғадан соң полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, көп ұзамай ұстады. Ол Ұзынағаш ауылының 42 жастағы тұрғыны болып шықты.

Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдиннің айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Бөтеннің мүлкін қасақана өртеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол 42 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты", – деді полиция өкілі.

Тексеру барысында ер адамның автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны да анықталған. Осы құқық бұзушылығы үшін сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Ал дүкенді өртеу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды", – деп мәлімдеді Ернар Сайділдин.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары