"Ғалам аруы – 2026" байқауында алғаш рет баласы бар әйел жеңімпаз атанды

/
"Ғалам аруы – 2026" байқауында алғаш рет баласы бар әйел жеңімпаз атанды
instagram.com/jenniferbarretopr

"Ғалам аруы – 2026" (Miss Universe 2026) халықаралық сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды. Биыл бас жүлдені 27 жастағы Пуэрто-Рико өкілі Дженнифер Баррето жеңіп алды. Ол байқау тарихында ана атанып, кейін "Ғалам аруы" тәжін иеленген алғашқы әйел болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байқаудың финалы 24 қарашада Пуэрто-Рико астанасы Сан-Хуан қаласында өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген арулар бақ сынаған жарыста қазылар алқасы Дженнифер Барретоны жеңімпаз деп таныды.

27 жастағы Дженнифер Баррето психолог әрі әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Ол Пенелопа есімді қыз тәрбиелеп отыр. Барретоның жеңісі халықаралық сұлулық байқауы тарихындағы ерекше оқиғаға айналды. Себебі ол ана атанғаннан кейін "Ғалам аруы" атағын жеңіп алған алғашқы қатысушы болды. Сонымен қатар Дженнифер Баррето Пуэрто-Рико тарихында осы мәртебелі атаққа қол жеткізген алтыншы ару атанды.

Салтанатты рәсімде Барретоға жеңімпаз тәжін былтырғы "Ғалам аруы", Мексика өкілі Фатима Бош табыстады. Ақ алтыннан жасалған тәж 3150 гауһар таспен көмкерілген. Биылғы байқаудың үздік бестігіне Пуэрто-Рикодан бөлек, Филиппин, Жаңа Зеландия, Венесуэла және Доминикан Республикасының өкілдері кірді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл халықаралық сұлулық байқауына 110-нан астам ел мен аумақтан 117 қатысушы келген. Олардың арасында 10 ана, магистр дәрежесі бар 22 әйел және бес дәрігер болған. Байқаудың финалдық кешін тележүргізуші Марио Лопес пен 2022 жылғы "Ғалам аруы" Р'Бонни Габриэль жүргізді. Дегенмен жарысқа дайындық барысында бірқатар қиындық туындаған. Атап айтқанда, Африкадан келетін кейбір қатысушылар визалық шектеулерге байланысты байқауға бара алмаған. Ал Франция өкілі дайындық кезінде жарақат алған.

Финал барысында ұйымдастырушылар келесі, 76-шы "Ғалам аруы" байқауының да Пуэрто-Рикода өтетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, халықаралық сұлулық байқауының ережелері өзгергеннен кейін тұрмыс құрған және баласы бар әйелдердің қатысуына мүмкіндік берілген. Дженнифер Баррето осы өзгерістерден кейін жеңімпаз атанған алғашқы ана ретінде тарихқа енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары