Мәскеуде Елбасы көрмесі ашылды

Мәскеуде Елбасы көрмесі ашылды

Мәскеуде Елбасы көрмесі ашылды
ашық дереккөзі
М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Н.Назарбаев – Еуразия интеграциясының сәулетшісі» көшпелі көрмесі ашылды. Көрме Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге жұмыс сапары аясында өтті. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін, сондай-ақ жаңа жаһандық өлшемде осы идеяның перспективалық дамуын жан-жақты көрсету. – Көрме тұңғыш рет Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы тарихында ерекше орын алатын Мәскеу мемлекеттік университетінде өтіп жатыр. 1994 жылы дәл осы ғимаратта Н.Назарбаев алғаш рет өзінің Еуразиялық интеграция идеясын ресейлік ғылыми қоғамдастық алдында айтқан болатын. «Н.Назарбаев – Еуразия интеграциясының сәулетшісі» көрмесінде Елбасының жеке мұрағатынан алынған бірегей құжаттар, оның қолжазбалары, еуразиялық интеграцияны жүзеге асыру тарихы мен кезеңдерін көрсететін мемлекеттік қызмет барысында жасаған жазбалары ұсынылған. Көрмеде Елбасының мемлекеттік марапаттары ерекше орын алады. Бұл Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы еңбегін жоғары бағалаудың нышаны, – деп атап өтті Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жинағында жинақталған және жүйеленген архивтік, кітап, заттық кешендер Қазақстан мен Ресей екіжақты қатынастар тарихы, Еуразиялық интеграция идеясының дүниеге келуі, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы екі ел ынтымақтастығы жөнінде бірегей зерттеушілік, талдамалық, мәдени-ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңын жасақтайды.