АтажұртЖаңалықтар

Жаңа заң: Еліміз «оралман» атауынан бас тартпақ

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. 

2019 жылғы 11 желтоқсандағы бірінші оқылым кезінде депутаттар тарапынан айтылған пікірлер ескеріле отырып, заң жобасы одан әрі жетілдірілді. Заң жобасымен 9 кодекске және 21 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

«Жағымсыздау атауға айналған «оралман» сөзінің орнына, алдағы уақытта «қандас» атауы қолданылатын болады. Қандастарымызға елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігін беру қарастырылып отыр. Бұған дейін олар екі рет құжат жинап тапсыруға мәжбүр еді. Сондай-ақ елімізде 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқықбұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этникалық қазақтарды қосу көзделіп отыр. Бұл түзетуде қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуын жеделдетуге септігін тигізеді», – деді депутат Кәрібай Мұсырман.

Депутат шетел азаматтарын Қазақстан аумағынан шығару тәртібін жеңілдету шарасына тоқталды.

«Депутаттар ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін жол жүру құжатын енгізуді ұсынды. Себебі соттардың шешімімен елден шығарылуға тиісті жүздеген шетелдік ешқандай жарамды құжатының болмауына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмай, полицияның қабылдау орындарында мемлекеттік бюджет есебінен тегін тұрып жатыр», – деді К. Мұсырман.

 

Back to top button