Семейде жас геологтардың далалық олимпиадасы өтпек

/
Семейде жас геологтардың далалық олимпиадасы өтпек

8–15 шілде аралығында Семей қаласындағы «Геологиялық барлау колледжі» базасында II Республикалық жас геологтардың далалық олимпиадасы өтпек.

Олимпиаданың мақсаты – жастарды ерте кәсіби бағдарлау, оқушылардың геология ғылымына қызығушылығын арттыру, геологияны іргелі және қолданбалы ғылым ретінде насихаттау. Сонымен қатар бұл олимпиада дарынды оқушыларға қолдау көрсету, геоэкология мен жер қойнауын ұтымды пайдалану мәселелеріне назар аударту, сондай-ақ өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, достыққа және туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді көздейді.

Олимпиаданы ұйымдастырушы – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «АПГО РК» ЗТБ және «КОНГ» ҚБ қолдауымен құрылған «Жас геолог» корпоративтік қоры.

Қордың негізгі қызметі – жас геологтардың республикалық олимпиадаларын ұйымдастыру және өткізу, ел өңірлерінде геологиялық үйірмелер желісін дамыту, сондай-ақ жастар арасында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу.

Олимпиада демеушілері – Kazakhmys, ERG, Kazzinc, Yer-Tai, Геокен, «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясы» АҚ, «Эмбамунайгаз» АҚ,« ProLabSupport» ЖШС, Solidcore Resources компаниялары.

Қазір Қазақстандағы тау-кен және геологиялық барлау салалары геология саласындағы білікті мамандардың тапшылығы байқалады. Олимпиада ұйымдастырушылары бұл мәселені шешу үшін жастарды кәсіби даярлаудың кешенді әрі жүйелі тәсілін қалыптастыру қажет деп есептейді. Ал кәсіби бағдарлаудың ерте кезеңде басталуы бұл үдерісте шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда балалар мен жасөспірімдер арасындағы геологиялық қозғалысты дамыту – болашақ мамандарды қалыптастырудың маңызды әрі уақтылы қадамы.

Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен 16 команда қатысады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары