268
Италияның 16 млн тұрғыны бар солтүстік аймағы карантинге жабылды
Италияның 16 млн тұрғыны бар солтүстік аймағы карантинге жабылды
Италия билігі коронавирус инфекциясы өршіп тұрған елдің солтүстік аймағын карантинге жапты, деп хабарлайы ВВС.
Оқшауланған өңірінде 16 млн адам тұрады. Бұл аймаққа кіріп-шығу жолдары жабылды. Шектеу шараларын енгізу туралы Италияның премьер-министрі Джузеппе Конте жариялады. Бұл шаралар Ломбардияның бүкіл әкімшілік аймағына, сондай-ақ елдің басқа аудандарындағы 14 провинцияға да қатысты.
Бұдан бөлек, туристер жиі саяхаттайтын Милан және Венеция қалалары да карантинге жабылады. Ел үкіметі басшысының айтуынша, бұл тек осы аймақтарға кіріп-шығуға тыйым салу ғана емес, сонымен қатар карантин аймағындағы қозғалысқа да шектеу қойылған. Мұражай, тау шаңғысы курорты, бассейн, спорт залдары, түнгі клубтар және бұқаралық немесе мәдени шаралар өтетін басқа да орындар жабылады. Мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істейді, алайда келушілер бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта отыруы тиіс деген талап қойылып отыр. Барлық спорттық шара көрерменсіз өтуі қажет.
Карантин режімін бұзғаны үшін үш айға дейін қамауға алу қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы дерек бойынша Италияда коронавирус жұқтырудың 5 900-ге жуық дерегі тіркелді. 230 адам көз жұмды.
Еске салсақ, «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы» қаулыға өзгерістер енгізілді. Қаулы мәтініне сәйкес, Италия COVID-19 коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдер тізімінде 1 б) санатқа жатқызылған.