Жеміс тасымалына тыйым салынды – Қытай санитария нормаларын бұзған

Жеміс тасымалына тыйым салынды – Қытай санитария нормаларын бұзған
Қазақстан 2 наурыздан бастап Қытайдан кейбір жеміс түрін алып келуді уақытша тоқтатты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты жеміс-жидек пен дақылдардың тасымалына тыйым салынған.
aikyn.kz сайты жазған мақалада бұл тыйымды енгізуге ҚХР-дан Қазақстан аумағына кіргізілетін өнімдерде «карантиндік обьектілердің» жүйелі түрде анықталуы негіз болып отырғаны айтылады. Айта кетейік, мемлекеттік инспекция комитеті ҚХР-дың Бас кеден басқармасының атына карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде халықаралық және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификация жолдаған. Яғни, талап фитосанитарлық шаралар жөніндегі Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес жасалуда.
«ҚХР карантиндік қызметі АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті жолдаған ресми хабарламаны қарастырып, әрекет ету шараларын күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, Қытай тарапы жүйелі сипатта орын алған бұзушылықтар жекелеген жеміс-жидек бақшаларының карантиндік объектілерге қарсы алдын алу шараларын жүргізбеуіне байланысты екенін анықтады», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, былтыр ел аумағына Қытайдан карантинге жатқызылған өнімді алып кіруде 52 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 7 карантиндік организмдер, 22 фитосанитариялық сертификатсыз өнімді кіргізу жағдайы, 13 карантинге жатқызылған өнімнің орамасында таңба болмауы, 3 фитосанитариялық талаптардың бұзылуы, 4 фитосанитариялық сертификаттың сәйкессіздігі және 3 карантинге жатқызылған өнімнің тексеруге ұсынбау жағдайы тіркелді. Нәтижесінде, карантинге жатқызылған өнімдер (12 мың тауар бірлігі) кері қайтарылып, 2 млн теңге көлемінде 27 айыппұл салынған.