1872
Ғалымдар дабыл қақты: Арктиканың озон қабаты тесілгелі тұр
Ғалымдар дабыл қақты: Арктиканың озон қабаты тесілгелі тұр
Арктиканың озон қабаты жұқарып, тесілудің аз-ақ алдында тұр. Ресей ғалымдары осылай деп дабыл қағуда, деп хабарлайды РИА Новости.
"2020 жылдың наурыз және сәуір айларында озон қабатының жұқаруы ең төменгі деңгейге жетеді деп болжап отырмыз. Яғни, озон қабатының қалыңдығы 30-40 бірлік Добсонға (өлшеу бірлігі) дейін жұқармақ. Ал озон қабатының негізгі қалыңдығы 260 бірлік Добсонға тең. Бұған дейін озон 220 бірлік Добсонға дейін ғана жұқарған еді", - дейді ФГБУ "ЦАО" ғалымдары.
Мамандардың айтуынша, Арктикадағы озонның бұлай жұқаруына биыл мұз басқан аймақтың стратосферасында ең суық температураның кесірінен пайда болған поляр құйыны әсер еткен.
Озон қабаты – жерге келетін ультракүлгін сәулеге тосқауыл қоятын қорғаныш қабық. Ғалымдардың айтуынша, егер ол жұқарса, жерге түсетін ультракүлгін көбейіп, радиация таралады. Бұл адам денсаулығына өте зиян.
Айта кетейік, соңғы рет озон қабатының жұқаруы 2011 жылы болды. Ол кезде жер бетіне радиация тарап, Солтүстік жарты шар аймақтары мен Мәскеуге дейін жеткен болатын. Енді ғалымдар озон қабаты жұқарған кезде, күн бұлтты болса екен деп тілеп отыр. Өйткені бұлтта ультракүлгін сәулені кері шағылыстыра алатын қабілеті бар.