Елбасы төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі Бюросының мәжілісі өтті

Елордада Елбасының төрағалығымен Nur Otan партиясының Саяси кеңесі бюросының мәжілісі өтті. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтында хабарланды.

Мәжілісте Бюро мүшелері партияның 18 наурызда өтетін Саяси кеңесінің күн тәртібін талқылады.

Отырысты ашқан Елбасы партиялық қайта жүктеу бағдарламасының және «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуын  жоғары бағалады.

– Партия басшылығы, Мәжіліс және мәслихат депутаттары елдің ортасына, шалғай ауылдарға баруы керек. Тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, мәселелерін шешуі қажет.  Осы мәселелердің барлығы өңірлік партия бағдарламаларында көрініс табуы тиіс, – деді партия Төрағасы.

Сонымен қатар, Бюро мәжілісінде елдің барлық аймақтарында биылғы жылдың 30 наурызы мен 16 мамыры аралығында партияішілік сайлау өткізу туралы шешім қабылданды.

– Бұл партияның ең мықты және сенімді мүшелерін анықтауға мүмкіндік беретін тиімді шара деп есептеймін, – деді Елбасы.

Отырыс қорытындысы бойынша праймериз өткізу ережелерінің жобасын алдын ала мақұлдаған Бюро қаулысы қабылданды. Ережелер Саяси кеңес отырысында бекітілмек.

Сондай-ақ, жиында 2025 жылға дейінгі жемқорлықпен күреске бағытталған партиялық бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі жол картасы бекітілді.

 

Back to top button