300
Анкарада Абай жылы басталды
Анкарада Абай жылы басталды
Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай салтанатты іс-шара өтті.
Аталған іс-шара Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің қолдауымен әрі Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының және Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Көркемөнер тобының қатысуымен жүзеге асырылды.
Басқосуға келген қонақтарды қазақстандық студенттер қара жорға биімен қарсы алды.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы алғысөзінде Абайдың қазақ халқының руханияты үшін тарихи тұлғалығы төңірегінде сөз өрбітті. «Оның шығармаларында ұлттық болмысымыз, өміріміз, дүниетанымымыз, мінезіміз, тіліміз, дініміз және рухымыз көрініс тапқан» деп сөзін жалғастырған елші А.Сапарбекұлы Президент Қ.Тоқаевтың интеллектуалдық ұлт болу Абайдан басталады деген ой-пікірлері мемлекетіміздің басты мұрат-мақсаты болып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ биыл жыл бойы Түркияның басқа да университеттерінің қолдауымен Абай жылына орай іс-шаралар жалғасын табатынына үміт артты.
Салтанатты жиын студенттер арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты білімпаздар сайысымен жалғасын тапты. Сайысқа қатысушылар Абай тақырыбы бойынша танымдық деңгейін көрсетіп, жүлдегерлер сыйлықтармен марапатталды. Айта кетелік, жарыста бірінші болып, озып шыққан университеттің 4-курс студенті Элиф Атлыға Қазақстанға саяхат туры табысталды.
Жиын барысында Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Анкара мемлекеттік түркі әлемі шығармашылық тобы концерттік бағдарламасын ұсынып, залға жиналған 800-ге жуық көрермен Абайдың халық арасында сүйікті әндерге айналған «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» және т.б. әсем әндерін өнерпаздармен бірге шырқады.
Игі шара ғылыми конференцияға ұласып, танымал ғалымдар Абай шығармашылығына қатысты баяндамалар жасады.
Е.ТҰРСЫН
Анкара қаласы, Түркия