Шетелдік жұмысшыларға 3 млн 400 мың теңге жалақы төленген

Шетелдік жұмысшыларға 3 млн 400 мың теңге жалақы төленген
Атырау облысында шетелдіктерге төленген жалақының мөлшері 4,5 есеге көп болғаны анықталды, – деп жазды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, былтыр Бас Прокуратураның тапсырмасымен 43 компанияға тексеру жүргізіліп, жалақы айырмашылығы бойынша 109 дерек анықталған. Сондай-ақ, шетелдік мамандар тарапынан рұқсат етілген міндетін атқаруға сәйкес еместігіне байланысты 167 дерек белгілі болған.
«Тексеру нәтижесімен 364 әкімшілік іс толтырылып, 96 млн теңге айыппұл салынды. Қазірге дейін мемлекет пайдасына 73 млн теңге өндірілді. Айыппұлдың қалған бөлігі өндірілу үстінде. Бұған қоса, шетелдік маманды шақыру үшін берілген 212 рұқсат кері қайтарылды. Осыған байланысты 212 шетелдік Қазақстан аумағынан шығарылды. Сондай-ақ, шетелдік мамандарды шақыруға берілген 50 рұқсат мерзімі біткен соң ұзартылмады», – деді Игілік Әубәкіров.
Оның мәліметінше, қазақстандық мамандар мен шетелдіктер жалақысының үлкен айырмасы байқалған. Мәселен, «Саренс» компаниясының қазақстандық супервайзері 750 мың теңге жалақы алған. Ал, дәл осындай жұмысты атқарған шетелдік маманға 3 млн 400 мың теңге төленген. Айырма – 4,5 есе. Тағы бір дерек, қазастандық инженердің жалақысы 300 мың теңгені құраса, шетелдік инженерге 1 млн 300 мың теңге жалақы есептелген.
«Заңдылықты бұзған компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Бес компания жалақы көлемін бір деңгейге сәйкестендірді. Қалған компаниялар шетелдік мамандар лауазымын қысқартты. Қазір бұл компанияларда шетелдік мамандар жұмыс жасамайды», – деді Игілік Әубәкіров.