Орал мектебіндегі оқыс оқиға: 660 адам эвакуацияланды

Орал мектебіндегі оқыс оқиға: 660 адам эвакуацияланды
Оралда мектептегі оқыс оқиға салдарынан ғимараттан 660 адам шығарылды, – деп жазды ҚазАқпарат.
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті зілзала қауіпін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға бүгін сағат 12.18-де А.Макаренко атындағы №6 орта мектепте болды.
Химия кабинетінің зертханасында сабақ кезінде химиялық реагенттерді пайдалануда қауіпсіздік талаптары бұзылған. Соның салдарынан бу шыққан, дегенмен ол жануға ұласпаған.
Мектеп қызметкерлерімен бірге ғимараттан 660 адам эвакуацияланса, соның 600-і – оқушылар. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына департаменттен 56 қызметкер, 16 техника барды.
«Химиялық реагенттермен жұмыс қауіпті. Өйткені химиялық реагенттер адамдарға қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан жұмыстың бұл түрін сорып алатын шкафта жүргізу басты талап болып саналады. Осы қауіпсіздік шарасы сақталмаған», – деді Е.Төрегелдиев.