303
Павлодар әкімі қоғамдық көліктердегі берекесіздік үшін сөгіс алды
Павлодар әкімі қоғамдық көліктердегі берекесіздік үшін сөгіс алды
Павлодарда автобус жолаушыларын әбігерге салған мәселе реттеліп, тасымалдаушы мен әкімдік келісімге келді. Дегенмен, осы жағдайға байланысты қала әкімі сөгіс алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Айта кетейік, 1 наурыз күні павлодарлық тасымалдаушы өзінің хабарландыруымен жұртты таң қалдырды. Онда былай деп жазылған еді: «Жеңілдігі бар қалалықтар, әкімдікте сіздердің жол ақыңызды төлейтін ақша жоқ, сондықтан оны өздеріңіз төлейсіздер».
Хабарландырудың фотосы әлеуметтік желілер арқылы тарады. Зейнеткерлер таңертеңгі уақыттан бері жол ақысына әдеттегі 40 емес, 80 теңге төлегенін айтып шағымданды. Хабарландыру жарты күн бойы қаладағы 6 бағыт бойынша қатынайтын автобустарда ілініп тұрды. Олар - №1, 1Э, 2, 9, 18, 27 автобустар.
Одан кейін тасымалдаушы әкімдікпен келісімге келгеннен кейін болар, хабарландыруды алып тастап, жеңілдіктер қалпына келді. Ізін ала желілерде «Павлодар автокомбинаты» ЖШС директоры Александр Панченконың бейнехабарландыруы тарады.
«Бүгінгі жағдай орын алмауы тиіс еді. Өйткені, қала әкімімен келісім сәрсенбі күні жасалған болатын. Қазіргі уақытта біздің автобустар күнделікті тәртіпте жұмыс істеуде. Хабарландырулар алынып тасталды, - деді Александр Панченко.
Бүгін оқиға туралы қала әкімінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
- Жеңілдетілген жолақы мен тегін жүру құқығы 17 санаттағы азаматтар үшін сақталады. 2020 жылы қалалық бюджетте тасымалдаушылар шығынын өтеу үшін қаржы қарастырылған. Ол қаржы белгілі санаттағы азаматтарды жеңілдікпен және тегін тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдарға беріледі. 8 тасымалдаушының ішінде бөлінген қаржымен тек №№ 1, 1Э, 2, 9, 18, 27 бағыттарда қызмет көрсететін «Павлодар автокомбинаты» ЖШС келіспеді. Аталған бағыттарда тасымалдау келісімшартқа сәйкес күнделікті тәртіппен жүзеге асуда. Яғни, белгілі санаттағы азаматтар өз жеңілдігін пайдалана алады, - деді баспасөз қызметінде.
Облыс басшысы Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновке қаланың санитарлық тазалау жұмыстарын төмен деңгейде жүргізгені және қарым-қатынас мәселелеріндегі, атап айтқанда, тасымалдаушылар мен тұрғындар арасында үйлестірудің мардымсыздығы үшін сөгіс берді.
Еске салайық, бұған дейін облыс орталығында тасымалдаумен айналысатын павлодарлық фирмалар қала әкіміне ашық хат жазып, 2020 жылдың 1 наурызынан бастап 7 санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктен бас тартатынын мәлімдеген болатын. Олардың арасында зейнеткерлер, екінші топтағы мүгедектер, мектеп жасындағы балалар, көпбалалы отбасының студенті, көпбалалы аналар, 23 жасқа дейінгі жетімдер, студенттер, АӘК алатындар бар.