Рио Олимпиадасына арналған парадтық киім таныстырылды

Рио Олимпиадасына арналған парадтық киім таныстырылды

Рио Олимпиадасына арналған парадтық киім таныстырылды
ашық дереккөзі
240

Қазақстан спортшыларының «РИО-2016» жазғы Олимпиада ойындарында киетін парадтық киімі кеше Астана қаласында таныстырылды. Бұл жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Спортшыларымыздың халықаралық маңызы бар байрақты бәсекеде киетін парадтық және спорттық киімдерді Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина және Сәкен Жүнісбекұлы мүшелік ететін арнайы топ жасақтаған болатын.

Спорттық форманы таныстыру рәсімінде Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов: «Біз осы формаларды тігу үшін Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина және Сәкен Жүнісбекұлы – барлығымыз арнайы кеңес құрдық. Парадтық киімдер қандай болатынын талқыладық. Менің ойымша, форма өте жақсы шыққан. Олардың матасы өте сапалы. Түстерін  аздап қанықтыру керек, сары түсі ашықтау болса деген тілек бар. Мен өзім   екі мәрте Олимпиада ойындарына қатыстым, Ольга да Олимпиадада болды,   біз спортшыларға ыңғайлы болу үшін барлығын ескеруге тырыстық. Ең бастысы спортшы үшін жаттығу кезінде ыңғайлы болғанын қаладық. Бразилиядағы ауа райы да ескерілді», – деді.

Жазғы Олимпиада ойындарына арналған спорттық-парадтық киімдер мен жаттығуға арналған формаларды «ҚазСПО-N» компаниясы жасап шығарады. Компания басшысы Елена Свечникова: «Спорттық киімдерді біз сегіз жылдан бері шығарамыз. Соңғы рет «Сочи – 2014»  Олимпиадасында Қазақстан спортшыларына киім тіккен болатынбыз. Біз ауа  райының өзгешеліктеріне байланысты маталарды түрлі елдерден әкелдік. Бразилиядағы климатқа сай киім тігу спортшылар үшін өте маңызды.  Сондықтан біз ең озық технологиялардың негізінде жасалған әлемге танымал маталарды пайдаландық», – дейді. Сонымен қатар, Елена Свечникова таныстырылған киімдердің алдын ала тігілген үлгілер ғана екендігін және алдағы уақытта парадтық киімдердің түстері өзгеруі мүмкін екендігін де ескертті.

Серіктес жаңалықтары